Ресейге ұшақ ұшыруды қоя тұру керек!
Қаза туралы, апат туралы, өлім туралы жазбақ ауыр. Ақтаудағы шетін оқиға жайлы бүкіл әлем жұрты хабардар болды. Нешеме отбасы қайғы арқалады. Әуелі қазалы, азалы отбасыларға көңіл айту парызымыз… Адамнан айырылу кім-кімге болмасын зілдей ауыр ғой…
Апаттың себебіне қатысты түрлі пікір, түрлі болжамдар айтылуда…
Ресми:
1) Ұшақта 67 адам болған. 62-сі жолаушы. 5-еуі экипаж.
2) Әзербайжаннан 37 адам болған. 23-і қаза тауып, 14-і тірі қалған.
3) Ресейден 16 адам болған. 7-сі қаза тауып, 9-ы аман қалған.
4) Қазақстаннан 6 адам болған. Түгелі қаза тапты.
5) Қырғызстаннан 3 адам болған. Барлығы аман.
6) Экипаждың 5 мүшесінің 3-еуі тірі қалған.
Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ, Грозныйға қона алмай, кері айналып, Қазақстанның әуе кеңістігіне 11:00-де рұқсат алып кірген. 11:28-де ұшақпен байланыс жоғалып, 11:39-да ұшақ құлаған.
Қазақстан ұшақ апатының себебін анықтау үшін комиссия құрған. Әзербайжанға қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар: Қазақстанға шетелдерден сала мамандары келіп жатыр. Қара жәшік табылған. Ондағы ақпарат біраз жайды анықтауға жәрдем болмақ. Онда ұшқыштардың ақырғы сәттегі әңгімелері таспаланған. Соны тыңдап, ұшақ апатына не себеп болғаны жайлы түсінік қалыптастыруға болар…
Қазақстан 6 адамнан айырылды. Ет-жақынынан айырылған әрбір отбасыға қайғыра көңіл айтамыз. Тас түскен жеріне ауыр. Олардың қазіргі жағдайын сөзбен сипаттау мүмкін емес.
Біздің Еңбек министрлігі қажетті материалдық көмектер көрсетілетінін айтыпты. Апат айтып келмейді. Қаза сұрап келмейді. Десе де, марқұмдардың отбасыларына керекті көмек көрсетілуі дұрыс.
Осы тұста: Қазақстанның сергек саналы азаматтарының кеңжүректігін ерекше атап өту керек. Ұшақ құлағанда алдымен барып, тірі қалғандарға арашашы болған қарапайым жұмысшылар болды. Аман қалып, жан үшін жанталасып жатқандарға қан керек болар деп ерікті түрде қан тапсырып жатқан жұрттың ісі де қоғамның жауапкершілігі мен ояулығын, саналылығын көрсетті.
Анадай алып-ғұлыл жанып жатқан ұшақтан осынша адамның тірі қалуына ұшқыштардың кәсібилігін басты себеп етсек, оқиға орныда едел-жедел жетіп, жәрдем жасаған қарапайым жұмысшылардың, құтқарушылар мен сала мамандарының да үлесі бір кем емес!
Жоғарыда айтқанымдай: Ұшақ апатына қатысты болжам көп. Соның бірі - Ресей әуе қорғаныс жүйесінің (ПВО) қате жұмысы болуы мүмкін деген нұсқа. Яғни, Ресей ПВО-сы ұшақты соқшылаушы дронмен шатастырып, атқылауы мүмкін деген нұсқа. Құлаған ұшақтың артқы бөліктеріндегі шұрық-тесіктер ПВО ізіне ұқсайды дейді. Бұл нұсқаны тіпті, Ресейдің z блогерлері де айтып жатыр. Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова да аталған нұсқаға қатысты пікір білдірген.
Оның үстіне дәл сол уақытта Шешенстан соққылаушы дрондармен алысып жатқан. Сөйте тұра, әуе кеңістігін жаппаған. Ал ұшақта болған жолаушылардвң бірі жарылыс даусы естілгенін айтқан. Сондықтан, ұшақ ұшқыштары ең қауіпсіз нүкте ретінде Каспийдің бергі бетіндегі Ақтауға қарай қашқан.
Ресми нұсқада ұшақтың топ боп ұшқан құстарға соғылуын басты себеп деп атайды. Десе де, сарапшылар ұшақ құстарға соғылғанның өзінде бұл штаттық жағдай саналатынын айтады.
Кеше Euronews телеарнасы аталған апатты тергеуге қатысты ресми дереккөздерден рейстің межелі жері - Ресейдің Грозный қаласына жақындаған кезде аман қалған жолаушылар жарылыс дыбысын естігенін және оның артынан ұшақтың фюзеляжына зақым келтірген сынық сынықтарын естігенін хабарлады.
Euronews алған ақпарат Әзербайжанда орналасқан AnewZ халықаралық жаңалықтар арнасының жаңалықтар репортажына сәйкес келеді, олар ресейлік әскери блогердің сөзіне негізделіп отырғаны анық, ол «ұшақтың зақымдануы абайсызда әуе қорғаныс зымыран жүйесімен соқтығысуы мүмкін деген болжам жасайды» делінген ақпаратта. Тағы бір ақпаратта апатқа ұшыраған ұшақты Ресей әуе қорғаныс күштері дронмен шатастырып, атып түсірген болуы мүмкін деген болжам айтуда.
Әрине, бұл айтылғандар долбар мен болжамдар ғана. Ұшақ апатына Ресей кінәлі деп кесіп-пішіп айта алмаймыз. Маман емеспіз. Оның үстіне. Халықаралық сарапшылар мен тергеу комиссиясы өз тұжырымдарын жасайды. Қара жәшіктің қоясы ақтарылады. Күту керек.
Десе де, Ресей соғысып жатқан мемлекет. Біздікі сақтық үшін. Ресей әуе кеңістігі қауіпсіз емес. Қаңғып ұшқан оқ көп. Алда-жалда не болып, не қоймас. Сондықтан, соғыс тоқтағанша Ресейге ұшақ ұшыруды тоқтата тұру жөн-ақ…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz