Трамп Орталық Азияға қатысты қандай саясат жүргізеді?
Трамп Америкадағы президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, оның Орта Азияға қандай саясат ұстанатыны Қытайдың аймақты зерттеу орталықтарының талқы тақырыбына айналған. Төменде Ланьчжоу университеті ШЫҰ ғылыми-зерттеу орталығының директоры және Ланьчжоу университеті Орталық Азия институты директорының орынбасары Цзэн Сяньгунгтің жергілікті басылымға берген сұхбатын аударып беріп отырмыз.
Тілші: Трамп бірінші президенттік мерзімінде Орталық Азияға қатысты қандай саясат жүргізді?
Цзэн Сянгонг: Трамп президент кезінде Орталық Азияға көп көңіл бөлмеді. Шын мәнінде, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Помпео Орталық Азия елдеріне 2020 жылдың ақпан айында ғана барды.
Ол кезде келесі президенттік сайлауға санаулы айлар қалған еді, Трамптың қызметінен кетуіне де уақыт таяған. Басқаша айтқанда, Трамп президент ретіндегі бірінші мерзімінде Орталық Азия мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлмеді, оның басты назары Ауғанстаннан әскерлерін шығару болды.
Тілші: 2020 жылдың ақпанында Трамп әкімшілігі Орталық Азия стратегиясын жариялады.
Цзэн Сянгонг: Менің жеке талдауым бойынша, бұл шын мәнінде бір қырын көрсетеді. Обама әкімшілігі жасай алмаған нәрсені Трамп әкімшілігі жасады. Бұл ұсыныстың хронологиясы да өте қызықты, Помпео табаны Орталық Азияға тимей жатып, Ақ үй Орталық Азия стратегиясын жариялады.
Тілші: Обама әкімшілігі бастаған «С5+1» диалог механизмі Трамп билікке келгеннен кейін уақытша тоқтатылды, кейін Байден әкімшілігі кезінде қалпына келтірілді. 2023 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы кезінде Америка Құрама Штаттарының Президенті осы үлгідегі кездесуге алғаш рет қатысып, бұл модельді президенттік кездесу деңгейіне көтерді. Неліктен мұндай өзгеріс жүз берді?
Цзэн Сянхун: Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстардан кейін әлем Орталық Азияның Ресей үшін маңыздылығына назар аударды. Орталық Азия елдері Ресейге Батыс санкцияларынан құтылуға көмектесуде үлкен рөл атқара алады. Сондықтан АҚШ бұл мүмкіндікті Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту үшін пайдаланғысы келді. Әрине, тереңірек мақсат – Ресейді тежеу, және Орталық Азия елдерінің Ресейге санкциялардан жалтаратын төте жолға айналуына жол бермеу.
«С5+1»-ге келетін болсақ, тағы бір өте маңызды жайт, барлығы «С5+1» диалогын өткізіп жүр. Мұны Ресей, Қытай, Үндістан жасап жатыр. Құрама Штаттар артта қалғысы келмейді.
Дегенмен, кем дегенде, Америка Құрама Штаттарының мемлекет басшылары деңгейіндегі «С5+1» диалогы Орталық Азияның бес елінің көшбасшылары БҰҰ на баруы кезінде өткенін қаперге алу керек.
Сондықтан маңыздылығы жағынан бір ғана «С5+1» диалогтық механизмі тым көп мәселелерді түсіндіре алмайды.
Тілші: АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясатының астарында қандай ойлар жатыр?
Цзэн Сянхун: Шын мәнінде, 30 жылдан астам уақытта АҚШ-тың Орталық Азияда ұстанған стратегиялық мақсаттары ешқашан өзгерген жоқ, олар ұзақ мерзімді және дәйекті, оны үш аспектіде жинақтауға болады.
Негізгі мақсат – Орталық Азия арқылы Ресейді, Қытайды және Иранды тежеу, екіншіден, Америка Құрама Штаттары Орталық Азия елдерінің даму және геосаяси бағытын қалыптастыру; Орталық Азияны НАТО құрамына тарту.
Бұл үш стратегиялық мақсат өзгерген жоқ, олардың әртүрлі кезеңдердегі екпіні өзгерді. Нақты іске асыру процесі кезінде Америка Құрама Штаттарының ішкі ахуалына немесе халықаралық жағдайдың өзгеруіне байланысты Орталық Азияға қатысты басымдықтары, стратегиялары мен әдістері де қоса түрленді.
Тілші: Соңғы жылдары Америка Құрама Штаттары мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына байланысты барлық тараптар Орталық Азияның геосаясаттағы орнына ерекше көңіл бөлуде. Ірі державалар арасындағы дипломатиялық ойындардың алаңына айналды. Трамп сайланғаннан кейін Орталық Азияға қатысты саясатқа қандай өзгерістер енгізіледі?
Цзэн Сянхун: Менің жеке пікірімше, Трамптың Орталық Азияға қатысты саясаты ол сайланғаннан кейін көп өзгермейді және сол күйінде қалады. Шындығында, назар аударсақ, осы уақытқа дейін Орталық Азияға АҚШ-тың бірде-бір мемлекет басшысы сапарламағанын, ең жоғары деңгейі вице-президент екенін көресіз.
Трамп қызметіне кіріскеннен кейін біз оның бірінші президенттік мерзімінен ендігі стратегиялық бағдары қайдай болатынын шамалай аламыз. Менің ойымша, Трамп әкімшілігінің стратегиялық назары Таяу Шығысқа, Еуропаға және Азия-Тынық мұхиты аймағына аударылуы керек. Оның бірінші президенттік мерзімінде назары Орталық Азияға түспеген еді, екінші мерзімде Орталық Азияға көңіл аудара қоя ма?
Бұған қоса, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жағдайында Трамп әкімшілігінің ұстанымы - Путинмен тікелей келіссөздер жүргізу. Белгілі бір дәрежеде келіссөздер арқылы АҚШ-Ресей қарым-қатынастары тұрақтануы, қалпына келуі мүмкін. Егер АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы белгілі бір дәрежеде жақсарса, Ресейді ауыздықтаудағы Орталық Азияның маңыздылығы жойылады.
Сондықтан, өз басым Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ Орталық Азияға азырақ көңіл бөлуі мүмкін деп ойлаймын.
Америка Құрама Штаттары Ауғанстаннан әскерін шығаруды аяқтағандықтан, бұл Трамптың бірінші президенттік мерзімінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бірінші мерзімінде АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаруды әлі аяқтаған жоқ еді, сондықтан Трамп Орталық Азияға назар аударуға мәжбүр болды. Бүгінде Ауғанстаннан АҚШ әскерлері шығып кетті. Ресей-Украина қарым-қатынасы белгілі бір дәрежеде қалпына келуі мүмкін, сол себепті Америка Құрама Штаттары Орталық Азияға азырақ көңіл бөлуі мүмкін.
Тілші: Ресей-Украина қақтығысы Трамптың басымдығы болмаса, Трамп әкімшілігі өзінің негізгі энергиясын қайда бағыттайды? Немесе оның халықаралық стратегиясы қандай?
Цзэн Сянгонг: Жаһандық тұрғыдан алғанда, Трамптың басымдық аймағы Таяу Шығыс болуы керек.
Ресей-Украина қақтығысы және Орталық Азия белгілі бір дәрежеде, кем дегенде, қысқа мерзімді перспективада АҚШ-тың назарын азырақ тартады. Америка Құрама Штаттарының жаһандық стратегиялық жоспары Таяу Шығыста, сондықтан Трамп әкімшілігінің бірінші басымдығы Ресей-Украина қақтығысын мүмкіндігінше тезірек шешу болып табылады. Содан кейін басты назар Таяу Шығыстағы Израильге көмектесіп таяу шығысты тыныштандыру. Орталық Азияға келетін болсақ, ол оған үлкен мән берсе де, қысқа мерзімді перспективада ол Америка Құрама Штаттарының бірінші кезектегі күн тәртібінде болмайды.
Тілші: Тағы да болжам жасап көрсек, Трамптың қайта оралуы Орталық Азияға қалай әсер етеді?
Цзэн Сянхун: Орталық Азия әсерін кесіп айту оңай емес.
Егер Ресей мен Украина келісімге келсе, Ресей Орталық Азияны интеграциялау үшін уақыт пен күш-қуатын қайта салады немесе тым болмағанда аймақтағы ықпалын қалпына келтіреді. Ресей-Украина қақтығысы кезіндегі Орталық Азия елдерінің әртараптандырылған сыртқы саясаты өзгеріп, Ресейдің өктемдігі қайта орнайды.
Демек, Орталық Азия елдері үшін Трамптың қайта сайлануы бұл қуанарлық жағдай емес.
Тілші: Экономикалық тұрғыда Трамптың қайта сайлануымен АҚШ компанияларының Орталық Азияға инвестиция салуында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Цзэн Сянгонг: Ешқандай өзгеріс болмайды. Негізінде, америкалықтар Орталық Азияны ешқашан инвестиция үшін ыстық нүкте ретінде қарастырған емес. Бастысы – қашықтық мәселесі. 1990 жылдары Америка Құрама Штаттары Орталық Азиядағы мұнай ресурстарына әуес болды, бірақ кейінірек Америка Құрама Штаттарында мұнай тапшылығы мүлдем жоқ екенін түсінді. Сондықтан мен Америка Құрама Штаттарының Орталық Азияда көп коммерциялық мүдделері жоқ және ол американдық инвестиция үшін қолайлы орын емес деп санаймын.
Abai.kz