Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Әдебиет 372 0 пікір 11 Желтоқсан, 2024 сағат 14:45

Әсеттің ешбір баспасөзде жарық көрмеген өлеңі...

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Әсет Найманбай ХІХ ғасырдың соңғы жартысынан кейінгі қазақ әдебиетінің көрнекті демократ ақындарының ішінде тамылжыған күй, ел жүрегін елжіреткен сазгер, әрі нөсерлеткен төкпе, суырып салма – айтыс ақындығымен ерте танылды. Әрі жазба әдебиетіміздің сыршыл, лирик ақыны болуымен ерекше көзге түседі.

Әсет Найманбай қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Қарқаралы ауданында 1867 жылы дүниеге келген. Әсет 1904 жылдан бастап-ақ Қытайға барып-келіп, араласып өмір өткізген. Ол 1916 жылдың дүрбелеңі кезінде ауылдастарымен бірге, бала-шағасын алып, Тарбағатайға қоныстанған. Сонан бастап әйгілі ақын Әсет Тарбағатайда, Алтайда, Іледе болып, ән мен күйдің, өлең-қиссаның туын желбіретіп, осы бір қасиетті өнерді ел ішіне мейлінше насихаттаған. Әйелі мен балалары Тарбағатайда, Бұраталада ел ішін ықтасын етіп, аз ғана малмен күн кешірген.

Әсет 1923 жылы жаз айында Іледегі қазіргі Құлжа ауданынның Көкқамыр жайлауында 56 жасында дүние салды.

Ақынға Сәтбай бұлағының бойындағы ол өзі қонып жатқан қазақы татар
байы Ғаппари қажының жұртынан топырақ бұйырды. Әсеттің сүйегі сол
маңдағы Ыламбура деген жердегі Тасжота бейітіне қойылып, басына тастан белгі орнатылды.

Әсет өзін биікке қанат қақтырған өлкесі – Алтай, Тарбағатай, Ілені
«Ғазиз анам», «Қайсар панам» деп ең соңғы тынысына дейін жырлаған. Өз
сөзімен айтқанда «үш жүздің Әсет пақыр сел жорғасы» болып:

«Ертіс, Сыр, Еділ, Іле өзендерім,
Тау өтпес алып Алтай, Тянь-Шаньнан.
Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер,
Мекенім ертеде елім ірге жайған.
Құм қыстау, өзен күзеу, өлке көктеу,
Жайлауым жалпақ қарлы Алатаудан.
Ойда орыс, өрде қытай қоныстасым,
Ауылым бар ауғанға да теуіп барған.
Желғобыз сол ортаның зар жағымын,
Толқытып тоқсан бунақ әнге салған.
Ішінде өсіп-өндім Қызай елдің,
Жерлерін Күнес, Текес мекендедім» – деп жырлаған. Міне, бұл
Әсеттің өскен жер, өсірген елге арнаған өшпес көңіл күйі, махаббаты.
Әсетті ауызға алғанда, айбарлығы мен асқақ үнін еске алмайтын қазақ
жоқ.

Осы Әсет ақынның қай мешін жыл екенін білмеймін, әйтеуір, бір апатты мешін жылы туралы өрелі айтқан өрнекті өлеңін, 1945 жылдар ел ішінен жазып алып жаттаған едім. Қазірге дейін ешбір баспа бетінде жарияланғанын көрмедім. Әсет Ілеге келген соң да көп өлең жазған. Өкінішке қарай, ол кезде халықтың көбі сауатсыз, айтқаны айтқан жерде қала берген. Егер, бұл бәйітті толық білетіндер болып баспа бетіне жарияласа, қайран ақынның аруағы бір аунап түсер еді. Менің есімде қазірше шамалы жұрнағы қалған екен. Халық мұрасы қалайда халыққа жетуі керек-қой деген оймен есіме келгендерін жазып қалдырдым.

Үш жүздің Әсет пақыр сел жорғасы,
Адамның сірә тоймас көз дорбасы.
Бұрынғы әулие өткен пайғамбарлар,
Алланың жаратылған шын пендесі.
Қалыппыз ақыр заман тар уақытта,
Жалғанның біз пақырлар шермендесі.

Адамы бұл жалғанның отты жалын,
Өлшемес ақымақтар өзі хәлін.
Еліріп жады-жаңжал бұзықтыққа,
Аямас малыменен түгел барын.

Ер болды ережеге ермегендер,
Шат болды өмірінде күлмегендер.
Тұғырдан осы күнде тоят алды,
Қаз тұрмақ, қара қарға ілмегендер.
Хан болып, халық билеп тұра қалды,
Өзінің кім екенін білмегендер.
Я Алла, я Мұхаммед, я расул,
Замана қандайынан жанасулы.
Пейілі адамзаттың бек бұзылып,
Біреуге біреу қойды жан ашуды.
Адамнан мейір шапағат көтеріліп,
Кедейге байлар қойды қарасуды.

Жұт болды мешін жылы тіпті қатты,
Халыққа жүдеп жүрген жаман батты.
Төрт түлік мал қырылып тау мен тас та,
Жаратқан жанды малдан ажыратты.
Мың қоймен мың жылқының бірі қалмай,
Талай бай кедей болды жалғыз атты.
Шіреніп, шырт түкірген бай баласы,
Тамаққа ашыққаннан кимін сатты.
Аштықпен алапат қос бірге келіп,
Сол күндер қиындықта өтіп жатты.

Аштықтан біз шуадық атты-жаяу,
Кісідей шала-жансар, ұйқылы-ояу.
Шабан ат мінбейтұғұн мырзалардың,
Қағы емес шақайынан кірген сояу.
Пенденің көрген күні болды мүшкіл,
Бермесең өзің медет, я, Құай-ау!

Жеріне Шыбартүбек қыста келдік,
Осылай жайымыздың жай шамасы.
Ел екен екі болыс Сарт пен Дүңген,
Әр қазақ болды әркімнің пайдаласы.
Біз келген Тақия, Жың қыстауынан,
Қарс жер Бұратала айналасы.
Іргелі елге кірме ел болған соң,
Қазақтың малай болмас қай баласы?!

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би

Автордыц «Мен таныған шындық» атты кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1675