Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дидар-ғайып 1301 2 пікір 25 Қараша, 2024 сағат 14:50

Халқының кеудесін ешкімге бастырмаған тұлға еді...

Суреттер: Abai.kz, wikipedia.org сайттарынан алынды.

Қазақтың қадірменді ақсақалы Жәнәбіл Сымағұлұлы тоқсан жастан асқан шағында Үрімжіде дүниеден озды (2024 жылдың 22 қарашасында).

Жәнәбіл Сымағұлұлы саналы ғұмырын туған халқының жан-жақтылы өсіп өркендеуіне жұмсаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері еді.

Қырық жылдан астам уақытқа жалғасқан қызметтік сапарында Ол Шыңжаң өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, Шыңжаң өлкелік Үкіметтік орынбасар төрағасы, Шыңжаң өлкелік Саяси- маслихатының екі мәрте төрағасы сынды аса жоғары лауазымды қызметтерді атқарды.

Сонау бір аласапыран жылдарда Шыңжаңның Партия, Үкімет, Әрсери – үш билігінің тізгінін қатар ұстаған кездері де болды.

Жәнәбіл Сымағұлұлы қандай қызметке тағайындалса да, одан шашау шығарған емес. Есесіне, қолына тиген бар мүмкіндікті өзінің туған халқының ұлттық мүддесіне пайдалана білген тұлға.

Әрине, оның басып өткен қызметтік өмір жолы тақтадай теп-тегіс бола қойған жоқ, күреспен өтті.

Жәнәбіл Сымағұлұлының 1970 жылдардың соңында ШҰАР Партия комитетінің Бірінші хатшысы, ШҰАР Төңкерістік комитеттің меңгерушісі, ШҰАР Саяси кеңестің төрағасы, Шыңжаң Әскери районының Бірінші комиссары, Шыңжаң Әскери район Партия комитеті Бірінші хатшысы болып отырған Уаң Фыңмен айқасып, оны Шыңжаңнан қуып шыққанын біздің бала кезімізде арғы беттің халқы аңыз қылып айтатын.

«Шырылдаған шындықты айтқызбаймын десеңіз, менің ауылыма қайтуыма болады! Еңбек істей аламын, мал баға аламын, тұрмыс кешірудің жолын білемін...», - деген сөзді Жәкең үлкен жиналыста қасқайып тұрып осы Уаң Фыңға айтқан болатын.

1949 жылы коммунистік Қытай үкіметі билікке келген соң, жаңылмасам, Шыңжаңды генарал Уаң Жын басқарды.

Уаң Жыннен кейін Уаң Ынмау келді.

Уаң Ынмау Мао Цзэдунның аты шулы «Мәдениет төңкерісі» жылдарында «Төрт бандитке» төтеп бере алмай, 1966 жылы «Орталыққа қайтарылып» алынады.

Арада жылдар өтіп, «Мәдениет төңкерісі» аяқталып, билік тізгіні Дэн Сяопинге тиеді.

1980 жылы Жәнәбіл Сымағұлұлы Дэн Сяопинге барып, Уаң Ынмауды Шыңжаңға Партиякомитетінің Бірінші хатшылығына ат-түйедей қалап, сұрап алады.

Жәнәбіл Сымағұлұлының жұлдызы жанып, десінің өрлеуі, міне, осы жылдары басталды.

Қарап отырсақ, Жәнәбіл аға сол кезде 46-ақ жаста екен ғой.

Елуге жетпеген жап-жас жігіттің бүкіл дүниені дүр сілкіндірген Дэн Сяопинге барып, Шыңжаңға керекті басшыны Орталықтан өзі ауыстырып алып келуі – нағыз КӨРЕГЕНДІК әрі ЕРЛІК емес пе?!

Уаң Ынмау Шыңжаңға Бірінші хатшы болып келген соң, Жәкең өлкенің оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, баспасөз, мал шаруашылығы, диханшылық, жоспарлы туыт саласын түгел өзі басқарды.

Демек, Жәнәбіл Сымағұлұлы елуге жетпей жатып-ақ бір өлкенің көсеміне айналған өте ықпалды тұлға болатын...

Өзінің туған халқының ортасында жүріп көсем болу – қалыпты жағдай. Ал, өзге елдің қол астында жүріп ұлттың көшбасшына айналу – өте сирек кездесетін құбылыс.

Жәнәбіл Сымағұлұлы – өзгенің қол астында жүріп, өзінің де, өзінің туған халқының да кеудесін ешкімге бастырмаған Ұлы тұлға!

Сонымен, тоқсанға келген абыз ақсақалымыздың өмірден озуымен бірге, Шыңжаң қазағының да басынан бір дәуір бірге көшті.

Ардақты ағамыздың Алла алдынан жарылқасын! Балалары мен жақын туыстарына сабыр тілеймін!

Ауыт Мұқибек

АЛАТАУДЫҢ БІР ШЫҢЫ - АРҒЫ БЕТТЕ

Редекциядан: Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы Қытай қазақтарының тізгінін ұстаған басшылардың бірі - Жәнәбіл Сымағұлұлының қазасына байланысты марқұмның туған-туысғ ағайын-жұртына көңіл айтамыз!

Сурет Abai.kz скрині.

Abai.kz ақпараттық порталында Қазақтың арда туған азаматы Жәнәбіл Сымағұлұлы туралы «Алатаудың бір шыңы - арғы бетте» атты мақала 2014 жылдың маусым айында жарияланған еді. Портал оқырмандарының назарына аталған мақаланы қайта ұсынғанды жөн санадық...

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048