Лукашенко Зеленскийден қалай кешірім сұрады?
Украина президенті Зеленский америкалық подкастер Лекс Фридманға ауқымды сұхбат беріпті. Сол сұхбаттың ішінде: соғыстың алғашқы күндері Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен сөйлескенін айтты.
ПРЕЗИДЕНТ ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
- Мен Лукашенкомен телефон арқылы сөйлестім. Ол менен кешірім сұрады. «Біздің территориядан Украинаға зымырандарды мен атқан жоқпын, Путин атты. Мен емес, мен бақылай алмаймын», - деп ақталды. Мен оған Путинмен теңдей қылмыскер екенін бетіне айттым. Ал ол маған: «Сен түсін, орыстармен соғысудың керегі жоқ», - деп иландыруға тырысты.
Тіпті, Лукашенко маған Беларусьті соққылауға болатын айтты. «Жақсы, ендеше Беларусьтегі бір МӨЗ-ге (мұнай өңдеу зауыты) соққы жаса. Сен білесің ғой, ол МӨЗ-дің мен үшін маңызды екенін», - деді Лукашенко. Ол Мозыр МӨЗ-ін ұсынды маған. Мен оған: «Қайдағы жауап?! Не деп отырсың», - деп ашуландым. Бұл соғыстың алғашқы екінші, әлде үшінші күні болатын, - дейді.
Ал президент Зеленский айтып отырған Мозыр МӨЗ-і – Беларусьтегі ірі мұнай өңдеу зауыты. Ол Ресей армиясына жағармай өндіріп, жеткізіп отырған негізгі зауыттардың бірі. Жұмысын 2024 жылдың 15 шілдесінде тоқтатқан. Беларусь билігі МӨЗ жұмысының тоқтауына «дауыл» себеп болғанын айтады. Ал Укарина БАҚ-тары зауыт Украинаның дрондарынан зақымданғанын жазды.
ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ?
Президент Зеленскийдің бұл айтқандарына Беларусь президенті Лукашенконың баспасөз қызметі ресми жауап беріп, соғыстың алғашқы күндері екеуара сөйлесу болғанын растап, бірақ, кешерім сұрамағанын айтады.
- Беларусь пен Украина президенттерінің соғыстың алғашқы күндеріндегі әңгімесі тек Беларусь президентінің кенже ұлы Николайдың эмоционалды реакциясының арқасында ғана болды. Оның телефонында Зеленскийдің контактісі болған.
Бұл әңгіменің мәні мазмұны не десеңіз: Біздің президент ең алдымен, Украина аумағында, Зеленскийдің аумағында соғыс өршіп кеткенін және уақыт өте келе Зеленскийге бейбіт адамдардың өлімі үшін жауап беруі керек екенін айтты. Жеке мүддеден адамдардың өмірі артық тұруы керек!
Сондықтан біздің президент келіссөздер үстеліне отыруға шақырды және келіссөздер болды. Беларусьте үш раунд өтіп, әрі қарай Ыстамбұлда жалғасты. Беларусь президенті Зеленскийден кешірім сұраған жоқ. Кешірім сұрауға себеп те жоқ!
Керісінше, Украина бірінші болып бізге қарсы санкциялар салды. Тіпті, АҚШ санкция туралы ойламай жатып, Украина Беларуське санкция салды, - дейді Лукашенконың баспасөз хатшысы.
Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді. 2020 жылғы сайлаудан кейін әлемнің көптеген өркениетті елі оның билігін легитимді деп есептемейді. Биыл 26 қаңтарда ол 7-ші кезек сайлауға түскелі жатыр.
Соғыстың алғашқы кезінде Ресей әскері Беларусь жері арқылы Украинаға соққы жасап, Киевті алуға тырысқан еді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz