Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1278 0 пікір 27 Қараша, 2024 сағат 13:56

Үш үлкен съезге төре би болған - Бәйеке би

Суреттер автордың мұрағатынан алынды.

Еліміз тарихында көптеген қоғам қайраткері, ойшыл данышпандар, ғұлама ғалымдар, зерделі қолбасылар, сондай-ақ әртүрлі өнер иелері болған. Олар өз елі, өз жері, халық мүддесі, замана талабы тұрғысынан өткен еңбектері арқасында халқымыз тарихынан өшпес орын алған. Әрине, олардың қоғамда атқарған рөлінің әртүрлі болуына байланысты, олардың тарихтан алған орны да әртүрлі болуы табиғи. Міне осы ойлар жетегінде, ел арасында аңыз болып қалған тарихи адам – Бәйеке Жазыбайұлы жөніндегі алғашқы зерттеу нәтижемді баршаға ұсынбақпын.


Бәйеке Жазыбайұлы 1820 жылы шамасында Тарбағатайдағы Тоқта-Барлық тауында туылып, 1890 жылы мөлшерінде Текес ауданының солтүстікіндегі Ешкілік тауында қайтыс болып, сүйегі бұрынғы Нылқы ауданына қарасты Сұлтан Уәйіс мазарына жерленді.

Бәйеке орта бойлы, кең маңдайлы, терең ойлы, өткір көзді, секпіл бет, ат жақты, арық қара кісі екен. Сөйлегенде дауысы бастабында бәсең шығып, қыза келе басқа жанға сөз бермей ағындап кетеді екен.

Үш Тілеубердінің бірі – Жанғабыл, онан Жолболды туады. Жолболды «Алты Жолболды, делінеді. Бәйеке әне сол «Алты Жолболдының» бірі – Қожаназардан тарайтын 15 Қожаназардың ең көбі – Балапан ауылынан. Бәйеке Балапанның баласы Жазыбайдан туады. Жазыбайдың інісі Шөңке кезінде арысы Матайға, берісі Қызайға би болады. Оның алдында Қызайды Итжан Мырза билейді. Шөңке би қартайған шағында билігін Бәйекеге береді. Бәйеке Ілеге ауғаннан ілгері тұтас Қызайды билейді. Қызайлар Ілеге келгеннен кейін 3 болыс ел болады. Бәйеке Тілеубердіге, Боқаш Тәңірбердіге, Сасан Бегімбет - Дербіске болыс болады. Бұл кезде бүкіл қызайды Құдайменде төре басқаратын. Алайда, Бәйеке бұрын тұтас Қызайдың биі болғандықтан Құдайменде оған ерекше құрмет еткен. Бәйеке жасаған дәуір – Россия отаршыларының Орта Азияға, жүйеден қазақ даласына шапқыншылық жасап, ірге кеңейтіп отырған дәуірі еді. Бұрын «Ақтабан шұбырынды» сынды тарғалаң тарихи жағдайларда босқын болған қазақ елі, Абылай хан Чиң үкіметімен бірлесіп Жоңғар шапқыншыларын біржолата жеңгеннен кейін, қайтадан еңсе көтеріп, бұрынғы өз атамекендеріне қайта оралу орайына ие болады. Қызай елі де XVIII ғасырдың орта шенінде Аякөзден, Көксаладан (Қызай тауы, Бота мойнақ) Тарбағатайға көшіп келеді. Тоқта-Барлық пен Емілде, Жайыр мен Сауырда, Майлы мен Бұраталада ұзақ жылдар тіршілік етеді.

Осы тұста тұтас Орта Азияны  жаулап алған Россия шапқыншылары отарлық бұғауын енді Шынжаңға жая бастады. Бәйеке Россия шапқыншыларының осы қаскүнемдігіне белсене қарсы тұрады. Абылай хан, Қабанбай батыр, Есенгелді батыр қатарлылардың Қытайға қарасты болу саясатына мұрагерлік етеді. Россия патшасы сан рет алдау-арбау әдісін қолданса да оның арам шеңгеліне түспейді. Олардың Россия қармағына өту жөнінде жіберген талай реткі елшілерін қатаң тойтарады, ұлы отанымыздың тұтастығын қорғауда өшпес еңбек сіңірді.

Россияның қысымы артқан сайын Бәйеке Іле генерал мекемесімен байланысты қоюлата түседі. Бір рет Іле генералына мынаны айтады: «Біз қазақ халқы Қытайға қарасты болып келеміз. Сіздердің ұлы мәртебелеріңізде жаман болмадық, қазақ – көшпенді халық, жайлы жерде мекендейді, жайсыз жерден кетем дейді. Атып жесең бір күндікпіз, сатып жесең мың күндікпіз. Хан Абылай, батыр Қабанбай, би Есенгелді өсиетін берік сақтап, сізге адал қызмет етемін», Бәсекенің бұл сөзін генерал аудартып архивке салдырады.

Бәйеке Іле генералына өз елін бастап Іле өңіріне көшіп келіп қоныстану талабын қояды. Бұл талапты қоярдан ілгері Күреге келіп жүргенінде Бәйеке Іле өңірінің жаратылысына толық көз жеткізген болатын. Іле генералы бұл талапты жөн көреді.Сонымен Қызай елі Бәйеке қатарлылардың бастауында Тарбағатайдан Ілеге екі бағытпен көшеді. Бірі Бұратала арқылы Сайрамды басып, Іленің батыс жағынан келіп шығысқа қарай қоныстанбақ болады. Бұл бағыттағылар Тәңірберді, Бегімбет, Дербіс болады. Енді бірі – Еренқабырға тауын өрлеп, Құтыби, Манас арқылы Қызылөзен асуын асып, Қас, Күнестің басынан келіп, Ілені құлдай қоныстанбақ болады. Бұл бағыттағылар Бәйеке бастаған Тілеуберді болады.

Бірінші бағыттағылар Бұратала моңғолдарының қатты қарсылығына тап болып, соғыс туылады. Бірталай адам шығын болады соғыста Қызай елінен Барақ, Қарайт, Сарайт, Божалақ, Мұшан, Өтеп сияқты батырлар ерлік көрсетеді. Ашынған ел моңғол билеушісі Арашапты өлтіреді. Бұл бағыттағылар моңғолдың қарсылығын талқандап Ілеге өтеді. Ілеге келген соң Қастағы Зұрған сұмын мен Күнестегі торғауыттардың қарсылығына тап болады. Бірнеше реткі қақтығыстан соң моңғолдар бұл жерлерді босатып беріп, өздері Жұлдызға барып орналасады. Ал Арғұн сұмын моңғолдары келісімге келіп, араласып өмір сүре береді.

Екінші бағыттағылар Манастағы «Қызай асуы» аталған Қызылөзен арқылы өтеді. Бәйекенің бір баласы осы жерде туылғандықтан, оған Манасбай деген ат қояды. Үрімжіге шегінген Іле генерал мекемесі Бәйекеден өздерін  Үрімжіге жеткізіп қоюды өтінеді. Олай болатыны, Қызай елі Бұратала моңғолдарымен қақтығысқанда Генерал мекемесі моңғолдарды теріске шығарған болатын. Сол себепті Бәйеке елін Еренқабырға, Сарытау маңында бірер жыл аялдап, Генерал мекемесін Үрімжіге жеткізеді. Жалпыға мәлім, 1871 жылы Россия шапқыншылары Ілені басып алады. Сондықтан Қызай руының Ілеге Қотарыла көшіп келуі кешеуілдеп қалады. 1881 жылы Іле қайтадан еліміз қарастылығына өткен соң, Бәйеке, Сасандардың бастауымен Қызай елі Ілеге келіп орныққан. Бәйеке елдің саяси өміріне қызу ынтамен араласып, шекараны қайта бөлуде Россия жеріне кеткен мал барымтасы, құн дауы қатарлы істерге батылдықпен араласып, отанымыздың тұтастығы, халық мүддесі үшін еселі еңбек сіңірді.

Сол дәуірдегі екі ел арасындағы көп даулар Бәйекенің араласуынсыз бітпейтін болған. Бәйеке екі жақтың үлкен съездерінде 3 рет төре би болған. Ол съездер – «Көктума съезді», «Кеген съезді» және «Шыбартобылғы съезді» (Россияға қарасты жер аттары) деп аталады.

Осы съезддердің бірі – Кеген съездіне Бәйеке барыпта, ұрлық, жесір дауы, құн дауы қатарлы істерден 40 түрлі факт жинап барған. Сонда Жәменке болыс (Россияға қарасты қазақтардың болысы): «Осы айтқанымның бәрі шын деп ағын суды 40 рет аттап қасам берсең, мен дауыңның төлемін беремін» дейді. Сонда Бәйеке: «Елім үшін тудым, жұртым үшін күйдім" деп ағын судан 40 рет аттап өтіп, Жәменкені дауға жығады. Сонда ыза болған Жәменке қолындағы тобылғы таяқпен Бәйекенің кеудесіне түйіп қалады, Бәйекенің кеудесіндегі болыстық белгі тасын сындырып жібереді. Жәменкенің ел алдында істеген бұл одарлығы өзіне мін болып тағылады да даудың төлемін ол еселеп қайтарады. Бұл жәйттер кейін Қойдым Таңжарықпен айтысқанда:

«Қызайда Жәменкеңдей кісің барма,
Сындырған Бәйекенің тасын ұрып.
Арада, Албан, Суан болмағанда,
Бәйекені өлтіреді асып ұрып» деп ортаға қояды.

Оған Таңжарық былай дейді:

«Мақтама Жәменкеңді көз көрмеген,
Жиылып Үйсін - Найман съезд құрса,
Бәйеке тірі жанға сөз бермеген».

«Қысқа күнде 40 рет жанын берген Бәйеке» деген сөз, міне, осы реткі съезден кейін жұртқа аңыз болып тарап кеткен. Сол реткі съездге қатнасқан Жәменке 1916 жылы Россиядағы қанауға қарсы шыққан қазақ көтерілісінің басшыларының бірі еді. Бұл көтерілісті Мұхтар Әуезов «Қилы заман» атты романында өте тамаша суреттейді. Жәменке Бәйекеден 20 жастай кіші екен.

Бәйке Шыбартобылғы съездінде Тәңірбердіден Сарайт деген адам жесір дауын даулап Бәйекемен бірге барады. Съезде Нұреке болыс (Суан болысы) Бәйекені сөзден жығу үшін: «Бәйеке, Бәйеке дегенге аруағына қарай алып адам екен десем, басы бармақтай, құлағы жармақтай ғана адам екен-ау» депті. Сонда Бәйеке: «Найманда бір мақал бар: басы бармақтай болсада топтан озғанды тұлпар дейді, басы балпайған, қарны салпайған жуанды қара төбет жұлқа дейді», –  деп алғашқы сөз қағысқанда-ақ жеңіп кеткен. Сонымен Нұреке а дегенде-ақ жесір дауын осы жеңілісі үшін Сарайтқа пайдалы жағынан шешіп берген екен.

Осы жолғы съездге Албан, Суан елінен жүз үй тігіледі. Сүлеймен төре ел билеріне: «Бәйеке келгенде орындарыңнан тұрмаңдар, беделін түсіріңдер» деп тапсырады. Бірақ Бәйеке келгенде өзі алдымен қарғып тұрып сәлем береді. Осы съезде де төбе би болып, көп дауды әділ, дұрыс шешіп, ел алғысына бөлінеді.

Көктума съездінде Бәйеке домбырашы Қоңқайды, Қайрат пен Сарайтты, Сасан мен Боқашты, қара Керейден Тәнеке мен Базарды ертіп барады. Россия жақтан орыс мәнсаптысымен бірге бірнеше тілге жеттік қара Керей Саршуаш би келеді. Саршуаш би Бәйекені жақтырмай, «Шақырылмаған қонақтай Бәйеке сенің мұнда нең бар?» – дейді. Бәйеке: «Сенің сөйлеген сөзің орыстың сөзі ғой, мен өз елімнің сөзін сөйлесем оның несі теріс болады», – деп оны тойтарыпты. Саршуаш бидің тізесі батып жүрген Қарға – Мамыр елінен шыққан Темір деген адам былай дейді:

«Қызайдың Тоқта-Барлық бір мекені,
Соры бар маңдайыңның тап екі елі.
Келмей жатып кекесін сөз айтасың,
Қарға – Мамыр дейсің бе Бәйекені.
Жақсыны жамандаймыз сырттан бекер,
Жақсы кетсе береке жұрттан кетер,
Ақымақ асыл нарқын қайдан білсін,
Алтынды бағалайды мыстан бетер».

Бәйеке Шыбартобылғы съезді мен Кеген съездінде Россия жаққа теңдік бермей, оларды дауға жығып кеткендіктен, бұл жолы Саршуаш биді Төбе би болуға әтей әкелген көрінеді. Бірақ белгілі себептер салдарынан осы жолы да Бәйеке тобы би болады. Мұнда Мәмбет Тәнеке би рөл ойнайды. Тәнеке би Бәйекемен қатар шыққан, Қытайға қарастылық жағын құптайтын алымды адам екен. Кезінде екеуі біріккен жерде ешкімге дау бермерті. Сондықтан басқалар өз кезінде бұл екеуін «Найманның қос шыбары» деп атайды екен. Осы жолғы съездге Бәйеке тағы ақыл-парасаттылығымен, шендігімен, әділдігімен елді өзіне бауырап, көп дауға дұрыс тұжырым жасайды, елдің алқауына бөлінеді.

Бәйекенің жаз кезінде, Қызай елінің Тоқта-Барлықта жүрген кезінде, Керей еліндегі бір байдың ері жоғалады. Ол бай бұны Қызай ұрлады дегенді сылтауратып, Қызайды орысқа шақырып, соғыста жеңіп ол жерден қуып шығуды көздейді. Сонда екі жақ карияларының рұқсатымен Бәйеке араға түсіп: «Қапталы – қайың, қасың – тал, Қалманбет шапқан бір ерсің, бір ер үшін шабынсаң, үй-мүлкіңмен күйерсің» деп тоқтау салады. Сонымен жас жігіттің береке-бірлік тілеген тәтті лебізі, орнын тауып айтқан ақылия сөзі екі жаққада тоқтау-тежем болып, береке-бірлік сақталған екен.

Сөйтіп жүріп елге тез танылған жас Бәйеке Қызайға би болады. Көп жаңжалдың бірінде қызайдың Сейтен деген жігіті Ресей жерінде өледі. Сейтенді Суан еліндегілер өлтіреді екен. Алайда, Суан елі оны мойнына алмайды екен. Сол кезде Суан төресі – қара Сүлейменнің ұлы Қызай төресі Құдайменденің ауылында қалыңдық ойнап жүрген екен. Осы орайда Бәйеке құн даулап Сүлеймен төреге барады да: «Сүлеймен төре, сен Сейтеннің құнын бермедің, сенен бір-ақ ауыз сөз сұрайын, біздің адам Россияда өлсе құнсыз екен, ендеше, россиялықтар да біздің жерде өлсе құнсыз деп уәде бер, сол уәлеңді ғана алғалы келдім» дейді. Мұны естіген Сүлеймен Құдайменде ауданында жүрген ұлынан сезіктеніп, елін жинап, Сейтеннің құнын төлеген екен.

Тағы бір ретте Жәменке болыс сөзбен Бәйекені еңселту үшін Бәйекенің арықтығын, өз елінің көптігін, байлығын, мықтылар да аз еместігін айтады. Сонда Бәйеке: "Өркешті болсаң түйе шығарсың, емшекті болсаң бие шығарсың, әйелдің семізі – төсек, еркектің семізі – есек. Жәменке семіздікті қой көтереді, сенің семіздігің кімге құт болар? Менің арықтығым кімге жүк болар? Дүние қалар бәрімізден», – деген екен.

Тағы бір ретте жесір дауы жөнінде Суанның мықтысы Нұреке Бәйекемен алғаш кездескенде, оны сөзбен қағыта сөйлеп:

– Ассалаумағалайкум! Қызайдың Бәйеке болысы деген осы кісі ме? Ойпыр-ай, қарадай қақтап, темірдей таптап тастаған екен-ау! – дейді. Сонда Бәйеке тамағын кенеп тастап, жұлып алғандай:

Иә, Қызайдың Бәйекесі мен боламын, сіз келеді дегенге қарадай қақталып, темірден тапталып отырғаным рас, ақ бата айтып, ақ сарбас сойсақ та жердің алыстығы ма түс тоқтатып көрмеген екем, тоғыз болыс Суанның үстінен қарайтын Нұреке би сіз бе едіңіз? Сізді де жаңа көріп отырмыз. Құда екенбіз, Құдай Тағла молынан помдап, темірдей сомдап-ақ келтірген екен. Сәл енеңді ұрайынның мұрнына келгенде ағызып алғаны-ай! – депті. Сөйтсе Нұрекенің мұрнына жел түскен адам екен.

Бір күні Бәйекеге кездесе кеткен бір адам:

Бәке, сіз көңілі ояу, көзі ашық адамсыз, осы, басы жұмыр пенделер біріне-бірі ұқсамай кетіп барады. Кейбіреу ерте оянып, кеш түсінеді. Тағы біреулер кеш оянсада ерте біледі. Сіз бұларға не дер едіңіз, – депті. Сонда Бәйеке: – Өлшенсе де теңшелмеген дүние көп, біреулерге тез біткен, біреулерге көз біткен, біреулерге сөз біткен, біреулерге без біткен. Қалған жағын өзің оңап ал, – деп кете береді.

Тауқидан Заманалы.

«Іле тарихи материалдары» журналынан (No8-сан, 1992 ж.) аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1434