Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2025
Тарих 1163 10 пікір 27 Қаңтар, 2025 сағат 15:59

Тарихтың бұрмаланған беттерін түзейтін уақыт жетті!

Суреттер: Тұрсынхан Зекенұлының желідегі парақшасынан алынды.

Әлгінде Қазақстан тарихшыларының кезекті форумы Астанадағы Президенттік орталықта өткен еді. Біз бүгін Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресіне арналған белгілі тарихшы,  профессор Тұрсынхан Зәкенұлы Қайыркен мырзаның материалын Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік.


Тұрсынхан Зәкенұлы Қайыркен, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Еліміздің ұлттық идеологиясының қалыптасуына тікелей әсер ететін тарих ғылымы бүгінгі таңда үлкен сын-тегеуірнге дөп келіп отыр. Өйткені ұлт пен мемлекет тарихы еліміздің ары қарай дамуын айқындайтын басты уәждемелі құжаты болып қалмақ. Оны дұрыс жазбасақ, мемлекеттілік дәстүріміз бен ұлттық ғылыми ойдың, мәдениеттің қалыптасуын тура бағамдай алмасақ, келешекте де өз даму жолымызды тура айқындай алмауымыз бек мүмкін. Иә, бұл форум да өтер, кетер. Айтылған ойлар да әдеттегідей ұмытылар. Бірақ қазақтың ұлттық тарихнамасында желкені қиып тұрған, істеуге тиісті, ұдайы ескеруді қажет ететін ауыр жүк бар. Мен төменде тарихшылардың, әсіресе тарихи зерттеулерді ұйымдастырып отырған билік пен құзырлы мекемелердің назарына деп өз ойымда жүрген бірнеше мәселені ғана шолып айтқым келеді:

1. Ең алдымен Қазақ тарихының, мемлекеттілігінің аңыз кезеңін айқындау. Әр қандай бір мемлекеттің елдік тарихының аңыз кезеңі болады, ол мемлекеттік сананың түпкі бастауы, негізі. мысалы, Қытай, Үнді, Иран, Грек-Рим, т.б. тарихының бәрінде сондай кезең бар;

2. Ежелгі Сақ, Ғұн, Үйсін және Қаңлы дәуіріндегі мемлекеттілік дәстүрге мән беріп, оны терең зерттеу;

3. Археологиялық мұрағаттардағы елдік нышандарға, олардың қазақтың ұлттық бейнелеу өнерімен байланысына, таралу кеңістігіне және елдік иеясына назар аудару;

4. Ғұн, Үйсін дәуірі мен Түркі дәуірінің этно-мәдени байланысын, мемлекеттілік дәстүрлердің жалғастығын дәлелдеу;

5. Түркі дәуірінің тарихын хронологиялық және территориялық тұрғыдан дұрыс жүйелеу;

6. Түркі қағанаттарының қазақ мемлекеттілігімен байланысына баса назар аудару;

7. Бірлескен Түркі (Ұйығыр) қағанатын түркі қағанаттары тарихына қосу және оны қазақ мемлекеттілігінің бастауларының бірі ретінде қарастыру;

8. Шыңғыс ханға дейінгі қанаттас қағанаттар дәуірін Қазақ тарихымен байланыстыру;

9. Ауызша және шежіре деректерге, ауыз әдебиетінің мәліметтеріне мән беру;

10. Шыңғыс ханның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнын дұрыс пайымдау;

11. Алтын орда (Жошы ұлысы) мен Шағатай, Өгедей хандықтарының тарихына тең қарау, Жошыны айтып, Шағатай және Өгедей хандықтарын айтпайтын тенденцияға жол бермеу. Шағатай және Өгедей хандықтарының жерін де қазақтың біртұтас саяси және этнотерриториясы ретінде қарастыру;

12. Моғолстан мемлекетінің тарихын, территориясын қазақ тарихы ауқымына кіргізу, оны бөлек хандық ретінде көрсетуге жол бермеу;

13. Қазақ тарихын жазған кезде басқа да түркі халықтарымымен болған туысқандық байланысымызға назар аудару, мысалы, Қазақ хандығының құрылу тарихын сөз еткенде туысқан өзбек , ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз т.б. халықтармен тарихи байланысымызға орын беру;

14. Халқымыздың философиялық-ғылыми ойының, қолданбалы ғылымының, шаруашылық тәжірибелерінің, әр дәуірдегі рухани-заттық мәдениетінің дамуына да кезең кезеңмен тоқталған жөн. Тарих тек қана соғыстан, саяси оқиғалардан тұрмайды;

15. Қазақ хандарының бейбіт, тәуелсіз сыртқы саясатына, елдік мұрат-мақсаттарына көбірек тоқталу, олардың осы бағытта айтқан сөздерін, істеген істерін терең тәпсірлеу;

16. Осыған дейін 1822 және 1824 жылдары Ресей отаршыл үкіметі Орта жүз бен Кіші жүздегі хан билігін жойды, содан бастап қазақтар өзінің мемлекеттілігінен айырылды деп айтып келдік. Бұл дұрыс емес. Бұл отаршылдардың бір жақтылы шешімі. Шын мәнінде, қазақ хандығы халық санасында жойылған жоқ. Кенесары күресі ұлт-азаттық қозғалыс емес, Отан қорғау соғысы. Қазақ хандығы 1847 жылы Кенесары өлтірілгеннен соң жойылды. Бұл күрес осылай түсіндірілуі керек;

17. Алаш қозғалысы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жоғары сапалық деңгейге көтерілуі. Алаш автономиясы заманауи мемлекеттілік сана мен тәжірибенің бастауы. Онсыз бүгінгі тәуелсіз Қазақстан болмас еді.

18. Ұлы Отан соғысы емес, ІІ дүниежүзілік соғыс немесе фашизмге қарсы соғыс.

19. Қазақ диаспорасы мен эрриденттерінің (бөлінділерінің) қалыптасуын, ашаршылық және сталиндік қуғын-сүргін кезінде шетелге кеткен қазақтардың тарихын дұрыс түсіндіру, т.б...

Сонымен бірге, қазақ халқын бөлшектейтін, тарихымызды тәрк ететін қандайда бір Шыңғыс хан ана рудан екен, мына рудан екен, Қазақстанда туған екен, сүйегі осында жатыр екен деушілердің халықтың, болашақ ұрпақтың санасын улауына жол қоймауымыз керек. Бұған құзырлы мемкемелер кірісетін кез келді.

Тарихымызды зерттеуде ұлтты тайпаға, руға бөлетін аталмыш ДНК-лық зерттеулер деп аталатын «жаңа технолгия», «инновация» тоқтатылсын. Дүниежүзіндегі дамыған елдердің қайсы бірі осындай тірлікпен айналысып отыр деп ойлайсыздар!? Халқымыз сан қилы тарих бедерінде талай араласқан, тоғысқан, қан жаласып, шу жалмасып өсіп-өнген, соның арқасында бүгінгідей бір тұтас ұлт болып қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда ру-тайпаны кейде шартты ұғым ретінде қарауға болады. Бір атадан туып күні бүгінге дейін сол атасының қанын таза сақтап келе жатқан ру-тайпа жоқтың қасы. Егер мұндай тазалық бар болса оны ұлтты ұйымтырушы басты фактор - аналық жүйе бұзып отырған. Өйткені қазақ қызды көбінше "жат жұртқа" (бөгде руға) берген. Сондықтан, қазақ қоғамындағы жүз, ру-тайпа дегендердің өзінің бір тұтас мемлекетті, елді сақтап қалуға бағытталған әскери-әкімшілік функциясы болған. Ал бүгінгі «инновацияшылдар» айды аспаға шығарып, сенсация жасағысы келеді. Ұлттық тарихымызды бұдан ары қорларға, қолжаулық етуге, эксперимент алаңына айналдыруға болмайды. Бұл туралы айтар ойым көп еді. уақыт байланысымен қысқа қайырайын.

Қорытып айтқанда, төл тарихымызды дұрыс арнаға бұрып, ғылыми негіздейтін, қағыс қалған, бұрмаланған беттерін толықтайтын уақыт жетті.

Abai.kz

10 пікір