Ел дамуының жаңа бағыты мен реформаларға көзқарас
Президенттің әр сұхбаты – ел дамуының болашағын бағдарлайтын маңызды құжат. Желтоқсан айында беріліп, қаңтарда «Ана тілі» газетінде жарық көрген соңғы сұхбат та ерекшелік емес. Саясаткер әрі жазушы ретінде оны мұқият оқыған сарапшы Бекнұр Қисықов сұхбаттың негізгі тезистері мен мемлекет ұстанатын бағыттарын анықтап, өз ойымен бөлісті.
«Біріншіден, мен өзіме пайдалы, керек тезистерді сұхбаттан алып алдым. Солардың арасында, мысалы, «Таза Қазақстан» және экономика жайлы ойлар бар. Әлбетте, осы ойларды қарағанда, сосын қаңтар оқиғасын айтқанда, Президент мырза консолидация және халық пен мемлекет біртұтас болу керектігін айтты. Және ол қалай жүзеге асады? Қалай соған жетеміз? деген сияқты ойларды да халыққа жеткізді. Сондықтан біз, халық та, мемлекет те, қалай қаңтар сияқты оқиғаны қайталамау керектігін ойлауымыз қажет. Не істеуіміз керек деген сұрақтар туындайды. Соның арасында, тағы да экономика жағынан көптеген тезистерді зерттеп көрдім және «Таза Қазақстан» жайлы ойларға тоқталдым. Сондықтан тезистер көп. Олардың барлығы ойланатын, терең ой салатын мәселелер қатарында. Экономика жағынан сәл сын айтты Президент мырза. Әлбетте, бұл жерде атап өту керек, осы жылдар ішінде біз, мысалы, қазбалы байлықтың ортасында өмір сүріп жатырмыз. Шындықты айту қажет. Қазбалы байлықты экспорттау арқылы және оның арасында кіші кәсіпкерлердің санын көбейтуге ынта жасадық. Бірақ ол жеткілікті деңгейде іске аспады. Мысалы, жалпы өнімдер, яғни ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім) арасындағы көрсеткіштерге қарасақ, кіші кәсіпкерлердің үлесі аз. Ал дамыған елдерде жалпы ішкі өнімдегі кіші және орта кәсіпкерлердің үлесі өте жоғары болуы керек. Мысалы, бізде ол 40 пайыздың ар жақ, бер жағында болса, дүниежүзінің дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді»,- дейді саясаткер әрі жазушы Бекнұр мырза.
Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайына сын көзбен қарау – дамудың жаңа қадамдарын анықтаудың маңызды бөлігі. Экономикалық реформалардың қажеттілігі, нарықтық қатынастарды нығайту және субсидиялау саясатының тиімділігін қайта қарау мәселелері қоғамда жиі талқыланып келеді. Бұл тұрғыда сарапшылардың пікірлері экономиканың формалды емес, әлеуметтік бағытта дамуы керектігін көрсетеді.
«Экономикаға формалды түрде қарауға болмайды. Бірақ біз әлі күнге дейін формалды түрде қарап келеміз. Экономикаға реформа қажет. Яғни, біз әлеуметтік тұрғыдан қарауымыз керек. Мысалы, кейде әлеуметтік жағынан субсидиялар беріледі. Экономикада субсидиялар көп: бір жаққа беріледі, екінші жаққа беріледі, кәсіпкерлерге беріледі, ауыл шаруашылығына беріледі. Соның барлығы пайдалы ма? Пайдалы болса, нәтижесіне жете алдық па? Оны кім зерттеді? Оны зерттеу керек. Мүмкін, субсидия тіпті қажет емес шығар. Менің ойымша, жалпы субсидияның көп қажеті жоқ. Нарықтық экономикада бәсекелестік болуы керек. Сол бәсекелестік арқылы ең мықтысы алға шығады. Ал біреуге преференция жасап, екіншісіне көмектеспеген жағдайда, нарықтық қатынас қалыптаспайды деп ойлаймын. Сондықтан кейбір жағдайларда ғана субсидия беруге болады. Ал сыбайлас жемқорлыққа байланысты көтерілген әңгімеге байланысты мынаны айтуға болады. Өзім сол СМГ, яғни Спецмониторинг топтың мүшесі болдым. Сондықтан ол негізі антикоррупциялық мәдениет. Осы бағытта көп жұмыс атқардық, айналыстым. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетіміз айтарлықтай жоғарылады деуге болады. Қазір көріп отырсыздар, әкімдікке барсаңыз да, басқа мемлекеттік органға барсаңыз да, мысалы, қарапайым тұрғындар ондай сыбайлас жемқорлықты көрмейді. Ешкім олардан ақша дәметпейді. Сонымен қатар, цифрландыру, сандық технологиялар және дұрыс жүйенің енгізілуінің арқасында жағдай өзгерді. Шындықты айту керек, 2010 және 2000 жылдарды қазіргі заманмен салыстырыңызшы – бұл бағытта деңгейіміз әлдеқайда жоғарылады»,- дейді жазушы.
Гүлмира Сыздыққызы
Abai.kz