Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Билік 171 0 пікір 28 Қараша, 2024 сағат 19:03

Кино – өмір айнасы: «Еуразия» қатысушыларының жүрекке жетер оқиғалары

Суреттер: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды.

Кино – шынайы өміріміздің көрінісі емес пе? XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің үшінші күнінің қатысушыларымен өткен баспасөз конференциясы осыны дәлелдеді. Ең әсерлі фильмдер біздің жадымызда сақталып, адалдық пен үміт туралы сыр шертетінін көрсетті.

«Жер ана» фильмінің қоюшы-операторы Исмаэль Бланко Испанияның бос қалып, құрдымға кеткен ауылдары туралы сөз қозғады. Өмір бойы ауылының шаңын жұтып, дала төсінде емін-еркін жүрген тұрғындардың күнкөрісі қиындап кеткен. Бұл жерлерде өмір үшін күресуге тура келеді. Фильмде шөл дала мен мегаполистің тыныс-тіршілігі, артта қалған күндер мен жайлылыққа толы болашақ суреттеліп, қарама-қайшылықтар бейнеленген.

«Бұл ауылдардың тұрғындары кәсіби актерлер емес. Олардың бет-әлпеті мен сөйлеу мәнері тарихтан сыр шертеді. Оны ойдан шығару мүмкін емес», – дейді ол.

Қырғыз режиссері Дастан Жапар Рыскелди шынайы оқиға негізінде түсірілген «Шекарадағы мәміле» фильмін ұсынды. Оның туындысы Орталық Азия және түркі елдері байқауына қатысуда.

«Менің ағам құлдықта болды. Бұл 2000 жылдары болған жағдай, бірақ осыған ұқсас оқиғалар әлі де қайталанып келеді. Біз өздерін қорғай алмайтын адамдар үшін осы туралы үн қатуымыз керек», – дейді режиссер. Осы фильм арқылы Дастан Жапар Рыскелди бүкіл Орталық Азия елдерінде өзектілігін жоғалтпаған құлдық мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізбек.

Татар режиссері Салават Юзеевтің «Ғашықтар тауы» фильмі адам жанының асыл қасиеті махаббат пен әсемдігін жоғалтпайтын табиғаттың киелі екенін бейнелейді. Фильм кейіпкері махаббат сертімен байланысы бар тауды барынша қорғауға тырысады.

«Бұл тау тек табиғаттың көркем сыйы емес. Бұл кейіпкердің адалдығы мен рухани күшінің символы», – деді Салават.

Кинофестивальде ерекше әсер қалдырған фильмдердің бірі – Аруан Анартайдың «Жоқтау» картинасы. Аталмыш туынды Орталық Азия және түркі елдері байқауында бақ сынасуда. Отандық режиссердің фильмін тамашалау үшін көрермендер кезекке тұрып, залдың ішінде ине шаншар орын табылмады.

«Сценарий жазу барысында мен әлі де қайғыдан қан жұтып отырдым. Жоқтау игі адамдардың дүниеден өткеніне өкініп, оларды еске түсіру үшін айтылатын сөз ғана емес. Бұл біздің мәдениетіміз, мәңгі мекенге кеткендермен сырласудың жолы», – деді режиссер.

«Жоқтау» фильмі жеке қайғы мен дала дәстүрінің ұлылығын үйлестіре отырып, көрермендерді терең тебірентті.

«Еуразия» кинофестивалі қатысушылар мен көрермендерді шабыттандырып, оларды біріктіре отырып, өз жұмысын жалғастыруда. Көркем туындыларды тамашалау мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. Көрсетілімдер кестесімен фестивальдің ресми сайтында таныса аласыздар: https://eurasiaiff.info/

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1575
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3387
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6538