Жұма, 10 Қаңтар 2025
Сараптама 417 3 пікір 9 Қаңтар, 2025 сағат 13:55

Көмірі көп Шұбаркөл арнайы кокстың алыбына айналмақ!

Суреттер: Abai.kz

«Қазақстан табиғи ресурстарға өте бай», «Қазақтың жерінің асты да кен, үсті де кен» дегенді әрбір қазақ күн сайын демесеңіз, күнара бір айтатыны өтірік емес. Және бұл сөздердің жалғаны жоқ. Шынында, Қазақстан табиғи ресурстар қорына бай мемлекет.

Ашық дереккөздердегі қайсыбір жылғы мынадай мәліметтерді сөзделелге ұсынайық: Қазақстан дүниежүзінің 186 елінің ішінде вольфрам, қорғасын және барийдің қоры бойынша бірінші орында, хромит, күміс және цинк бойынша екінші, марганец және молибденнен үшінші, мыс қорынан  төртінші, уран бойынша бесінші, алтыннан алтыншы, темір кенінен жетінші, қалайы мен никельден сегізінші, көмір мен табиғи газ бойынша тоғызыншы, мұнай бойынша он үшінші орында екен. Иә, бұл деректер бүгінгі күні азды-кем ескірген болуы мүмкін. Десе де, ақиқаттан тым алшақ емес...

Суреттер: Abai.kz

АПАҚ ТАПҚАН ҚАРА ТАС – ҚАЗАҚҚА ЖЫЛУ БОЛҒАН ТАС...

Бүгінгі Қазақстанда сала мамандары зерттеп, анықтаған жерасты һәм жерүсті кендердің, табиғи ресурстардың сан түрі бар. Бірақ, солардың ішіндегі қазақ жұрты қызығын төтелей көрген ең басты байлық ол – көмір десек, қателеспейміз. Ал көмір дегенде ойға бірден оралатыны – Қарағанды жері.

Осыдан 190 жылдан асатын уақыт бұрын Қарағандының Нұрасының төңірегінен Апақ Байжанов тапқан тас көмір күні бүгінге дейін қазақтың кәдесіне жарап келеді. Ашық деректердегі мәліметтерге сенсек, Қазақстанда барланған тас көмір мен қоңыр көмірдің қоры 200 млрд. тоннадан асады екен. Алғаш Қарағанды жерінен табылған көмір кейін келе Қазақстанның өзге де өңірлерінде анықталды. Солардың бірсыпырасы: Екібастүз, Майкөбен, Обаған, Жіліншік, Теңіз-Қорғалжын, Шу, Іле (Қалжат), Төменгі Іле (Оңтүстік-Балқаш) және Орал-Каспий (Жайың-Жем) бассейндері. Далиып жатқан Қазақстанның көптеген өңірі (ауыл-аудандар, ірілі-ұсақты қалалар мен кенттер) күні бүгінде осы қара алтын – көмірмен жылынып отырғаны және факт.

Суреттер: Abai.kz

ШҰБАРКӨЛДІҢ КӨМІРІ ӘЛІ 150 ЖЫЛҒА ЖЕТЕДІ...

Ал сол көмірді кімдер қазып жатыр? Олардың хал-жағдай, тұрмыс-тіршілігі қалай? Кеншілерге қандай жағдайлар жасалған? Біз жуырда Қарағандыдан 540 шақырым жерде орналасқан Шұбаркөлдегі көмір кеніне сапарлап бардық.

Шұбаркөлдің көмір кені 1983 жылы ашылған екен. Ал көмірді ашық әдіспен өндіру 1985 жылдан бастап жүргізіліп келеді. 2025 жылы – Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі көшбасшылардың бірі саналатын әйгілі «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнына тұп-тура 40 жыл. Осы 40 жылдың ішінде Шұбаркөлде өндірілген көмір көлемі 200 миллион тоннадан асады. Ал жылдық өндірілген көмірдің көлемі – 12, 5 млн тоннадан асады.  «Шұбаркөл көмір» – құнды қазбаны өндіруден республика бойынша үшінші орында тұрған алып ұжым. Мамандар Шұбаркөлде әлі 150 жылға жететін көмір қоры барын айтады.

Мамандар сондай-ақ, «Шұбаркөл көмірді» Қазақстандағы ірі энергетикалық көмір өндірушілерінің бірі деп бағалайды. Шұбаркөл көмірін оның жоғары калориялығына және күлінің аз болуына байланысты оны экологиялық таза энергия тасымалдаушыларға жатқызады.

Суреттер: Abai.kz

КӨМІР ҚАЛАЙ ҚАЗЫЛЫП ЖАТЫР?

«Шұбаркөл көмір» кәсіпорнының негізін «Орталық» және «Батыс» дейтін екі ірі көмір разрезі құрайды. Бұл резервтер Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында орналасқан. Екі карьерде де көмір өндіру ашық әдіспен жүргізіледі. Яғни, көмір қазу – жалаң қолмен жердің астына шахта салу арқылы емес, арнайы техника, машиналандырылған кешен арқылы қазылуда. Жердің беткі қабатын ашудан бастап, көмірді қазып алуға дейін экскаваторлардың күшімен қазылуда. «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнында кеншілер (жұмысшылар) толықтай дерлік жапондық «Hitachi» компаниясының өнімділігі жоғары гидравликалық экскаваторлары мен Ресейде шығарылған ЭКГ экскаваторларымен қамтылған. Ал ашық кеніштерден тау-кен массасын және көмірді шығаруды жүк көтергіштігі 60-тан 220 тоннаға дейінгі «Caterpillar», «Hitachi» және «БелАЗ» автосамосвалдары жүзеге асыруда. Бульдозерлер, грейдерлер мен тиегіштер жолдарды дайындаумен, тиеу жұмыстарымен және үйінділерде тау-кен массасын қабылдаумен айналысуда. Мұның барлығын біз өз көзімізбен көріп, сондағы жұмысшылармен бірлі-жарым күн бірге жүріп, біліп қайттық.

Суреттер: Abai.kz

ШҰБАРКӨЛ БАСШЫЛЫҒЫ: БІЗГЕ КӨМІРДЕН БҰРЫН ӘРБІР КЕНШІНІҢ ӨМІРІ ҚЫМБАТ!

«Шұбаркөл көмір» кәсіпорнында ұзын-саны 3 мыңға жуық жұмысшы нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. Олар 15 күндік вахталық режимде жұмыс жасайды. Яғни, бір вахталық режимде 1500-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар 2 ауысымда, күндізгі және түнгі ауысымдарда еңбек етуде. Кәсіпорын жұмысшыларына барлық жағдай жасалған десек артық айтқандық емес. Мұнда ең әуелі вахталық кент бар. «Шұбаркөл көмір» жұмысшылары осы кентте тегін жатақжаймен қамтылған. Ал мұндағы орташа айлық 500 мың теңгеден асады.

«Жердің көміріне құнығып, кеншілердің өмірін назардан тыс қалдырған кезіміз жоқ. Бізге осындағы әрбір жұмысшының өмірі қымбат», - дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ Бас директоры Сергей Ким мырзамен сөйлескенде.

Суреттер: Abai.kz

ШҰБАРКӨЛДІҢ ВАХТАЛЫҚ КЕНТІ

«Шұбаркөл көмір» АҚ вахталық кентінде жұмысшыларға барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған. Бізде әр жұмысшы күнделікті дәрігерлік тексеруден өткізіліп қана, жұмыс алаңына жіберіледі.

Біздің вахталық кенттің аумағында жуырда жаңа спорт кешені ашылды. Спорт кешені барлық керек-жақтармен түгелдей қамтылған. Мұнда тіпті, арнайы екі жаттықтырушы жұмыс жасайды. Біздің жұмысшылар күндіз-түні кен қазып қана қоймай, осы спорт кешенінде өздері қалаған спорт түрлерімен айналысып, тіпті кәсіпорынаралық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл спорт кешенін ашудағы басты мақсаттардың бірі – ұжымдық рухты күшейту болған. Қазір бұл ойымыз өз жемісін берді», - дейді Сергей Ким мырза.

Жаңа ашылған спорт кешенінің аумағында: заманауи құрал-жабдықтар, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, екінші қабатта арнайы жабдықталған зал да қауіпсіздік талаптарына сай жаңартылған биіктікте жұмыс істеуге арналған жаттығу алаңы орналасқан.

Сонымен қатар, «Шұбаркөл көмір» АҚ вахталық кентінің аумағында 4 бірдей заманауи үлгідегі жатақханалар мен бір қабатты тұрғын үйлер, бір мезетте 200 адам еркін тамақтана алатын үлкен асхана мен жеңілдетілген бағадағы азық-дүкені, караоке залы орналасқан. Тіпті, Шұбаркөл жұмыскерлері үшін Қарағандымен екіарада қатынайтын арнайы теміржол вагондары да бар екен. Бұл вагондар жұмыскерлер үшін тегін. Яғни, кәсіпорынға келіп-кетуге дейін жағдай қарастырылған.

«Біздің «Шұбаркөл көмір» вахталық кентінде жұмыскерлерімізге әртүрлі ас мәзірі мен жайлы атмосфераны ұсынып, жұмыс пен демалыс үшін салауатты ортаны құруға барлық жағынан күш салудамыз», - дейді «Шұбаркөл көмір» басшылығы.

Суреттер: Abai.kz

БАЛАМАСЫ ЖОҚ КОКС-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ: КӨМІРДЕ БАР КӨП ӨНІМ...

Жұрт мұнайдан алынатын өнімнің сан алуан түрі бар екенін жақсы біледі. Ал қазақ мұнайына басты балама саналатын – қазақ көмірінен не шығады дегенде, көбіміз кідірістеп қаламыз. Расында, бізде мұнай-химиясы һәм мұнай өнеркәсібі жіті зерттелген және көп жазылған тақырып. Ал көмір-химиясы немесе көмір өнеркәсібі туралы көп айтыла бермейді.

Көмір өнеркәсібі – еліміздегі ең көне шаруашылықтардың бірі саналады. Ал елімізде пайдаланылатын отынның 1/2 бөлігі дәл осы көмірдің үлесіне тиесілі екен. Бүгінгі таңда көмірден әртүрлі әдістермен шаруашылықтың түрлі саласына қажетті 350-ден астам құнды зат алынады екен.

«Шұбаркөл көмір» АҚ 2006 жылдан бері арнайы кокс шығаратынын бірі білсе, бірі білмейді. Ал 2021 жылы арнайы кокс шығаратын зауыттың екінші кезегінің құрылысы басталған.

АРНАЙЫ КОКСҚА СҰРАНЫС КӨП

«Шұбаркөл көмір» – заман көшінен қалмай келе жатқан кәсіпорын. Мұнда негізгі өндіріспен қатар көмірді терең өңдеу бағдарламасы бар. Кәсіпорын басшылығы өндірісті әртараптандыру мақсатында Қазақстанда баламасы жоқ, арнайы кокс шығаратын зауытты іске қосқан.

Арнайы кокс шығаратын зауыт «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында орналасқан. Төмен температуралы құрғақ тазарту технологиясы бойынша арнайы кокс өндіретін зауыттың жалпы өндірістік қуаты 210 мың тонна жалпы өнімді құраған. Ал 2021 жылы кәсіпорын алаңында арнайы кокс шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталған. Зауыттың қуаттылығы жылына 400 мың тонна өнімді құрайды.

Аталған жобаға салынған инвестиция 60 млрд теңгені құраған. Осы арқылы зауытта 185 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірісте ең заманауи технологиялық шешімдер мен автоматика қолданылады.

ҚР тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының мәліметтері бойынша, арнайы коксқа деген Қазақстанның ішкі қажеттілігі жылына 1 миллион тоннадан асады екен. Ал арнайы кокстың басым бөлігі қазіргі таңда елімізге Ресей мен Қытайдан әкелініп жатыр.

Сурет: egemen.kz

«Бұған бізден басқа инвестор араласқан жоқ, өз жобамыз. Халықаралық технологиялық шешімдерді пайдаландық (Қазақстанда мұндай өндіріс болған жоқ), кей тұсын өзіміздің мамандар жетілдірді. Бұл осы жобаға қатысқан отандық мамандарда тиісті біліктілік деңгейі мен кез келген технологияны бейімдей алатын кәсібилік бар дегенді білдіреді. ERG-да сондай жоғары дәрежелі инженер мен технологтердің бар екенін де мақтаныш етеміз. Әрине, арнайы коксты дайын күйінде сатып алғанға қарағанда біршама қымбат. Дегенмен бұл мен айтқан жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған кәсіпорындарды жаңғырту ғана емес, ұзақ мерзімді басымдықтар тұрғысынан өндірістік үдерісті қайта қарайтын «индустриалды модернизм» саясатымен үйлесетін реинвестиция стратегиясын меңзейді», - дейді «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов (Дереккөзі: egemen.kz. 22.10.2024).

ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ жаңа арнайы коксты өндіретін зауыты 2024 жылы жобалық қуатқа жетіп, 478 000 тонна өнім шығарған. Бұл жоспарлы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары нәтиже саналады.

«Зауытта өндірілетін спецкокс импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қазір нарықта мұнай, белсендірілген көмір, техникалық көмір, метанол және карбонаттар сияқты қайта өңделген өнімдерге сұраныс жоғары. Болашақта осы өнімдер қатары кеңейтілетін болады. Біз көмірді толық циклмен өңдеп, болашақта көмірден — кокс, кокс арқылы — газ, газдан — электр энергиясы алуды мақсат етіп отырмыз», - дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ кәсіпорынның бас директоры Сергей Ким.

ӘРТАРАПТАНДЫРЫЛҒАН ӨНДІРІС: «ШҰБАРКӨЛДІҢ» ӨНІМДЕРІ

Қазіргі таңда «Шұбаркөл көмір» тек қана көмір қазып, оны Қазақстанның ішкі нарығына және сыртқа экспорттап отырған жоқ. Сонымен қатар, өндірісті әртараптандыру бойынша көмір өнеркәсібін мейлінше дамытып, көмірден түрлі өнімдер алуда. Солардың бірсыпырасы мінекейіңіз:

1) «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында негізгі өнімдерден басқа, жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майы өндіріледі. Сондай-ақ, тағы бір ауқымды жоба – кокс-химия цехында арнайы кокс ұсақтарынан белсендірілген көмір өндірілуде.

«Бұл қазірдің өзінде әртараптандырудың екінші кезеңі, өйткені өнімнің қосылған құны көмірдің құнынан екі есе жоғары. Объекттің өндірістік қуаты жылына 1 мың тонна белсендірілген көмірді құрайды. Кәсіпорын жаңа және ТМД елдерінде баламасы жоқ», - дейді зауыт басшылығы.

2) «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында 2022 жылы гуматтар өндірісі басталған. Бұл – гуминді тыңайтқыштар (натрий гуматы). Оның шикізаты Шұбаркөл кен орнының тозған көмірлері. Бұл өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін шешуге көмектесетін маңызды экологиялық жоба.

3) 2024 жылы тыңайтқыштың тағы бір түрі – калий гуматы өндірісі бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, көмірді тереңдете өңдеудің тағы бір бағыты – көмір шайыры мен көмір шайырының қалдықтарынан көміртекті талшық өндіру қарастырылуда.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ТОП ЕЛГЕ БЕТ БҰРА МА?

Айта кетейік: 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап «Шұбаркөл разрезі» Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастықтың,  яғни ERG (Еуразиялық Топ) құрамына құрамына кіреді.

Осы тұста ақиқатын айту парыз: Қазақ жұртының Еуразиялық топқа қатысты көзқарасы екіұшты. Ескі билік тұсында (Нұрсұлтан Назарбаев) Қазақстанның есепсіз табиғи ресурстарына еркін қол жеткізген Александр Машкеевич бастаған Еуразиялық үштіктің ұшар басындағы мырзалар қазақ жұртына қарайласқан жоқ. Әсіресе, Машкеевичтер параллель паспорттарына һәм экс-президент Назарбаев командасына арқа сүйеп, қазақтың қазба-байлығынан түскен қыруар қаражатты шетел асырды. Сол үшін де Еуразиялық үштікке қазақ елі өкпелі. Өкпесін айтқан қазаққа, Қазақстанға Машкеевичтер әуелі мінез көрсетіп: «Қажет болса, бизнес-активтерді сатып, елден кету қиын емес», - дегені де есімізде.

Сурет: egemen.kz

ШУХРАТ ИБРАГИМОВ: ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА САЛАМЫН!

Десе де, қазір ERG (Еуразиялық Топ) басшылығы ауысты. «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған Шухрат Ибрагимов тағайындалды. Шухрат Ибрагимов басшылыққа келе-сала: «Ұлттық экономикаға инвестиция салуды – басты басымдыққа айналдырамын», - деп қазақ тілінде сұхбат берді.

«Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін. Біздің кәсіпорындардың көбі және басым қуаттылық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан бөгде нысандар үлесін төмендете отырып отандық өндірісті дамыту және жаңғырту – бірегей таңдауымыз. Қазақстан зауыттарына ERG әрқашан басымдық берген. Менің де басты мақсатым – елдегі өндірісті ұлғайту. Иә, біз компанияның алдыңғы онжылдықтағы даму бағдарламасын алмастыратын жаңа құндылық, жаңа стратегиямен жұмыс істейміз. Бұл стратегияны «индустриалды модернизмнің» бір сипаты десем болады, яғни байырғы өндіріс орындарын қайта жарақтандыру және біздің компанияда бар бәсекелі артықшылықты күшейтетін жаңа жобаларды құру. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «экономиканың өнеркәсіптік негізін» қалыптастырамыз», - деді Шухрат Әділжанұлы (Дереккөзі: egemen.kz. 22.10.2024).

Тақырыпқа тұздық: Осы тұста Еуразиялық үштіктің өзге де ойыншыларына қатысты орыс тілді БАҚ-та алып-қашпа әңгімелердің шеті көріне бастады. Машкеевич пен Шодиевтер әулеті «Инвестицияны Қазақстан экономикасына саламын», - деген Шухрат Ибрагимовтің бастамасын ынта-шынтасымен қолдай қоймаса керек. Машкеевич пен Шодиевтер әулеті өз үлестерін өзге шетелдіктерге сатып кету жайын талқылай бастағаны айтылуда. Егер солай болса, алдағы уақытта естіп-біле жатармыз...

Әзірге, «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағалығын тізгіндеген Шухрат Әділжанұлы: «Менің ғана емес, жас буынның көзқарасы тұрғысынан қарасақ, біз бизнеске бар нәрсені жалғастыру үшін ғана емес, жаңа құндылықтар мен тың бағыттар қалыптастыру үшін келеміз. Әлем қатты өзгерді. Бірер жыл бұрын ойымызға да келмеген тәуекелдер мен қатерлер пайда болып жатыр. Заманауи әрі табысты компания ретінде мұндай қауіп-қатерді бизнесті жақсарта түсудің мүмкіндігі деп түсінеміз. Кем-кетігімізді жойып, артық тұсымызды нығайта түсеміз. Өзгеріс – дамудың ажырамас бөлігі», - деп отыр.

Оның қалай жүріп жатқанын «Шұбаркөл көмір» кеніне аяқтай барып, көз жеткіздік. Ондағы өндіріс қарқынына, жұмысшыларға жасалған қамқорлық пен қолайлы жағдайларға көзіміз тойып қайтты...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

3 пікір