Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 247 3 пікір 19 Желтоқсан, 2024 сағат 14:04

Ұлттық мемлекет құруға ұмтылу керек!

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Бізде қит етсе «халық өзгеріске дайын емес» деп шыға келетін әдет бар. Әлдебір саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар жасау туралы сөз болға қалғанда билік басындағы тұлғалар, шенеуніктер сүйіп айтатын әңгіме бұл. Мұндай сөз отыз жылдан астам уақыт өткен соң да, яғни қазір де ара-тұра айтылып қалады. Шын мәнінде өзгеріске дайын емес (дұрысын айтқанда, өзгеріс жасауға құлықсыз) жұрт – билік басындағылардың өзі. Әйтпесе халық қашанда дұрыс бастамаларды, игі идеяларды іліп әкетіп, қолдап отырады.

Мұның бір көрінісі – өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басындағы Қазақстан қоғамындағы ахуал. 1986 жылдың желтоқсанында бір сілкініп алған қазақ рухы содан кейінгі «жариялылық», «қайта құру» деп аталған аз-кем еркіндік лебін пайдаланып, еңсе тіктей бастады. Жер-жерде ұлттық-демократиялық ұйымдар құрылды. 1989 жылы оқуға түскен біз деүлкендерден жасырынып, «Азат», «Алаш» секілді сондай бірлестіктердің кешқұрым өтетін құпия жиындарына барып қатысушы едік. Бәлкім, Сәбетқазы Ақатай бастаған ағалардың әріден толғаған терең ойларын ол кезде толық түсіне қойған жоқ шығармыз, алайда Мәскеуге бағыныштылықтан босау, ұлттық мемлекет құру, қазақ тіліне басымдық беру секілді ұрандарына құшырлана қол соғып, сөздеріне еліте құлақ қоятынбыз.

Сол уақыттағы қазақ баспасөзі де қазақ рухын оятуға көп еңбек сіңірді. Сол кездегі «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Өркен» секілді газеттер мүмкіндігінше сірескен ресми сипаттағы материалдарды азайтып, ұлт мүддесін ашық алға тартқан өткір мақалаларды көбейткен болатын. Баспасөздің пәрмені, жұртшылық санасына ықпалы басым кезең ғой, сондай жарияланымдар газет-журнал беттерінде де, қоғамдық жиындарда да, шығармашылық кештерде де, әйтеуір бірнеше адам бас қосқан қарапайым орталарда да қызу талқыланып, сөз болып жататын. Қоғамдағы кемшіліктер ашық айтылып, оларды жоюдың жолдары ұсынылып, баспасөз беті ұлттық мемлекет құру бағытындағы идеялардың нағыз қанбазарына айналған шағы еді. Сол уақыттағы билік басындағылар осы идеялардың бәрін болмай-ақ қойсын, тек тең жарымын ғана алып, дұрыс іске асыра алғанда, Қазақстан әлдеқашан нағыз ұлттық-демократиялық мемлекет болып отырар ма еді деп ойлаймын кейде.

Тәуелсіздік алған соң, «Ауыл», «Азия», «Азат», «Түркістан», «Сұхбат», «Жас қазақ», «Халық кеңесі», «Бірлік», «Алтын орда» секілді газеттер ашылып, ұлттық баспасөздің қатары молайып қана қоймай, әсері де күшейе түсті. Университет бітіріп, жұмысқа тұру жағын ойластырып, «кім қайда барады?» деген сауал алдымызда көлденең тұрғанда, біздің буын үшін жан-жақты таңдау мүмкіндігі бар жақсы бір кезеңдер еді ол.

Біздің буын, яғни ел егемендігін алған кезеңде ес жия бастаған, сол ақсарбас күнді асыға күтіп, қуана қарсы алған буын қашанда тәуелсіздік ұғымының қадірін біліп, қасиетіне жетіп келеді. 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды елең қылмастан, жатақханадаан – жатақханаға, пәтерден – пәтерге көшіп жүріп те, елдің ертеңінен үміт үзіп, көңіліміз құлазып көрмепті. «Ахуалдың ауырлығына қарамай бәріміз жұмыла еңбек етсек қана дұрыс ел боламыз, еңсе көтереміз» деген сенім бе, үміт пе, құлшыныс па, әйтеуір бір күш-жігер бізді тек алға ұмтылдыра, болашаққа жетелей беріпті.

Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ете білу бар. Осы жағынан келгенде, шамамен жаңа ғасырдан басталған бұрыс кетулер, рас, бізді де қынжылтты. Әлеуметтік жағдай ішінара дұрысталғанымен, адам ғұмырының, мемлекет өмірінің мәні тек тойыну мен киіну ғана емес екенін, ұлттық саясаттың, тіл саясатының, мәдени саясаттың ақсап жатқанын, тіпті кері кету басталғанын байқаған біз де баспасөз бетінде өз ойымызды білдіріп, пікірімізді айтумен келе жатырмыз. Әлі де айтып-жазған боламыз. Негізінен әлеуметтік желіде. Бірақ бәрібір сөздің баяғыдай қауқары болмай қалды. Бәлкім, жоғарыдағылар сөзге құлақ аспауды жақсы меңгеріп алған шығар.

Сосын бізде кейінгі жылдары бәрін 1991 жылдан ғана бастайтын, одан бұрын жер бетінде қазақ болмағандай, болса да тек босып жүргендей, ештеңе істемегендей етіп көрсетуге құмар саясат белең алды. Рас, біз Кеңес Одағынан ресми түрде 1991 жылы бөлініп шықтық, бірақ оған дейін де КСРО құрамында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы өмір сүрді – сол кезеңде де ұлт ғылымы мен экономикасын, әдебиеті мен мәдениетін алға сүйреген қаншама жетістіктер болды. Өз заманындағы ықпалды мемлекеттер болған Алтын Орда мен Қазақ хандығына дейін тереңдемеген күннің өзінде. Сондықтан тәуелсіздік кезеңін тәспірлей отырып, одан бұрынғы өткенімізді, оның қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы алар орнын аласартпауымыз керек.

Отыз үш жыл – тарихи тұрғыдан алғанда, аса көп уақыт болмауы мүмкін. Бірақ бір адам ғұмыры, мемлекет, қоғам өмірі үшін бұл – едәуір белес, нағыз қалыптасар шақ. Ендігі мақсат – осы тәуелсіздіктің тұғырын биік ету, нағыз ұлттық мемлекетке бет бұру, тіл түйткілін түбегейлі шешу болуы қажет.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1889