МӘМС: 2025 жылға медқызметтерді сатып алу басталды
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылға арналған медициналық қызметтер көлемін орналастыру рәсімін бастады. 27 қарашада ашылған портал арқылы кез келген аймақ өтініш бере алады.
Сақтандыру қорының мәліметінше, медициналық қызмет көлемін бөлуге мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар қатыса алады. Бірақ олар ТМККК және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, қызметтерді сатып алу ережелерінің 37-1-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес болуы қажет.
- Өтінімдерді қабылдау кезеңінен кейін комиссия мүшелері 10 күн ішінде ұсынылған құжаттардың медициналық көмек көлемдерін орналастыру талаптарына сәйкестігін тексереді. Нәтижесінде денсаулық сақтау субъектісінің талаптарға сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы хаттама жасалады. Егер қандай да бір ескертулер анықталса, клиникаларға оларды түзету үшін 3 жұмыс күні беріледі. Бұдан соң өтінімдер қайта қаралып, медициналық қызмет көлемдері комиссия арқылы бөлінеді, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева.
Басқарма төрағасының орынбасары 2025 жылға енгізілген негізгі жаңалықтарды атап өтті. Енді медициналық қызмет көлемдерін бөлу кезінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалатын субъектілерге басымдық беріледі. Ол үшін медициналық ұйымдар:
Қор базасында тіркелген болуы;
Соңғы 5 жыл бойы «Стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек» түрі бойынша үздіксіз қызмет көрсету тәжірибесіне ие болуы;
Денсаулық сақтау саласында жоғары немесе 1-санаттағы аккредитация куәлігіне ие болуы;
Банкроттық немесе таратылу рәсімдеріне қатыспауы тиіс.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау субъектілерін іріктеу рәсіміне өзгерістер енгізілді. Бұл келесі қызмет түрлеріне қатысты:
Қан орталықтары – қан алу, сақтау және жеткізу қызметтері.
Жедел жәрдем мен санитарлық авиация – шұғыл көмек көрсету және науқастарды тасымалдау.
АИТВ жұқтырған адамдарға көмек – емдеу, кеңес беру және әлеуметтік қолдау.
Туберкулезбен ауыратындарға көмек – емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдау.
Психикалық аурулары бар адамдарға көмек – емдеу, психологиялық қолдау және оңалту.
Қор жаңа медициналық субъектілерді және жаңа медициналық көмек түрлері бойынша өтінім берген ұйымдарды сапалы іріктеу үшін аймақтық комиссия мүшелерінің оларды тікелей аралап тексеретінін хабарлады. Бұл өзгерістер медициналық қызмет сапасын жақсарту және науқастарға тиімді көмек көрсету үшін жасалып отыр.
Айта кетейік 2025 жылға арналған Медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына сәйкес екі пакет бойынша 2,9 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 1,3 триллион теңгеден астамы – МӘМС бойынша көрсетіледі.
Abai.kz