Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 418 1 пікір 27 Қараша, 2024 сағат 18:27

Таза энергияға көшу – болашақ ұрпақ үшін жасалатын ең үлкен сый

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Тұрақты даму мақсаттарының жетінші бағыты – «Қолжетімді және таза энергия», бүкіл әлемдегі адамдарға тұрақты, қымбат емес және экологиялық таза энергия көздерін ұсынуды көздейді.

Энергия – экономикалық өсудің және адамзаттың өмір сүру сапасын арттырудың басты қозғаушы күші. Сонымен қатар, энергияны өндіру және тұтыну климаттың өзгеруіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан қымбат емес, таза энергияға көшу – тұрақты болашақтың негізгі қадамы. Энергияның қымбаттығы өндіріс шығындарын арттырады, бұл тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағасына әсер етеді. Қолжетімді энергия халықтың өмір сүру деңгейін жақсартып, экономикалық өсуді ынталандырады.Қымбат емес энергия кедейлік деңгейін төмендетіп, барлық адамдарға тең мүмкіндіктер ұсынады. Әсіресе, ауылдық аймақтарда электр энергиясына қол жеткізу халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жаңартылатын энергия көздері (күн, жел, гидроэнергия) парниктік газдардың шығарындыларын азайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының білім алушыларымен жоғарыда аталған тақырып аясында дөңгелек үстел өткіздік. Студенттердің ойлары тыңдалып,пікір алмастық.Қара шаңырақ студенттері қымбат емес және таза энергияны қамтамасыз ету жолдарына бірнеше мысалдар келтірді:

1. Күн, жел, биомасса және гидроэнергия сияқты энергия көздерін пайдалануды арттыру. Бұл энергияны өндірудің тұрақты әрі тиімді әдісі.

2. Энергияны өндіру, жеткізу және тұтыну үдерістерін оңтайландыру арқылы шығындарды азайту.

3. Энергетикалық технологияларды бөлісу, инвестициялар тарту және жаңартылатын энергия жобаларын дамыту үшін елдер арасындағы серіктестікті нығайту.

4. Энергия бағасын төмендету үшін субсидиялар енгізу және жаңартылатын энергия секторындағы технологияларды қолжетімді ету.

5. Цифрлық технологияларды қолдану: «Ақылды» энергетикалық жүйелер мен цифрлық платформалар арқылы энергияның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше назар аударуда. Елдің кең табиғи ресурстары (күн, жел және су әлеуеті) тұрақты энергетикалық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Қымбат емес және таза энергия – әлемдік қоғамдастық үшін маңызды басымдық. Бұл тек климаттың өзгеруінің алдын алып қана қоймай, сондай-ақ миллиондаған адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстан сияқты елдер жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуде. Әрбір елдің, ұйымның және жеке адамның осы процестегі үлесі маңызды.

Торгауытова Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1426