Италия елшісі Қазақстан туралы кітап жазып жатыр
Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти Қазақстан туралы кітап жазып жатыр.
Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти «Kazakhstan in 10 words» атты кітап шығаруға дайындық үстінде. Бұл туралы дипломат «Born Bold. Travel Boldcast» подкастында мәлімдеді.
Елші өз кітабында Қазақстанды жеке тәжірибесі мен қызметтік жұмысы негізінде сипаттайды. Бұл еңбек елді жаңа қырынан танытып, Қазақстан Республикасымен жақын танысуды қалайтын оқырмандарға арналады.
Автордың сөзінше, кітаптың ерекшелігі – Қазақстанды сипаттайтын 10 негізгі ұғымға негізделуі.
«Мен бірнеше танысыма мемлекетті жан-жақты сипаттайтын бір сөзді атауды өтіндім.Яғни, берілген сөздер негізінде өзімнің тәжірибемді баяндауды ұйғардым. Бұл – кітабымның негізгі идеясы.
Мен Қазақстанды өзімнің жеке тәжірибем негізінде ішкі әлемін жан-жақты көрсеткім келеді.Кітап 50-60 беттен тұрады. Оны бестселлер жасау мақсатым болмады. Бұл – Қазақстандағы өмірімнің ерекше сәттерін еске түсіретін еңбек. Егер сізде құнды тәжірибе болса, оны бөлісу маңызды деп білемін. Бұл – адамзаттың дамуына септігін тигізетін қадам. Мен бұл еңбекті менен кейінгі жас буынға қалдырғым келеді.Өскелен жас ұрпақ менің тәжірибемді пайдалана отырып, біз атқарған жұмыстарды одан әрі дамыта алады», – деді елші.
Кітап екі тілде жарық көрмек. Кітапты қазақстандықтармен қатар шетелдік оқырмандар да оқи алады.
Abai.kz