Министрлер секілді, әкімдер неге ант бермейді?
Елімізде әр Президент сайланған соң, халық алдында ант береді. Сол секілді, Премьер-министр мен министрлер де тағайындалғаннан кейін ант береді.
Менің айтайын дегенім: Неге облыс әкімдері тағайындалғанда ант бермейді? Олар тұтас аймақтарға басшылық етпей ме?! Және біздің еліміздің облыстары кішігірім мемлекеттердің аумағынан үлкен болмаса, кем түспейді. Сондықтан, олардың да өз облыс тұрғындарының алдында мемлекеттік тілде ант бергені дұрыс-ақ!
Бұл, сол аумақтың ел-жұртының оған деген сенімінің орнығуына үлкен себеп болар еді. Сондай-ақ, жемқорлыққа оңайлықпен жоламас та еді.
Тағы бір қосарым – сол аумақтың экономикасын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтерумен қатар, оларға мынаны да жүктеу керек:
Бірінші: Өзі әкім болып қызмет атқаратын облыста мемлекеттік тілдің түбегейлі орнығуына жағдай жасау, мүмкіндігінше көмектесу.
Екінші: Сол өлкенің елдімекендері мен аудан, қала атауларының мемлекеттік тілде аталуына қолқабысын тигізу және көшелер мен даңғылдардың қазақшалауына көңіл аудару.
Үшінші: Сол өңірдегі орыс тілді мекемелер мен басқармаларда, жауапкершілігі шектеулі кәсіп орындарда мемлекеттік тілдің – іс тіліне айналуына септігін тигізу, қазақ тілін оқытатын курстар ұйымдастыру және осы жаққа толып кеткен (солтүстік, шығыс облыстарда) маркет, базар, әмбебаб дүкендердің және өзге де кеңсе, ғимарат атауларын қазақша аталуына жол ашу, орнықтыру.
Міне, осыларды әрбір облыс әкімдерін тағайындағанда міндеттеу керек. Сонымен қатар, бұлардың атқарған жұмысынан әр тоқсан және жыл сайын есеп алғанда, осыларды да қатаң қадағалап отыру керек!
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, сол секілді, орыс тілділері басым (орыстар жоқ, орыс мектептерінде оқыған қазақтар көбірек) өзге де облыстардан талап ету керек.
Менің пікірімше, сонда ғана мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің ауқымы кеңейіп, қанатын кеңге жайары анық. Әйтпесе, Қостанай облысының бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов өзі әкім болып тұрғанда, осы бағытта ешқандай жұмыс атқарған жоқ. Тіпті, Торғай жақты да айтарлықтай дамытпады. Ондай әкімдердің керегі қанша?!
Қазіргі, Құмар Ақсақалов та Солтүстік Қазақстан облысында жүргенде, біздің мемлекеттік тілімізді дамытуға ешқандай көңіл бөлмеді, тіпті осы бағытта ешқандай іс тындырмады деуге болады.
Ақмола мен Павлодар облысы да солардың қатарында (қазіргі күндері болмаса). Егер біз енді кешігетін болсақ, осы өңірлерді қазақ елінен алшақтатып аламыз. Арты қиын болады. Міне, осы жағдайларға биліктегілер, әсіресе, Атқарушы Үкімет (Правительство) аса тиянақты қарап, назарда ұстап отыруы керек –ақ!
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz