Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Алашорда 572 0 пікір 20 Желтоқсан, 2024 сағат 15:42

«Қазақ» газеті: Дін және мәдени мұра

Коллаж: aikyn.kz сайтынан алынды.

«Қазақ» газетінің ұлт руханиятындағы рөлі

Бір ғасыр уақыт артқа шегініп, 1913-1918 жылдардағы қазақ халқының ұстанған саясаты мен негізгі мақсатын бүгінгі күнмен салыстырар болсақ, айырмашылықтың үлкен екенін байқаймыз. Сол дәуірдегі қазақ халқының басты арманы – ұлттық мәдениетімізді, дінімізді, ата-баба тарихымызды сақтай отырып, тәуелсіз ел болу еді. Осы игі мақсат жолында ұлт зиялылары ерекше еңбек етті.

Ахмет Байтұрсынұлы басшылық еткен «Қазақ» газеті – ұлттық сананы оятуға бағытталған идеялар мен бастамалардың алтын діңгегі болды. Бұл газет беттерінде қазақ мәдениеті мен дінін сақтап қалуға арналған көптеген мақалалар жарияланды. Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы ірі еңбектерінің бірі – араб жазуына негізделген сахих жазу үлгісін құрастыруы. Бұл жазу түрі «Қазақ» газетінде жиі талқыланып, халыққа ұсынылып отырды. Газеттің «Жазу құралы» атты тұрақты айдарында жарық көрген мақалалар – осының айқын дәлелі. Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің беттерінде қазақ халқының дінге жақындығы мен имандылыққа деген құрметі ерекше байқалады. Газет арқылы қазақтан шыққан дін ғалымдарының еңбектері жарнамаланып, халықты оқуға шақырған хабарландырулар жиі жарияланып тұрды. Бұл деректер қазақ қоғамында дінге деген ықыластың жоғалмағанын, керісінше, білім мен дін саласында ілгерілеудің болғанын дәлелдейді.

1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген діни еңбектер мазмұны жағынан да, маңыздылығы жағынан да ерекше құнды болды. Ислам негіздері бойынша ақида (сенім), фиқһ (шариғат) және ахлақ (әдеп) сынды тақырыптардың қамтылуы, сонау қиын кезеңдерде де қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ислам дінінен ажырамағандығын көрсетеді. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл еңбектер мен олардың «Қазақ» газеті арқылы халыққа жетуі – қазақ зиялыларының өз халқына жасаған өлшеусіз қызметінің бір көрінісі. Қазір де сол бір ғасыр бұрынғы рухани мұраларымыздан үйренеріміз көп.

Төменде «Қазақ» газетінде 1913-1918 жылдары жарнамаланған діни еңбектер мен олардың мазмұнына қатысты мәліметтерді кесте түрінде ұсынамыз. Бұл кесте сол заманның руханиятына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.

«Қазақ» газетінде жарнамаланған діни еңбектер тізімі

«Қазақ» газетіндегі діни кітаптардың жарнамалық деректері

Газетте жарияланған діни кітаптардың жарнамаларында қосымша ақпарат ретінде бұл кітаптардың қай санаттағы оқырмандарға арналғаны туралы да қысқаша мәлімет берілген. Алайда мұндай ақпарат барлық кітаптарға бірдей емес, тек белгілі бір еңбектерге ғана қатысты берілген. Бұл бөлімде қазақ дін ғалымдарының жазған еңбектерінің «Қазақ» газетінде басылған жарнамаларының бірнеше үлгілері ұсынылған.

Тіл құралы – Мектепте 2-ші жылы оқылатын қазақ тілінің сарфы (Қазақ газеті, № 105. 18 ақпан 1915).

Иман һәм намаз – Бастауыш мектептің екінші жылына арналған жаңа ғылымхал кітабы (Қазақ газеті, № 105. 18 ақпан 1915).

Иман – Итиқад – Тілі таза қазақша, имласы (жазылуы) түзу. Мағынасы усулі-тағлим жағынан балалардың аңғаруына жатық. Бірінші ғылымхал кітабының жазушысы Жүсіп Темірбеков (Қазақ газеті, 115. 31 наурыз 1915).

Пайғамбар заманы – Тілі қазақша, имласы «Қазақ» имласы. Басылуы әдемі. Бастауыш мектептердің соңғы жылында оқыту үшін арналып жазылған. «Қазақ» имласымен Әліппе және Қырағат тілі кітаптарын оқыған қазақ балалары үшін «Пайғамбар заманы» ең пайдалы һәм керекті кітап. Бұл кітап мектеп кітабы болуымен бірге әр түркіше танитын алаш азаматының алып оқуына тұратын кітап. Кітапта пайғамбар алейхис саламның туғанынан өлгеніне шейін болған қал-жайы, тұрмысы, мінездері түгел жазылған (Қазақ газеті, 130. 22 мамыр 1915).

Құран құралы – Бұл кітап қазақша әліппені әбден түсініп, оқып шыққаннан кейін бастауыш екінші бөлім шәкірттеріне Құран оқу жайын үйрететін кітап. Кітаптың имласы қазақша, жазылу реті усулі-тағлим бойынша жазылған (Қазақ газеті, 147. 29 тамыз 1915).

Иман – Ислам – Бастауыш мектептің 2-ші жылы үшін қазақша ғылымхал басылып шықты (Қазақ газеті, 159. 1915).

Қорытынды

XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ұлт ретінде қалыптасу жолындағы ерен еңбектері өз нәтижесін берді. Сол кезеңде олардың Қазақ даласындағы Ислам дінін сақтап, дамытуға қосқан маңызды үлестерін газет беттеріндегі деректерден айқын аңғарамыз. Осы қажырлы еңбектердің арқасында бүгінгі қазақ елі ата-бабадан қалған дәстүрлі дінін сақтап, оны одан әрі дамытуда. Сонымен қатар, жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруі үшін аянбай еңбек ету қажет. Қорыта айтқанда, қазақ халқы тек қазіргі уақытта ғана емес, тарихтан бері Ислам дінін терең түсініп, шариғат қағидаларын берік ұстанып келгенін көреміз.

Батыржан Темирханов

Хаджы Байрам Вели Университетінің PhD докторанты

Анкара

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958