Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Билік 1204 0 пікір 21 Қараша, 2024 сағат 21:36

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қазылар алқасының 70%-ы шетелдік сарапшылардан тұрады

Суреттер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды.

«Еуразия» кинофестивалі кезекті рет өзінің Орталық Азиядағы ең ауқымды және беделді мәдени іс-шара екенін дәлелдеп отыр. Биыл қазылар алқасының 70%-ын Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Швеция, Марокко сияқты елдерден келген шетелдік сарапшылар толықтырды. Бұл фестивальдің халықаралық деңгейде мойындалғанын және оған деген қызығушылықты айқындайды.

Мәдени шара 24-30 қараша аралығында Алматыда өтеді. Кино әлемінің үздік мамандары – режиссерлер, актерлер, сценаристер мен көрермендер бір алаңда тоғысады. Олар өзара пікір алмасып, заманауи киноның дамуындағы жаңа әдістерді талқылап, өз тәжірибесімен бөлісе алады.

Фестивальдің негізгі байқаулары да ерекше назарда. Халықаралық байқауға әлем кинематографиясының аңызы, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» иегері Нури Бильге Джейлан төрағалық етелі. Қазылар алқасының құрамына сондай-ақ Рано Шодиева, Нада Ажари Гиллон, қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов және қырғыз режиссері Артықпай Сүйіндіков бар. Ал Орталық Азия және түркі әлемі елдері байқауында бақ сынасатын туындылардың  ең үздігін басқа топ анықтайды. Қазылар алқасының төрағасы Ли Баохуа. Оның шығармашылығы негізінен мәдени мұра тақырыбына арналған және киносүйер қауымның көңілінен шығады. Қытайлық режиссермен бірге фильмдерді марокколық Абделила Эль Джаухари, ресейлік Алексей Тельнов және қазақстандық продюсер Жанна Қуанышева бағалайды.

Фестивальге сондай-ақ Азия елдерінің кинематографиясына ерекше көзқарас ұсынатын NETPAC қазылар алқасы қатысады. Олардың қатарында Нина Кочеляева, Гүлбара Толомушова және Андре Рафаэль Иванов бар.

Кинофестивальдің жүлде қоры да көңіл қуантарлық. Ол 20 миллион теңгеден асады. Байқаудың бас жүлдесін жеңген фильм 4 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Бұл отандық және шетелдік кинематографистерді шабыттандыратыны сөзсіз.

Фестиваль аясындағы көрсетілімдер 25-30 қараша аралығында Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтеді. Ең бастысы мәдени шараның кең аудиторияға қолжетімді болуы үшін барлық көрсетілімдер тегін болмақ.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Eurasian Resources Group (ERG), Astana Motors демеушілік етті.

Бас демеуші: Bazis-A халықаралық құрылыс компаниясы.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2031