Өмірдің мәні - даму
(Бүгін Халықаралық философия күні. «Жасанды интеллектімен» философиялық диалог).
Бүгін әлем «философия күнін» атап өтіп жатыр. Әрине, әрбір ел өзінің даналығын, философиялық ойлау потенциалын жеткілікті санайды. Сол қатардан қазақ халқы да табылады. Бірақ, қазіргі кезде біздің ұлттық дамуымыз өзінің ұлттық даналық арнасынан ауытқып, ұлттық табиғатымызға жат идиомалармен шатасып барады. Мысалы, күні кеше Дін басқармасы «Қазақтың «қалың мал» дегені арабтың бір түндік некеге лайықталған «маһр» дегенмен бірдей» деген «пәтуа» шығарыпты деп жатыр... Міне, біздің ұлттық даналығымыз бір жағынан осындай күйге түсіп барады...
Ал, әлем қазір «глобалды философия» мәселелері туралы ойлана бастады... Онда, барлық халықтардың мәдениеті мен даналығы сақтала отырып, адамзаттың «ортақ даналыққа» келу жолдары қандай деген глобалды сұрақтар көтерілуде. Осы бағыттағы зерттеулерде, әлем назары қазақ халқының қысқа‑нұсқа, афористік үлгідегі даналық бастауына қызыға бастады. Біз, өзімізді өзіміз түсінбей жүргенде, өзгелер біздің даналық бастауымызды эталон ретінде «жасанды интеллект» миына құйып үлгеріпті. Төменде сол туралы сөз болады...
Жасанды интеллект және біз
Жақында интернет желісін ақтарып отырып, мына бір жайтқа тап болдым: онда өмірмәндік философиялық сұрақтарға жасанды интеллект жауап беріпті. Сосын, қызығушылықпен оның жауаптарына назар аудардым. Әуелі, «Жауаптардың сипаты қандай?» деген сұрақ тұрды. Жауаптармен таныса келе, оның сипаты заманауи әрі демократиялық сипатта екенін анықтадым... Бұдан шығар қорытынды – қазіргі әлемде енді ғана қарқын ала бастаған «Жасанды интеллект» бастауында ғылым және өркениеттті демократиялық қоғамдардың «көшірмесі» негізге алынады деген тұжырым.
Әлемде диктаторлық, авторитарлық бай мемлекеттер бар. Бірақ адамзатың ақыл‑ойы ойлап тапқан «Жасанды интеллект» мырзаның жауабынан біз «бүгінгі заманда адамзаттың ғылымы мен білімін, адамгершілік құндылықтарын алға сүйреуші локомотиві болып – адам құқы мен сөз бостандығынғ сенім бостандығын басты орынға шығаратын еркін, демократиялық қоғамдар болып табылатыны» белгілі болды.
Тіптен, мұндағы Жасанды интеллектің өзі де демократиялық қоғамдарда өмірге келген «туынды» екенін байқау қиын емес. Ендеше, бүгінде еркін философиялық ой мен оның практикада жүзеге асуы, яғни, ғылым мен білім дамуы «ашық сана» форматында ғана мүмкін десек болады. Ал, қазақ халқының ұлттық санасы ежелден, дәстүрлі түрде «ашық сана» формасы болып табылады. Ол ешбір дінмен шырмалып догмаланбаған сана. Міне, осы негізде философия да, ғылым да, білім де өрісін кеңейте алады.
Жасанды интеллектпен диалог (Бірінші диалог) :
- Өмірдің мәні неде? — Даму.
Иә, қысқа ғана жауап. Адамдар әдетте бұл сұраққа күрделі жауап береді, мысалы, өмірдің мәні – адамның өз мақсатына жетуі, өз қабілетіне сай мамандық табуы, жақсы отбасы құрып, ұрпағын өсіруі және т.т., т.б.
Ал, Жасанды интеллект «Өмірдің мәні – даму» деп бір ғана сөзбен қайырады. Неге? Себебі, адамдар өмірді кезең кезеңге бөліп, оның әр сатысына сай әрекеттерді анықтап, содан кейін, оның әрқайсысына сай «өмір сүру ережелерін» түзіп отырса ғана – өмір мәніне анықтама бере алады. Ал, жасанды интеллектіге ол маңызды емес. Ол «Даму бар ма, жоқ па?» деген жалғыз сұрақты қояды. Сөйтіп, адам үшін өте күрделі философиялық конструкцияны тек бір ғана «Даму» сөзінің аясына сидырып жібереді.
Шынында да, Жасанды интеллект адам қолынан шыққан дүние. Сондықтан, оның бір буыны келесі жаңа буынмен жалғасады. Жаңа буында белгілі бір қосалқы бөлшектер пайда болуы, не, бұрынғының жаңаруы мүмкін. Міне, Жасанды интеллект үшін ол «Даму» болып шығады.
Жасанды интеллект өмір үшін күреспейді. Сондықтан ол өмір мәнін өзіне жасаған жаңа қондырғының болуымен ғана түсіндіреді – «Өмірдің мәні – даму»? Болды, мәселе осымен тұйықталды. Яғни, ол үшін «оның бір «бүйрегін» ауыстыру – даму»! (Әрине, онда бүйрек жоқ қой)
Сондықтан, философ ретінде мен онымен келіспеймін деп шештім... Әрине, «даму – үнемі алға қозғалу, жетілу, өзгеру» деген жалпы мағынаны білдіреді. Алайда, адамзат «даму» сөзінің астарында қандай әрекеттер, қандай мақсаттар жатқанын білуі тиіс. Мәселен, өзің өмір сүріп отырған қоғам мен мемлекетте «даму» қалай жүзеге асады, оны кім жүзеге асырады, ол қандай нәтиже береді? Міне, әрбір адам осы сұраққа жауап таппайынша – «даму» сөзінің мағынасын аша алмайды. Содан барып қателіктерге ұрынады – кей жағдайда, «даму» дегені «кері кету» болып шығады...
Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мысалы, тек қана өз жайын ойлаған авторитарлы билік өз білгенімен қоғам дамуының басты факторларының бір – ауыл шаруашылығын қиратты делік... ...Нәтижесінде «өз күнін өзі көріп», онымен қоймай, бүкіл мемлекетті азық түлікпен және мемлекеттік демографиялық өсімді қамтамасыз етіп отырған тұтас бір жүйе (ауыл) қирады. Ауылдар қаңырап, үйлері құлап, адамдары күнкөріс іздеп қаңғырады... Енді, олар үшін «өмірдің мәні» осы ма еді? Жоқ. Бұл жерде «алға басу» бар ма? Әрине, жоқ. Иә, бұл жерде «өзгеріс» бар, бірақ – «даму» жоқ, тек регресс!
Одан өзге, адамдар «даму» дегенді өз беттерінше түсіндіруге бейім: біреулеріне – өзгерістің болмауы қажет (консерватизм), біреулеріне – өзгеріс қажет (либерализм), біреулеріне – төңкеріс қажет (революция). Бірақ, осы құбылыстардың бәрі бір мезетте, бір жерде жүзеге асуы еш мүмкін емес. Сондықтан да, адамдар «өмір мәні» мен «өмір сүру тәжірибесін» бір біріне байланыстырып қойған. Ендеше, адам өмірінде жоғарыда аталған қажеттіліктердің бәрі де алма кезек кездесіп отырады: алға басу үшін адам, кейде, артқа шегінеді, кейде – радикалды тәуекел қадамдарға барады...
Не мақсатпен? Әрине, даму үшін...
Міне, менің Жасанды интеллектімен жүргізген диалогым да осы жерде аяқталатын сияқты. Мен, адам ретінде, ақыр соңында «жасанды досымның» айтқан қысқа нұсқа жауабымен келісуге мәжбүр болдым: ол бір сөзбен «даму» деді. Оны талдай келе, мен де «даму» сөзін қолдап шықтым...
Себебі, жоғарыда айтылған «адамның бүйрегін ауыстыру» дегеніміз де жалпы маңынасында «даму» көрінісі: ол – медицинаның дамуы, ол ‑ адамның денсаулығының жақсарып, өмір жасының ұзаруы, ол – адамның бар потенциалын іске қосып, өзіне де, қоғамына да пайдалы істер атқару мүмкіндігінің дамуы... Ал, ол ‑ адам өмірінің мәні емей немене?!
Әбдірашит Бәкірұлы, Философ
Abai.kz