Бейсенбі, 9 Қаңтар 2025
Өткір 778 4 пікір 8 Қаңтар, 2025 сағат 14:37

Оралман және Инвестор

Суреттер: kaztag.info, Sputnik / Владислав Воднев, halyq-uni.kz сайттарынан алынды.

Шетелден инвестор тарту – тәуелсіз Қазақстанның басты экономикалық бағыттарының бірі болып келе жатқаны жұртқа аян. Өзгенің қаржысымен экономиканы көтеріп, сол арқылы жалпы қоғамды көркейту – әлемде бұрыннан бар тәжірибе.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Американың Еуропадан бас сауғалап қашқан түрлі сала мамандарын құшақ жая қарсы алып, алаңсыз жағдай жасап, бүгінгідей әлеуетті қуатқа жеткенін екінің бірі біледі. Жалпы Американың практикасында зерек милыны, дарындыны «импорттау» басты назарда. Келгендердің қатарында қара үзген ғалым Энштейіннен бастап, қазіргі әлемнің маңдай алды бай адамы Илон Маск те бар. АҚШ билігі мейлі экономист бол, техниканың білгірі бол, болмаса рухани ақсүйек күйдегі өнер адамы бол, бәріне тең мәміле жасайды. Алаламайды. Саяси жүйесі соған жол ашқан.

Келмеске кеткен Кеңес үкіметі «арамтамақ» деп айыптап шекарадан қуған Иосиф Бродскийге пана болған, орташа білім алған ақынға «академик» атағын беріп әспеттеген де сол Америка болатын.

Өзгеге қарап көшін түзеп келе жатқан қазақ билігі шетелдік қалталыларға ғана мойын бұрып, қандастарына қырын қарады десек асыра сілтегендік болар еді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шақыруымен қытайдан опера әншісі Майра Мұхаметқызының, биші Шұғыла Сапарғалиқызының, тағы басқа өнер майталмандарының атажұртқа оралғанынан былайғы жұрт құлағдар. Ресми дерек бойынша осы күнге дейін өзге шетелдерден миллионнан астам қазақ қара шаңыраққа оралған. Олар әр жылдары әртүрлі статусқа ие болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтылап айтқанда марқұм Сергей Терещенко үкіметті басқарып тұрғанда «қазақ куәлігіне», кейін «оралман», «қандас» мәртебесіне ие болды.

Экономикалық тұрғыдан алғанда инвестор мен шеттен келген қандастардың екеуінің де қазақ қоғамына пайдасы болмаса, зияны жоқ. Алдынғысы қаржы көзі болса, соңғысы дайын тұрған еңбек күш, яғни адам капиталы. Олардың түбегейлі айырмашылығы – келу мақсаттарының екі алуандығында. Қиыр қонып, шет жайласа да ата салтын ұмытпаған, сан мың ғасырлық дала өркениетінің айнымас мұрагері, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» ұстанымын рухани тірек еткен көшпенділердің соңғы буыны – елге келген қандастардың түпкі ниеті қара шаңырақта дәстүрлісалтымен қамсыз өмір кешу болса, ұлттық дәстүрімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге өркениет өкілі – инвесторлардың көздегені қазынаға бай қазақ елінің жер асты-үсті байлығы, олар шикізатқа бай тәуелсіз елді пайда көзі есебінде ғана қарастырады. Өкінішке орай, тәуелсіз Қазақстанда екеуі бірдей тең мәмілеге ие болды деп айта алмаймыз. Оған дәлел ретінде дамыған Батыс елдерінен келсе бір сәрі, Қазақстаннан артта қалған Өзбекстан мен Қырғызстаннан шығып, Қазақтың жер асты-үсті байлығына ие болған аталмыш «Еуразия» үштігін айтуға болады.

Қазіргі дәстүрлі құндылықтар мен артында жымысқы мүдде жасырынған түрлі ұстанымдар қайшылығы миша былыққан жаһандану дәуірінде инвесторлардың келуін жалаң экономикалық құбылыс ретінде қарастырсақ оңбай қателесеміз. Демократиялық саяси жүйесі, биліктен тәуелсіз соты, бұқаралық ақпарат құралы жоқ елдердің инвесторлардың «жұмағына» айналатыны айтпаса да түсінікті. Мұндай елде олар салықтан жалтарып ғана қоймай, адам өмірімен де санаспайды.

Елде қазақ тілді оралмандар санының артуы мен билікке сөзі өтімді шетелдік инвесторлардың ықпалының күшейуіне ілесіп Қазақстанның саяси, рухани бағдары да мың құбылды. Назарбаев кезіндегі «қазақстандық ұлт», «үш тұғырлы тіл» ұстанымдары соның айғағындай. Жат жұрттық инвесторлардың жалаң экономикалық пайданы ғана көздемейтіні, май шелпектен айырылмау үшін жергілікті халықтың ұлттық болмысын өзгертуді көздейтіні тарихтан белгілі. Оған Латын Америка елдерінің көрген көресісі анық мысал. Ол аз десеңіз қазақтың мұнайына шылқып отырған қытай инвесторларының қазақтың бас қаласында ана тілдерінде мектеп ашқанын қосыңыз.

Назарбаев дәуіріндегі инвесторлармен жасалған құпия келісім-шарттардың шикізат өндіру көлемін арттырғаннан басқа, жергілікті халықтың өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелмегені уақыт өткен сайын мәлім бола бастады. Әлеуметтік қайшылықтың асқынуы себепті ақыр аяғында өзі де билікті тапсырып, перде артынан бақылауға көшті. Мұнайлы өңірлердегі еңбек дауы күн өткен сайын бәсеңдеудің орнына, ашық қарсылыққа ұласты. Назарбаевтің стратектері экономикалық, әлеуметтік бөліністің әділетсіздігінен туындаған қоғамдық қайшылықтарға оралмандарды кінәлі етіп көрсететін, оларды қоғам тәртібін бұзушы басты фактор ретінде қарастыратын тактика ойлап тапты. Мұқтар Жәкішев істі болған «Казатом» ісінде де, «Жаңа өзен оқиғасы» кезінде де осы тактиканы қолданды. «Қаңтар трагедиясы» кезінде де аталмыш тәуелсіз адвакаттар: «Тергеу изоляторында жатқандардың арасында оралмандар көөөөөп» деді. Бұл үрдіс әлі тоқтаған жоқ.

Оралмандарды сұрқия етіп көрсетумен 30 жылдан бері қордаланған қоғам түйткілдерінің шешім таппайтынын уақыт өзі дәлелдеді. Ескі Қазақстанның тактикасын Жаңа Қазақстанға көшіру күлкілі болып шықты. Марқұм Шерзаттың ата-әжесі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Өзбекстаннан ата жұртқа келіп қоныстанған екен. Қырғызстандық мұғалім Мәшкевичтің бейресми деректерде айтылатын Олжас Сүлейменовтың «Невада-Семей» қозғалысының қорына менеджер болып келуімен тұспа тұс келеді. Бұл күнде Бельгия азаматтығын алған жебірей өкілінің Қазақстанда қандай статуспен жүргені бізге беймәлім, Назарбаевқа ғана аян. Үлкендері Тәуелсіз Қазақстанның азаматтығын осындағы елмен бірге алған азаматтарды «қандас» деп бөлектеу ақылға қонымсыз.

«Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай әлгінде әлеуметтік желіде құптарлық бастама көтеріпті. Оның сөзінше Қазақстан жылына 89 миллион тонна мұнай өндіреді, жан басына шаққанда 4,5 тоннадан, ақшаға шақсақ 2,608 доллардан келеді екен. Саясаткер 33 жылдан бері бұл мәселенің мүлде қарастырылмаған алға тартып: «Сонда біздің мұнай кімге тиесілі? Оның пайдасын кім көріп жатыр? Мұнай өндіру саласындағы үш алып кит – Теңіз, Қашаған, Қарашығанаққа ешкімнің де сөзі өтпей ме? Не үшін жеріміз кен орындарға бай да, халқымыз кедейшілікте өмір сүреді?» дей келе, тәуелсіздік жылдары қол қойылған келісім-шарттарды бұзу жөнінде петиция жариялайтынын мәлімдейді. Ивесторларды таубасына келтіру басталғаны, сеңнің ептеп бұзылғаны туралы мысалдар жоқ емес. Шахтерлер өлімі жыл сайын азаюдың орнына еселеп артқаны себепті Лакшми Митталдың елден қуылғаны белгілі.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

4 пікір