Сенбі, 18 Қаңтар 2025
Билік 158 1 пікір 18 Қаңтар, 2025 сағат 13:25

Қазақстан-Ресей: Бейбіт шекара бөліске 20 жыл толды...

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: caravan.kz, Anadolu Agency.

18 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Осы айтулы датаға байланысты Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында оның маңыздылығын атап өтті:

– Жалпыға бірдей халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алған бұл тарихи құжат әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасын құқықтық тұрғыдан рәсімдеуге берік негіз қалады және елдеріміздің мызғымас достығының, тату көршілік пен одақтастық қатынастарының символына айналды, – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.

Мемлекеттік шекара мәселелері кез келген тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды болып табылады: нақты анықталған және халықаралық деңгейде танылған шекаралар – болашақта аумақтық даулардың туындауының кез келген алғышарттарын жоюға мүмкіндік беретін ел қауіпсіздігінің және әр түрлі интеграциялық форматтардағы достыққа, сенімге және ынтымақтастыққа негізделген екіжақты қатынастардың тұрақтылығының негізі.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы екі ел арасындағы ресми шекараны бекітіп қана қоймай, сонымен қатар әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасын (7 548 км) ресімдеген болатын. Бұл – бұрын‑соңды болмаған тарихи оқиға.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара толығымен белгіленгенін, ал Шарт екі елдің парламенттерінде ратификациялағанын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелгенін атап өтті.

Шекараны белгілеу Шарты 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың ережелері мен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы 1998 жылғы 6 шілдедегі декларацияны ескере отырып әзірленді.

7548 шақырымдық шекараны рәсімдеу барысында мемлекеттер арасында қандай да бір шекаралық келіспеушіліктер туындаған емес.  Бұл Шарт өзара сыйластық пен бейбіт қатар өмір сүруге деген ұмтылыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Содан бергі өткен жиырма жыл  уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынас көптеген бағыттарда қарқынды дамып келеді ‑ мемлекеттер арасында 350-ден астам екіжақты халықаралық шарттарға қол қойылды.

Мәселен, Шарт негізінде екі ел арасында шекарасы шектесетін көрші өңірлерде өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканы, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы деңгейлес дамытуға мүмкіндік артты, осы бағыттағы ұзақ мерзімді міндеттер орындала бастады. Бұл  екі жақта шамамен 32 миллион адам тұратын шекаралас аймақтар үшін аса маңызды.

Бүгінде бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ҚР мен РФ тату көршілік пен жан-жақты ынтымақтастықтың үлгісін көрсетуде. Мұндай ынтымақтастықтың негізінде мүдделердің ортақтығы, өзара сыйластық, жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог жатыр. Қазақстан-Ресей қатынасы өзара сенім рухында дамуда. Ел Президенттері ашық, іскерлік және өзара құрметке сүйенетін тұрақты байланысты сақтап келеді. Мәселен, өткен жылы ғана ел басшыларының төрт рет толық форматты келіссөздер жүргізулері және халықаралық іс-шаралар алаңында бірнеше рет кездесулері, телефон арқылы сөйлесулері бұған куә.

Ресей – біздің елімізге инвестициялар ағыны бойынша негізгі бағыттардың бірі. Тек 2024 жылдың 9 айында елімізге келген ресейлік инвестициялар ағыны 2,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Ресейлік бизнес отандық экономикда елеулі рөлге ие. Мәселен, бүгінде Қазақстанда 24 мыңға жуық ресейлік компания жемісті жұмыс істейді. Оның 4 мыңы өткен жылы ғана ашылды. Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салаларда ауқымды бірлескен қызметті жүзеге асыруда. Ең маңызды жобалардың қатарында Қазақстанда үш ЖЭО құрылысының басталуын, Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жобасын, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірлерін газдандыру, оңтүстік және шығыс бағыттағы Ресей энергоресурстары транзитінің көлемін ұлғайту жөніндегі ауқымды бастамаларды атап өтуге болады.

Қазақстан мен Ресей 30 жыл бұрын қол қойылған мәдени және ғылыми алмасу туралы келісімге негізделген гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты белсенді дамытуды жалғастыруда. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан мен Ресейдің мәдениет министрлері театр, музей және музыкалық ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ осы салада бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін Мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті.

Атап айтқанда, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Орыс маусымы» және «Қазақ киносы күндері» сияқты ауқымды іс-шараларды, театр және кино-спектакльдермен алмасуды, сондай-ақ бірлескен көрмелер мен концерттерді ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, театрлардың гастрольдері және Ресейде ең үздік қазақ фильмдерінің көрсетілімдері өтті. Бұл халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді:

1. Ақтөбе облысы Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Қазақ камералық хоры, «Салтанат» би ансамблі және Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» орындаушылар ұжымы Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань және Қазан сияқты Ресейдің негізгі мәдени алаңдарында өнер көрсетті;

2. Қазақстандық делегацияның Біріккен мәдениеттердің мерейтойлық Х Санкт-Петербург халықаралық форумына қатысуы өтті, оған 50 елдің ресми делегациялары мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды адамдары қатысты;

3. Қазақстанда М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және А. Островский атындағы Орал орыс драма театрынан өзге тоғыз орыс драма театрлары қызмет етуде;

4. Елдер арасында белсенді жүзеге асырылып жатқан тату көршілік қатынастарды нығайту саясатының көрсеткіші атақты қазақстандықтарға ескерткіштер ашу болып табылады. Осылайша, мысалы, Мәскеу мен Қазан қалаларында ақын А. Құнанбаевқа ескерткіш пен бюст,  2019 жылы Санкт-Петербургте Мерген А. Молдағұловаға аттас көшеде ескерткіш  орнатылды. Сондай-ақ, Томск қаласындағы  «Геологтар аллеясында» орнатылған Қ. Сәтбаевтың ескерткіші мен Астрахан қаласындағы композитор Құрманғазының ескерткішін атап өткен жөн;

5. Қазақстан мен Ресей жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда, бұл студенттер мен оқытушылардың қарқынды алмасуынан көрінеді. 2023-2024 оқу жылында Ресейде 60 мыңға жуық қазақстандық студент, ал Қазақстанда 1655 РФ азаматы оқыды. Сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарында сабақ беру үшін 178 ресейлік маман және Ресейдің жоғары оқу орындарына 58 қазақстандық оқытушы тартылды. Бүгінгі күні екі елдің жоғары оқу орындары арасында 1683 шарт жасалды, 29 бірлескен білім беру бағдарламасы, 94 қос диплом бағдарламасы және 24 ғылыми жоба іске асырылуда;

6. «Болашақ» бағдарламасы аясында 63 қазақстандық Ресейдің жетекші оқу орындары мен ғылыми институттарында ғылыми тағылымдамаларды аяқтады. Тағылымдамалар «Мемлекеттік басқару», «Құқық», «Биомедицина», «Мал шаруашылығы» және т.б. мамандықтар бойынша өтті. Түлектердің ең көп саны келесі бағыттар бойынша дайындалды: гуманитарлық – 31 адам (49,2); техникалық – 31 адам (49,2%); медициналық – 1 адам (1,6%). Тағылымдама М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті, Экономика жоғары мектебі сияқты беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде, сондай-ақ Ресей Ғылым академиясының ғылыми институттарында өткізілді.

7. Жыл сайын Ресей оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарында оқитын студенттерге мемлекеттік білім беру гранттары бөлінеді. Мысалы, ММУ қазақстандық филиалының студенттеріне арнап бакалаврлар үшін 125 грант және магистранттар үшін 40 грант, ал Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалы үшін – 45 грант бөлінеді. ТДулати университеті (DU), Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті (РХТУ)  және «Қазфосфат» ЖШС арасында қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру  туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде Тараз қаласында РХТУ филиалын ашу туралы шешім қабылданды. Осы келісім аясында Алматыда «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті және Атырауда И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті сияқты университеттердің жаңа филиалдары ашылды. Олар үшін 200 грант бөлінді.

Әрине, әлемдік қайшылықтар жағдайында Қазақстан, ең алдымен, өзінің мемлекеттік және ұлттық мүдделерін басшылыққа алатыны заңды. Яғни, Қазақстан геосаяси кеңістікте бейтараптықты сақтай отырып, өзінің көршісі Ресеймен экономикалық және сауда, ғылыми және мәдени қатынастарын дамытуды көздейді. Ол екі жаққа да өзара тиімді жағдайда іске асады деп сенім білдіреді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір