Сәрсенбі, 5 Ақпан 2025
Әдебиет 136 1 пікір 5 Ақпан, 2025 сағат 12:35

Келешектің кемеңгері

Сурет: Мағауин сайтынан алынды

 2025 жылдың 16 қаңтарында  Алматы қаласындағы Қабылдау үйінде 60 жылдан астам қазақтың қара сөзінің айбары, ұлттық рухтың ту ұстаушысы болған кемеңгер қаламгер Мұхтар Мағауиннің дүниеден озғанына жеті күн толып ас берілді. Бұл шара әдеттегі дәстүрлі аза тұту рәсімінен өзгеше өтті. Оны марқұмның туған-туысқандары да (ұлы Мағжан ғана қатысты) емес, әдетте танымал тұлғаларға мемлекеттік тұрғыдан ілтипат көрсететін ресми мекемелер де емес, Қазақстан Жазушылар Одағы бас болып, екі кәсіпкер азаматтың қаржылай демеушілігімен атқарылды. Былайша айтқанда,  ел азаматтарының, жалпақ жұрттың қайраткер қаламгер рухына көрсеткен құрметіндей болды. Асқа Мұхаңды құрмет тұтатын қаламдастары мен зиялы қауым өкілдері, жазушы шығармашылығына қанық, тәнті оқырмандары жиналды. Азалау рәсімін белгілі әдебиеттанушы ғалым Мамай Ахетов жүргізді. Жетілік аста қаламгер  шығармашылығы мен қайраткерлігін әр қырынан термелеп сөйлеушілер қарасы көп болды... Алдынан дәріс алған ұстазымыз, ақыл-кеңесін тыңдап, қамқорлығын көрген ағамыз ретінде рухына арнап үш ауыз сөз айтуды біз де парыз санадық. Сол аста ауызша айтылған азанама сөздің ұзын-ырғасын әріптестердің өтініші бойынша  біраз толықтырып қағазға түсірдік.

Сырттай шығармаларына тамсанып, бір көруге құмартып жүрген «Қобыз сарынындағы» түлкі тымақ, қасқыр ішік киген, қияқ мұртты «нағыз қазақпен» жаңылмасам, 1976 жылы жүздестік. Жай дидарласып қана қойғамыз жоқ, Мұхтар аға сол жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтына оқытушы болып келді де,  бізге «Жыраулар поэзиясы» және «Қазіргі қазақ әдеби сыны» деп аталатын екі арнайы курсты қатар жүргізді.

Сырттай алған әсеріміз дәріс барысында күшеймесе, бәсеңсіген жоқ. Жыраулар поэзиясын желпінте отырып жатқа айтқанда, аузымыздың суы құритын…Ол кісінің өлең оқу мәнері де ерекше бөлек еді. Мектеп қабырғасында атын да естімеген жыраулар шығармашылығы біз үшін мүлде жаңа әлем болып ашылды. Жас ұстаз тап бір сол жыраулардың ортасынан келгендей ағылып-төгіліп сөйлеп, бізді сонау Алтын Орда, Ноғайлы, Қазақ хандығы дәуіріне алып кететін… Әсіресе, жыраулар поэзиясының көркемдік сипатына, сөз саптау мен сөйлем құрау ерекшеліктеріне, өлең ұйқастары мен буын, бунақ сандарына дейін тәптіштеп, сөз соңын «мұндай көркем поэтика -  сол дәуірдегі әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс. Жыраулар поэзиясының біздің арғы-бергі әдебиетімізде желісі үзілмеген мыңдаған жылдық тарихы бар» дей келіп, оның айқын үлгісін Махамбет поэзиясына әкеліп байыздатып, Жамбылға жеткізіп қонақтататын. Оның жалғасын бүгінгі қазақ поэзиясынан да байқаймыз деп, мысал ретінде Төлеген Айбергенов жырларындағы жыраулық поэзия сарындарын тілге тиек ететін.  Төлегенді жатқа айтып, соған еліктеп өлең жазып жүрген біздің кейбір «ақын» жігіттер ауыздарын ашып қалатын. Жыраулар поэзиясын жатқа білетін ұстазымыз, бізден де соны талап етті… Бәрін жаттап алмағанымызбен, бұл талап жыраулық шығармашылықпен етене танысуға көп ықпал етті.

Екінші арнайы курсты да қызық етіп өткізетін. Сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны жөніндегі еңбектердің ешқайсысына асыра ілтипат жасамайтын. Бірақ әрқайсымызға мерзімді басылымдар мен әртүрлі жинақтардағы сыни материалдарға шолу жасататын, кейбір еңбектерді мақтай бастасақ, қарсы сұрақтармен қайырып отыратын. Өзі тұстас сыншылардың өзін «сынайтын». Әдебиеттегі коммунистік сүреңге, ұраншылдыққа, «жасандылық пен жалғандыққа», советтік саясатты тілге тиек етіп сыпыра мақтауға жаны қарсы болатын. Жалпы әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің келешегі жөнінде тосын әңгімелер айтып, біздің ойымызға келе бермейтін толғамдар мен болжамдар жасап отырушы еді. Бірде сол кездегі көзі тірі классик Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі»: «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді», – деген сол кездегі сыншылар тамсана мақтап жүрген сөйлемді мысалға келтіріп, «қазір бұлай жазу әдебиеттің өресі емес» деп бәрімізді айран асыр қалдырғаны есімде қалыпты.

Осындай, тосын ойларымен, батыл әрекеттерімен ол бізді еліктіріп, етене баурап, көз алдымызда сабақ сайын биіктеп, ұлағатты ұстазға айналып сала берген. Біз бар ынтамызбен ол кісіге жақындауға, еліктеуге тырыстық. Мұхтар Әуезов жөніндегі бір сөзінде: «Әуезовтің лекциясы болғанда мен барынша жақын отыруға тырысатынмын. Жақын отырғаным сондай, ұлы Мұхаңның оң жақ самайындағы қалына, жүзіндегі әжімдеріне дейін көріп отыратынмын», – деп еске алушы еді ғой. Біз де Мұхтар Мағауинге дәл осылай тартылдық. Арнайы курс шағын топқа арналғандықтан кішілеу бөлмеде өтетін. Сондықтан ұстазымызды жақыннан барлайтынбыз. Мұхаң өте сәнді киінетін, шашын артына жылтырата қайыра тарап, қияқ мұртын шиырып қойып, күлімдеп сөйлейтін. Кейбір қушыкеш жігіттер ол кісінің киген киімін де қызықтап, әңгімеге арқау ететін. Ондайда Мұхаң менің: «Көк мұнар» деген романымның өте сәнді киінетін, ақылды, білімді кейіпкері бар. Сол жігіттің біраз сипаты менде бар», – деп жымиятын. Содан соң жақсы киіну, дұрыс тамақтану, тыныш ұйықтау – денсаулық кепілі екендігі туралы өз өмірінен мысалдар келтіріп әңгіме айтып кететін. Өзінің қазақша  тамақтанатынын, сәл сырқаттанса, жас ет жеп, сорпа ішіп, ұйқысын қандырып  сауығып кететіндігін, ешқашан ауырмауға тырысатындығын өнеге ететін. Шынығу үшін өзінің бір кезде зіл темір көтеріп спортпен айналысқанын айтып, «қара темірді көтеру үшін де адамға ақыл-айла керек», – деп, дәп бір зіл темір көтеріп жатқандай алақанын жазып екі қолын жоғары созып қоятын. Советтік тәрбие санамызға өтіп кеткен біздер үшін осының барлығы таңсық еді. Біздің зор тұтып жүрген ағамыз  сол кезде бар-жоғы отыздың жуан ортасында ғана екен. Жиырма жасында «Бір уыс бидай», «Тіленші» сияқты классикалық әңгімелерін, 25 жасында «Қобыз сарыны» монографиясын, отызға келмей «Алдаспан» жинағын шығарған Мұхаң – шынында да «жасқа – жас, ойға кәрі» (Абай) екен-ау!

Қалай дегенде де, М. Мағауин басқа егде ұстаздарымызға қарағанда ( С. Қирабаев, Н. Ғабдуллин, М. Мырзахметов т.б.) бізге әлдеқайда жақын болды. Енді ойлап отырсам, Мұхаң кеңестік қалыпқа сыймаған арда болмысымен, қазақы табиғи қалпымен, қазақтың арғы-бергі тарихын тереңнен толғайтын мол білімімен, ойындағысын ірікпей айтатын еркіндігімен жастардың жүрегін баураған сияқты. Әсіресе, қазақ ескілігіне деген құрметі қайран қалдыратын. «Октябрят, пионер, комсомол» болып коммунизмге қарыштап бара жатқан біз сияқты совет жастарына соның бәрі тосын көрінетін... Бірде ұстазымыз біз тұратын жатақханаға кезекшілікке келді. Ол кезде сондай тәртіп бар еді. Мұғалімдер, көбінесе, ер адамдар, кешқұрым жатақханада кезекшілік атқаратын. Мұхаң жатақханада да әдеттегідей, еркін әңгімелер қозғап, өзінің кітап оқу, білім алу дағдылары жөнінде әңгімеледі. Бізге қызық көрінгені ол кісінің кезекшілікке ұстап келген әдемі қамшысы болды. Қамшы болғанда кәнігі шебердің қолынан шыққан қолөнер туындысы. Аса ұзын емес, төрт тұтамдай қамшының сабының өзі ішіне темірден өзек салынып оратыла өрілген, өрімі де сабынан сәл ғана озатын сегіз таспадан бүлдіргеннің сыртындай бүртіктеліп жымдастырыла өрілген. Алақаны қоңыр былғарымен әдіптеліп, кекіліне жіңішке таспадан шашақ түйінделіп қондырылған. Қол ұстайтын жері екі-үш қайтара оратыла жуандатылып таспадан қол тоқтатар тұтам жасалған. Бүлдіргісі иі қанған мықты қайыстан. Мұндай әдемі қамшы ол кезде ауыл ақсақалдарының  қолынан да кете бастаған. «Бұл – суық қару емес, дегенмен анау-мынау бұзақыларды жуасытуға жарайды», – деп, Мұхаң қамшыны қойнына тығып алды. Кейініректе Мұхаңның үйіндегі кабинетінен күмістелген ертоқым мен «керей» тымақты да тамашалағанымыз бар. Соңғы жылдарда сол жәдігерлердің біразын Орталық мемлекеттік музейге тапсырғанынан да хабардармыз.

Менің несібеме қарай, Институтты бітіретін жылы Мұхтар аға диплом жұмысымның кеңесшісі болды. Жетекшім – профессор Нығмет Ғабдуллин еді. Тақырыбым «М. О. Әуезовтың «Қилы заман» туындысы болатын. Көп жылғы қапастан кейін шығарманың Ш. Айтматовтың алғысөзімен жарыққа шыққанына көп болмаған. Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне профессор Рымғали Нұрғалиевтің «Қилы заман қандай туынды?» деген мақаласы да  жарияланды.  Мен дипломдық жұмысымды қорғап тұрып, сол мақаланы көбірек айтып кетсем керек. Мұхаң тоқтатып: «Ел ішінен мақала жазатын «тентектер» табылады. Сен сол мақаланы жариялаған жетекшің туралы айтпайсың ба?», –деп жанында отырған Нықаңа қараған. Ол кісі баяғы сол биязы қалпында әсем жымиды да қойды. Мен ол кезде газеттің бас редакторының «ерлігі» жөніндегі мәселенің байыбына бара қойған жоқпын. Кейіннен Мұхтар ағаның «Мен» романындағы естеліктерінен ғана Нығмет ағаның азаматтық келбеті жөнінде біраз мәселені байыптағандай болдық. Аракідік дәріс кездерінде, орайы келген әңгімелерде Серағаңның (Қирабаев), Нығмет ағаның, Мұхтар ағаның шығармашылық жөніндегі әртүрлі кеңестерін тыңдап жүрдік. Солардың ішінде, Мұхтар ағаның: «Шығармашылықпен айналысам деген адамның Алматыдан кетпеуі керек» деген сөзі есімде қалыпты. «Қалам ұстаған адамды орта өсіреді. Ондай орта тек Алматыда ғана бар. Менің мектепте екі математик ұстазым болып еді. Екеуінің де ғылым докторы болатын қабілеті бар еді. Ауылда етекбасты болып қалып қойды», – дейтін ұстазымыз..

Бірақ өмір адамның ойлағанындай бола бере ме?! Сол кеңеске құлақ қоя отырып, мен Алматыда қала алмадым. Ауыр дертке ұшыраған анамызға қараймыз деп, алыстағы ауылымызға кеттік. Содан жеті жылдан соң, Алматыға әрең жеттік. Ол кезде бізге құшағын жайып тұрған қала бар ма?! Аспирантура бітіріп те жұмыс таба алмай біраз сергелдеңге түстім.

Ол кезде Мұхаң «Жазушы» баспасының бас редакторы болатын. Тұрсынжан Шапай, Талас Әсемқұлов сияқты талантты шәкірттерін қасына алған. Айналсоқтап соларға барам. Ақыры олар мені үгіттеп ұстазымызға кіргізіп жіберді. Көрмегелі көп жыл болды, қалай болар екен деген күпті көңілді Мұхаң бірден сейілтті. Жақсы қабылдады. Жағдайымды сұрады. «Қазақ жігіттерінің бәрі осы жолдан өткен, саған да табандылық керек», – деп бір қайырды. Ұялы көзімен мені шолып қарап отырып, жейдемнің төс қалтасында шертиіп тұрған «Медеу» сигаретіне қарап: «Кенжехан, сен спортшы едің ғой!? Шылымды қой, қайтесің? «Адам – құл, өзін жеңіп ұстамаған», – деген Абай атаң деп, мені біраз қызартты.  Мен аспирантура бітіргенімді, ғылыммен айналысқым келетінін айтып едім: «Академияның нанын біз де жегеміз.  Ол – тұйықтау  жер, қаламыңды ұштап, стиліңді қалыптастырып, елге танылу үшін баспасөздің қазанында қайнағаның дұрыс», – деді. Ол кезде менде жұмыс таңдайтындай жағдай жоқ еді. Көңілімнің пәс екенін байқады ма, өзінің шәкірттерінен бастап, аймақтардан шақырып алдыртып, өзі жәрдемдескен біраз адамдарды атап, солардың барлығының қазір қанаттанып кеткенін айтып, мені жігерлендіріп қойды. Содан соң бір адаммен телефон арқылы сөйлесіп болды да маған қарап: «Осы бізде бір жұмыс орыны босап еді, бірақ оны директор шешеді. Сен сол кісіге кіріп шықшы», – деп, телефонын көтеріп, ол кісінің өзінде екенін анықтап, - орнында отыр, кіріп шық. Содан соң маған қайтып кел», - деп мені тұрғызып жіберді. Баспа директоры сол кездегі аса танымал жазушы ағамыз еді, орнында отыр екен. Күттірмей қабылдады, бірақ оңды жауап ала алмадым. Қазір жұмыс орнының жоқ екендігін айтып, шығарып салды. Қайыра Мұхаңа келіп едім, маған күле қарап: «Бәсе, сені алмайтынын сезгем. Ол кісі көп жылдар ЦКА-да істеген, аса сақ. Сені жұмысқа алса, руласын алды деген арыз көбейеді деп сақтанып отыр ғой!» – деді. Мен жүзін бірінші рет көріп тұрған адамның қалай рулас болып шыққанын түсіне алмай дал болдым. (Кейіннен осындай сырттай тон пішіп, қосақ арасында кететін жазықсыз зәбірді тағы бірер мәрте көргенім бар).

Содан ұстазым, хатшы қызы арқылы бірер адамды шақырды. Алдымен, өзінің орынбасары Асқар Егеубаев келді. «Мынау Мәтіжанов (бұрыннан солай атайтын) деген жігіт – менің шәкіртім. Саған өмірде де, әдебиетте де іні болады. Қазір қиналып жүр екен, көмектесейік» – деді. Асекеңді бірінші көруім, маған қарап, суықтау жымиып, бас изеді де қойды. Одан кейін келген баршын тартып қалған екі кісіні ағаларың Төлек Тілеуханов және Нұрахмет Төлеупов деп таныстырып, оларға да мені талантты шәкіртім деп нығарлап айтып, табыстады. «Қарның ашқан кезде келіп тұр, мен болмасам, осы ағаларыңды жағала», – деп төбемді көкке жеткізіп шығарып салды. Төлек ағам маған: «ауыз бөлмеде күте тұр» деп меңзеді. Кейіннен осы екі ағам маған барынша көмектесті. Барған сайын біресе, жабық рецензия, біресе аударма беріп, он баспа табақтан кем емес қолжазбаны құшақтатып жібереді. Ол дегеніңіз сол кездегі өлшеммен кіші ғылыми қызметкердің бір айлық жалақысы. Жұмыссыз жүріп жалақы алып, бала-шағаның аузы аққа тигендей болды. Сөйтіп, шығармашылық ортаға Мұхаң жетелеп апарып кіргізіп жіберді. Оны қалай ұмытарсың!  Жабық рецензия жазып жүріп, дос та, дұшпан да таптық. (Ол өз алдына әңгіме).

Кейін «Жұлдызға» бас редактор болып барғанда да назарынан тыс қалдырған жоқ. Арнайы тапсырыстар беріп, өзі жақсы білетін академияның қолжазба қорынан материалдар алдыртатын. Бірде Мұхаңа «Балқожа бидің Кенесарыға» жазған хатын апарып едім, риза болып, бірден нөмірге салғызды. «Ол қазынаны мен білем. Бірақ қазір уақытым жоқ, жазу үстіндемін. Мұндай шаруа мен үшін атпен шауып келе жатып бірдеңені іле кеткенмен бірдей», – деп бір қайырды да, «қапаста жатқан мұраның беті ашылды ғой! Шетінен әкеле бер», – деді. Шынында да сол жылдары «Жұлдызда» ескі мұрадан мол материалдар жарияланды.

Бірде қызық болды. Журналдың кезекті санына Жамбылдың «Сыздық төреге» арналған атақты өлеңі басылды. Өлең жұртшылық арасында біраз дүрбелең туғызды. Шығарма соңына «мұрағаттан тауып әкелген К. Матыжанов»  деген түсінік жазылыпты. Шындығында, өлеңді Мұхаңның тапсырмасымен тауып әкелген Тұрсынжан Шапай еді. Ұстазымыз жадынан жаңылды ма, әлде өзінің қызметкерінен көрі академияда жүрген менің атымды жазуды жөн көрді ме, әйтеуір, сол «олжаны» менің қанжығама байлап жіберді. Кейіннен естеліктерінде де дәл солай жазды. Бұл да ұстазымыздың көңіл түкпірінде жүргеніміздің бір белгісі болса керек.

Сол жылдары бас редактордың бастамасымен «Жұлдыз» журналының бір саны жастар шығармашылығына арналды. Оған да отызға ілініп қалған менің «Ойын өрімдерінен ой түйсек» деген ғылыми мақаламды қосып жіберді. Бұл менің суретіммен «Жұлдызға» шыққан алғашқы көлемді еңбегім болды. Қазіргі алпысты алқымдап қалған қарымды қаламгерлердің біразы сол топтама арқылы танылған-тын.

Осыншама ықыласын көре тұра, ұстазымызға тым жақындап, етене араласып кете алмаппын. Мүмкін өзімнің тұйықтығымнан болар, әлде әркімді жағалай бермейтін кісікиіктігімнен бе екен, бір шаруамен, әлде кездейсоқ жолығысқанда болмаса, бейсауат барып, иектеген жерім жоқ. Бірде Бекежан Тілегенов деген ағамыз (Тіл комитетінде қызметтес болғанбыз) «Сен жөнінде Мұхтар ағаң жақсы пікір айтып отыр» дегені бар. Мен пақыр сонда да еліп етпедім, бірақ ішкі ділім мен құрметім өзгерген емес.

Бірде Мұхаң өзі телефон соқты. «Кенжехан, біздің анау Едіге деген бала кандидаттық қорғайын деп жатыр.  Жетекшісі сенің ұстазың Сейіт Қасқабасов, сені оппонент ретінде ұсынып отыр», – деді. Бұл мәселені алдында Сейіт ағамен да айтқан, мен дайын екендігімді білдірдім. «Иә, кезінде біз сендерге көмектестік, енді сендер біздің балаларға жәрдемдесесіңдер. Өмір солай жалғаса береді» деп үстемеледі. Сөйтіп, Едіге Мағауиннің «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері» деп аталатын диссертациясына оппонент болып тағайындалдым. Бұл кезде Алтын Орда дәуірі жаңа ашылып жатқан кез. «Едіге» сол дәуірдің жолын ашқан тұңғыш зерттеу болды. Әрине, тақырыпты беріп, қолтығынан демеп, көрегендік танытқан тағы да Мұхаң. Қалай дегенде де Едіге қысаң жерден ауыр тақырыпты біліктілікпен жеңіл алып шықты. Сәтті қорғады, кейіннен монографиясын да, «Едіге» жырының нұсқаларын да жинақ етіп шығарды. Міне, сол Едіге «арыстан әкесіне» алаңсыз жұмыс істейтін жағдай туғызды, перзенттік парызын адал атқарды. Бұл да бір өнегелі ғұмыр лепесі болса керек. Жалпы Мұхаң отбасының берекесін көрген, әке, ата бақытына да ие болған адам. Кейіннен бізді тағы бірер отбасын қосып, жеңгеміздің мол дастарханына арнайы шақырып қонақ та етті. Ең қызығы, қаланың шыған шетінде пәтерде тұратын бізді, бірдеңеге ұшырап қалсаңдар ұяты маған қалады деп, өзінің машинасымен жанымызға отырып, есіктің алдына дейін әкеліп салғаны бар. Бұдан артық, қандай қамқорлық керек!

Бірде Мұхаңды Орталық ғылыми кітапханада жолықтырдым. Көне мұраны жақаттаған ғылыми қызметкерлердің көп отыратын жері осы кітапхананың қолжазба қоры. Көзін тауып, мехнатын тартқан адамға ол жерде не жоқ дейсің?! Сарғайған қағазға түрлі сиямен, қарындашпен қадымша, төте, латын жазуларымен жазылған бумалардың іші өзінше бір әлем. Ол жөнінде Мұхтар ағамыз: «Академияның ескі мұралар қоймасында менің қуатты, асау, арда кезімдегі ең бақытты күндерім өткен сияқты. Тылсымға батасың, тарихпен тілдесесің, алаштың сан ғасырлық асқақ рухын айқын сезінесің, арман -сол қазынаны әйгілеу ғана, жеріне жеткізсем, жұртына танытсам, ғылыми тұрғыдан зерттеу, байыптарды жарияға шығарсам – бар мұратым орнына келер еді деп ойлайсың...», – деп көркейте жазады. Осындай мұратпен  біз де біраз жыл қолжазбаның шаңын қаққан едік. Кітапхана жабылатын кешқұрым уақыт. Жаздың басы болатын. Қолжазбаға шұқшиып отырып бір-бірімізді байқамаппыз. Шыға берісте кездесіп, амандасып, жүре сөйлестік. Сол жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталып жатқан кезі (1988). Мұхаң соған материалдар қарап жүр екен. «Қажының өлеңі» деп маған бір өлеңді жатқа оқып берді. Бұл қорды бұрыннан білетінін, кейбір мәселелерді анықтау үшін келгенін айтты. Ағамызбен Шевченко көшесінің бойымен трамвайдың аялдамасына дейін бірге бардым. Одан әрі жаяу кететінін білдірген соң,  қош айтыстық. Бірер айдан соң, М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ұстазымыз Серік Қирабаевтың кабинетінде отыр едім, үстімізге ойда жоқта Мұхтар ағамыз кірді. Мен ұшып тұрып сәлем бердім. Сол баяғы еркін қалпы, бірден төрге озып, Серағаңмен қол алысып амандасып: «Сераға, мынау – Шәкәрім», – деп, ақ қағазбен оралған кітаптың орауын жазып ұсынды. Кітаптың шымқай қара мұқабасына аппақ етіп Шәкәрімнің бейнесін салыпты. Ақынның қара түнекті жарып шыққан рухы! «Тамаша шығарыпсың, Мұхтар. Біз де дайындап жатырмыз. Сен бұрын қимылдапсың» деп директорымыз ризалығын білдірді. «Басқа шаруам жоқ», – деп Мұқаң маған көз қиығын тастады да шығып кетті. Бұл – Шәкәрімнің ақталғаннан кейінгі шыққан алғашқы кітабы. Және сапалы, үлкен білімділікпен, мұқият дайындалған жинақ. Кітаптың аса бір сұңғұлалықпен жазылған, толғамы терең, төгіліп түскен алғысөзі Шәкәрім шығармашылығын жаңаша зерделеуге құнарлы бағдар көрсетіп тұр. Ақын өлеңдерінің текстологиясы, өлең өрнектері мен поэтикалық әрі жөнінде мәйекті пайымдар бар-тын. Өз басым Шәкәрім шығармашылығына байланысты одан озғын еңбекті әлі оқи алғаным жоқ... Сөйтсек, бұл ұстазымыздың Шәкәрім шығармашылығы жөнінде жазылмай қалған докторлық диссертациясының жібек желісі екен ғой. Жалпы, Абай, Шәкәрім шығармашылығы жөнінде ол кісінің білетіні, ой-толғамдары өте көп еді. Солардың барлығын жазып үлгірмеді-ау деймін. Тұтастай алғанда, Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінің тарихын жүйелі, рет-ретімен жалғасқан жүлгесімен, дәстүрлі даму үрдісімен қат-қат етіп көңіліне қондырған дария білімді, ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы еді. Қадіріне қаншалықты жетеміз, оны келешек көрсетеді.

Оның ғалымдығы мен жазушылығын таразы басына салсақ, қайсысының басатынын болжау қиын. Екеуінің де мехнатын тартқан қаламгер «ғалымдықтың жолы ауыр» дегенді айтады. «Ғылымның жөні өзгешерек. Азабы он есе. Жазушылық еңбек пен ғылыми жұмыстың қайсысы қиын десе, мен ғылым әлдеқайда ауыр дер едім» деген тұжырым жасайды. Өзінің көркем шығармаларынан гөрі, ғылыми-тарихи еңбектерінің бәсін жоғары қояды. Осыған орай, Мұхаң кейінгі бір сөзінде: «... көңілдегі ақиқат шынымды айтайын: Егер біздің ғұмыр бойы жасаған және жасамақ көркем шығармаларымызды таразының бір жағына түгел үйсе, соның бәрін «Қобыз сарыны» мен «Алдаспан» антологиясы оп-оңай басып кетер еді. ...Мәселе менде емес. Біз дүниеде болмасақ та, бүгінгі қазақ әдебиеті өз дәрежесінде жұртының қажетін өтеп жатар еді, озық, іргелі әдебиет саналар еді. 32- жылғы ашаршылықта, 41-45 жылғы кәпірлер қасабында алаштың қаншама ұлы жазушысы өмірден өшті екен, қайсысының орнын іздеп жатырмыз! Ал Досмамбет, Шалкиіздің жөні басқа. Бұлардың әрқайсысы бір адам, жай ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір ғасыр, алаштың өткен өмірінің, үлгілі рухани тарихының, биік санасы мен көркем ойының көрсеткіші. Осы ұлы жыраулардың арқасында қазақ сөз өнері орта ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты. Көне жыраулар мұрасы – біздің кісілігіміздің ғана емес, елдігіміздің көрінісі. Біреуінің аты өшсе, тұтас бір ғасыр үңірейіп қалмақ. Ырысың ортайып, рухың төмен түспек. Сондықтан ұмытылмауға тиіс еді. Жарыққа шығуға, ең алдымен өзімізді өзімізге танытуға, советтік идеология қалыптастырған кемшін санадан айыруға тиіс еді. Жеке бір кісіге емес, бүкіл ұлтқа керек еді», – деп ағынан жарылады.

Шындығында, осы екі еңбегімен де Мағауин тарихта мызғымай тұратын еді! Бірақ оған Тәңірім мықты денсаулық, телегей талант, алапат қуат, ұзақ шығармашылық ғұмыр беріпті. Ол қырық жасында «Аласапыран» атты классикалық тарихи туындысын оқырманға тарту етті. Онымен де тоқтамады, қаншама әңгіме-хикаяларын былай қойғанда, “Сары қазақ”, «Шақан-шері», «Жармақ» сияқты сүбелі романдарының әрқайсысы қазіргі қазақ әдебиетіндегі ірі құбылыс болды деуге болады. Жетпістің желкесіне желдіртіп жетіп, «Шыңғыс хан» тетрологиясын, сексеннің сеңгіріне шыққанда «Алтын Орда» танымдық тауарихын тамамдады. Өзі меңзегендей, Тәңірім талмайтын қуат, жасымайтын жігер, жазудағы бабынан жаңылмаған  қажырлы еңбектің берекетін берді. Дауылпаз талантын, бар күш-жігерін, өлшеулі ғұмырын көрегендікпен өлшеп-пішіп, төкпей-шашпай туған халқына татаусыз қызмет етуге арнады. Ар-ожданының, ақиқаттың алдында адал болды,  ештеңеден тайсалмады, бұра тартып, бұқпантайлаған жері жоқ. Артына өлмейтін мұра, өшпейтін асқақ рух қалдырып, көзі жұмылғанша сөзінен жаңылмай, қаламын қолынан түсірмей қаһарман қалпында дүниеден өтті.

Көзі тірісінде бір ауыз жылы пікір білдіре алмаппыз, оны ол кісі қажетсінген де емес. Тағы да өзі айтады: «Шынайы кемеңгер тұлғалар өз бағасын біледі» деп. Мұхаң да өз бағасын білген және оны жасырмай, жеріне жеткізіп жазып кеткен адам. Одан асырып айту келешектің еншісінде болар. Алағай да, бұлағай  заманы байыбына бара алмаған М. Мағауиннің келешектің қастерлісіне айналатынына кәміл сенейік.

Біз тек көргеніміз бен білгенімізді ғана қағазға түсірдік.

Өзі тағы да айтып еді: «Қазақтың болашағы зор болады» деп. Тәңірден қазақтың сол зор болашағы Мұхтар Мағауиннің кемеңгер рухымен бауырласып көркейсін деп тілейік!

Кенжехан Матыжанов,

М. О. Әуезов атындағы әдебиет және

өнер институтының бас директоры,

филология ғылымдарының докторы,

ҰҒА-ның академигі

Abai.kz

 

1 пікір