Шардара су қоймасына 2,6 млрд текше метр су келді
Қаңтар айында Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына 2,6 млрд текше метр су келді. Бұл бастапқы болжамнан 100 млн текше метрге артық.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарын аралады. Нұржан Нұржігітов Мақтаарал ауданының Мырзакент кентінде облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Министр аймақты қажет су көлемімен толық қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«Былтыр біз көрші елдермен белсенді келіссөз жүргіздік, осының нәтижесінде еліміздің оңтүстігіндегі шаруаларды суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Біз «Қазсушар» мекемесінің жергілікті дихандармен жасаған келісімшарттарының қаншалықты орындалғанын мұқият тексереміз. Атап айтқанда, келісімшартсыз су беру арқылы заң бұзушылық фактілері бар-жоғын анықтаймыз. Осыған дейін облысқа министрліктің Ішкі аудит департаментінің өкілдері келген болатын. Дүйсенбіден бастап біздің мамандардан жасақталған тағы бір жұмыс тобы тексеріс бастайды», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Түркістан облысының тұрғындары министрге ирригация және дренаж жүйелерін реконструкциялау, жекелеген гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, суармалы суды бөлу, су беру жөніндегі келісімшарт жасау, жаңа су қоймаларын салу, білікті мамандарды даярлау және шаруаларға субсидия беру жөнінде сұрақтарын қойды.
Азаматтармен кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов Шардара су қоймасының жай-күйі мен 2023 жылы реконструкциядан өткен бөгетінің жұмысын тексерді.
Abai.kz