Халық күткен сөз
28 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі басқарып жүргізуінде, үлкен саяси мән бар деп санаймын. Елде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерге Мемлекет басшысының тікелей араласуы – сол мәселелердің қаншалықты маңызды екенінің айғағы, яғни ел экономикасының дамуы Президенттің тікелей бақылауында деген сөз. Ал мұның өзі талқыланған мәселелер мен берілген тапсырмалар өз шешімін дер кезінде табатынының кепілі болмақ.
Елде қалыптасқан күрделі экономикалық ахуалға президентіміз берген баға әбден орынды болды. Қарапайым халық, тәуелсіз сарапшылар айтып жүрген көптеген жайттар, ащы шындық мемлекет басшысының сөзінде өз көрінісін тапты. Бұл дегеніңіз – «еститін мемлекет» қағидаты жұмыс істеп жатыр деген сөз.
Президент өз сөзінде инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталды: «Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды, әдетте, шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем».
Осы сөзді оқып отырып, «мұның бәрі ескі Қазақстанда қалыптасып, тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықтың әсері емес пе?» деп қалдым. Өйткені бізде әлі күнге дейін сырттан тартылатын қаржының бір шетінен кертіп қалғысы келетін адамдар баршылық. Ал өркениетті заңдар мен ережелермен жұмыс істейтін шетел инвесторлары мұндай теріс үрдіске үйренбеген.
Президент: «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде ,қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет. Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші, басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет», – деп талап қойды.
Бұл да – ойланатын жайт. Себебі үкімет пен жергілікті әкімдіктерді бюрократия жайлап алған. Олай дейтініміз, қарапайым халық әртүрлі деңгейдегі шенеуніктермен сөйлесу мүмкіндігінен айырылып отыр. Азаматтар бір өзекті мәселемен хабарласса, бастықтар жауап бермейді, тіпті телефон тұтқасын көтермейді.
Осыған байланысты бір ұсынысым бар: Қазақстанда бір күнді «ашық телефон күні» деп белгілейік! Сол күні азаматтар кез келген шенеунікпен сөйлесе алатындай жағдай жасалса, Президент айтып отырған халық пен билік арасындағы коммуникация жақсарар еді.
Бюркоратия секілді қауіпті дерт сана мен ортаға сіңіп кеткені соншалық, тіпті сол бюрократияның себептері мен салдары туралы арнайы конференция өткізсек те артық болмас!
Премьер-министр Олжас Бектеновтің қосымша құн салық туралы ойларында белгілі бір қисын бар сияқты. Алайда бұл өзгеріс әр саланың ерекшелігін ескеруі тиіс. Мәселен, кітап шығару ісіндегі бүгінгі 12 пайызды 20-ға көтерсек, бағасы қолжетімсіз ол кітапты кім сатып алмақ?
Бірқатар өркениетті елдер кітап өнімінен қосымша салықты алып тастаған. Қытай кітап саудасына ерекше субсидия береді. Ондай қолдау кітап бағасын арзандатады, оқырманның санын өсіреді.
Президент өз сөзінде биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аяқталатыны туралы хабарлады.
Бұл өзі ел көңілінен шыққан жоба болды. Жоба аясында салынған білім ордаларының қандай жайлы, ыңғайлы екенін бәріміз көріп отырмыз. Ендігі жерде мұндай игі бастамалар өз жалғасын тауып, осындай заманауи мектептер шет аймақта жатқан ауылдарда да салынса деген арманымыз бар.
Президент биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына орай» маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын атап өтті.
Мұндай қадамдарға біз қуанамыз. Иә, бізде бәрі университетте жоғары білім алғысы келеді. Әрине, ол әркімнің өз қалауы. Алайда күнделікті қажет мамандар тапшы. Сантехник, машина жөндеуші дегендей. Қай салада болса да, қолынан іс келетін адамдар көбейгені дұрыс. Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп жатқанымыз өте орынды.
Осы тақырыпқа орай бір жаңалықты айтқым келеді. Қазақстан Жазушылар одағы жұмысшы мамандығын игеріп, ел экономикасына шама-шарқынша өз үлесін қосып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі адамдарды дәріптеуге арналған арнайы бағдарлама жасап жатыр. Олардың жанкештілігі, өмірге деген құштарлығы жастарға үлгі болары сөзсіз.
Бір мысал келтіре кетейін. Белгілі жазушы, көрнекті қайраткер Бибігүл Иманғазина кезінде «Бибі ана» қайырымдылық қорын ашқан болатын. Оның атқарған жұмысы баршаға аян. Сол қор мүмкіндігі шектеулі отбасылар тәрбиелеп отырған балаларға арнайы қаржы бөліп, оңалту мамандарын (реабилатолог) медициналық жоғары оқу орындарында дайындатып жатыр. Студенттердің алды ертең оқуын бітіріп, маман болып шығады. Алайда оларды күтіп отырған тиісті реабилитациялық орталықтар бар ма? Бұл-дағы ойланатын мәселе.
Байқап отырсам, Президенттің кешегі сөзі қоғамда қызу талқылануда. Меніңше, билікке балама пікір мен сын айтуға әуес ағайын бір нәрсені ұғынуы тиіс. Оның мәнісі мынада: бүгінде ел экономикасында шешімін таппай жатқан мәселелердің түп негізі отыз жыл бойына елді билеп-төстеген ескі Қазақстан жүйесінде жатыр. Бір сөзбен айтқанда, президент Тоқаев елбасы Назарбаевтың тұсындағы солақай экономикалық саясатының нәтижелеріне жауап беруге мәжбүр. Экономиканың олигархтануы, мемлекет меншігі мен қаржысының талан-таражға түсуі, отандық өндірістің тұралап қалуы, шағын және орта бизнестің аяққа тұра алмауы, басқасын айтпағанда, мемлекет бюджет пен Ұлттық қор қаржысының бүгінгі жетіспеушілігі – мұның бәрі осыдан отыз жыл бұрын белгіленген экономикалық саясаттың «жемісі».
Президент банк жүйесіне қатысты сын айтты. Бұл да – өте өзекті тақырып. Кезінде, ескі Қазақстан тұсында әлемдік дағдарыс сылтауымен қаншама жеке банкке бюджеттен миллиардтаған доллар көмек берілді десеңізші! Бірақ ол банктер халыққа не істеп жатыр? Сол қаржыны халыққа қайтаратын уақыт келген жоқ па?
Құдайға шүкір, бүгінде осы мәселелер ашық айтылып, Президент және оның командасы барлық объективті және
субъективті қиындықтарды еңсеруге бар күшін салуда. Сол еңбектің алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Ол туралы да мемлекет басшысы өз сөзінде айтты.
Өз басыма ұнаған бір жайт: президентіміз оң өзгерістерді атап қана қоймай, үкімет жұмысындағы олқылықтарға да кеңінен тоқталды.
Шынын айту керек, осындай өткір сыннан кейін біраз білгіштер «қай министр, қай әкім орнын босатады екен?» деген тақырыпты талқылап жатқан-ды. Бұл жолы Президент үкімет отырысында кадрлық өзгерістер жасамады. Бұл да болса, Президентіміздің басқару стилінің бір ерекшелігі деп білемін. Ол кісі сыпыра мақтап, не сыпыра сынамайды ғой. Соған қарағанда, кадрлық өзгерістер рет-ретімен, әр министр мен әкімнің жеке басының жетістігі мен кемшілігі ескеріліп, қолға алынатын болар деп ойлаймын.
Өз сөзінде Президентіміз: «Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деп кесіп айтты.
Әлеуметтік желілердегі кейбір әсіре белсенділер «көрпеге қарай көсілу» керектігін Президент халыққа айтты деген сыңайда пікір таратып жатқанының куәсі болып отырмыз. Мұны өз басым Президенттің сөзін әдейі бұрмалаушылық деп санаймын! Мемлекет басшысы жаппай үнемдеу талабын үкіметке, яғни қол астындағы шенеуніктерге айтып отыр емес пе?!
Сөз жоқ, жаппай үнемге көшпесек болмайды. Сол себепті үкімет бюджетті бекіткенде осы талапты басшылыққа алуы тиіс.
Алайда артық қыламын деп, тыртық қылуға да болмайды. Мемлекеттің қолдауына зәру рухани сала осы үнемшілдіктің құрбаны боп кетпеуі тиіс. Өйткені рухани сала – аса нәзік әрі ұзақ мерзімді инвестицияны қажет ететін сала.
Айтпақшы, көрпеңе қарай көсілу талабының әрқайсымызға қатысы бар. Бізде той жасау немесе ас беру бәсекеге айналып кеткені өтірік пе?! Несие алып, той жасау дегенді бәріміз көріп жүр емеспіз бе?
Президенттің: «Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлде түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе» деген сөздері өзін Қазақстан патриоты санайтын кез келген адамға ой салары сөзсіз.
Осы пікірге өз басым елең ете қалдым. Шынында да, өз еліңде жасалып жатқан жақсы істерге көз жұма қарап, тырнақ астынан кір іздеп, біржақты сынауға, тіпті мазақ етуге жұртшылық бейімделіп бара жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде артық айтылатын осындай оғаш пікірлерге заң жүзінде белгілі бір тосқауыл керек сияқты.
Қорыта айтқанда, экономиканы жақсарту тек қана Президент пен үкіметтің міндеті емес, қоғамның, әрбір азаматтың қолдауынсыз ондай шаруалар атқарыла алмайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, қолға алынып отырған бастамаларды барша жұрт боп қолдауға шақырамын.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының төрағасы
Abai.kz