«Тіл-Қазына» ҰҒПО қазақ тілін үйретудің жүйесін жинақтады
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары қазақ тілін үйретудің деңгейге сәйкестендірілген нақты жүйесін жинақтап, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексикалық және грамматикалық құрылымдардың толық тізімін жасап шығарды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басшылығымен жүзеге асырылған «Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату» жобасының аясында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы баспадан шыққан жаңа оқу құралдары мен кітаптарды көпшілік назарына ұсынды. Іс-шара 2025 жылдың 24 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ғалымдар мен оқытушылар қауымының қатысуымен өтті.
Лексика-грамматикалық минимумдар (ЛГМ) - отандық тәжірибеде алғаш рет дайындалып, халықаралық CEFR стандарттарына (Common European Framework of Reference – шет тілдерін меңгеру бойынша жалпы еуропалық стандарттар) толық сәйкес келетін әдістемелік өнім. ЛГМ тіл үйренушілерге қазақ тілін жүйелі, ғылыми негізделген және тиімді тәсілдермен меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу құралдары тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дағдыларын үйлестіріп, тілдік кедергілерді жеңуге көмектеседі. Әр деңгейге арналған белсенді лексика мен грамматикалық құрылымдар қазақ тілін үйренушілердің күнделікті қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.
ЛГМ құрастырушыларының ішінде халықаралық деңгейде әдістемелік тәжірибесі бар лингвист-ғалымдар: А.Қ. Балабеков, Н.Ж. Дәулеткереева, Л.М. Демесінова, Ж.М. Ысқакова, А.М. Қалиева, Г.А. Мұсаева, Ж.К.Сүйінжанова.
Лексика-грамматикалық минимум негізінде әзірленген А1, А2 оқу құралдары қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытатын мекемелерге ұсынылып таратылды.
«Қазақ тілі. А1 қарапайым деңгей» оқу құралы
Авторлары: А.Қ. Балабеков, С.Е.Мұсабекова
«Қазақ тілі. А2 базалық деңгей» оқу құралы
Авторлары: Л.М. Демесінова, А.М. Қалиева
Іс-шара барысында қазақ тілін үйренуші түрлі этнос өкілдері мен шетелдегі қандастарымызға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында шығарылған басқа да оқу құралдары мен кітаптар таныстырылды.
«Сөз және сөйлеу мәдениеті» С1 деңгейіндегі оқу құралы
Авторлары: Ж.Ерекешова, Ш.Қайбрахман, А.Орынбаева
«Ана тілі» оқу құралы
Авторы: Т. Айтмағанбетова
Банк, медицина, қоғамдық орындар және сауда салалары бойынша қалта сөздіктер
Авторлары: А.А.Игенова, М.Ш.Ағымбаева, А.З.Амантаева, А.Гаипова
Қазақша-орысша оқу сөздігі. А1, А2 деңгейлері
Авторлары: Ж.А.Тұрлыбекова, А.С.Ошанова
«Тілдерді оқытуға арналған платформалар» көмекші құралы
Авторлары: О.Қойчибеков, М.Қуандық
«Қазақ тілі: А2 деңгейі. Түрік тілді аудиторияға арналған оқу құралы»
Авторлары: Н.Бирай, Г.Құрманғалиева-Ерджиласун, С.Ұзақбайқызы,
Л. Есбосын, Ж.М. Искакова
«Қазақ халқының өнегелік салт-дәстүрлері»
Авторлары: Э.Масагутова, У.Ахметжанова
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Халықаралық қатынас және PR бөлімі
Abai.kz