Жұма, 5 Желтоқсан 2025
Көкжиек 190 0 пікір 5 Желтоқсан, 2025 сағат 15:00

Жоғарғы білім: Түркиядан үйренеріміз өте көп

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Өткен аптада, 2025 жылдың 26-28 қарашасы аралығында, Түркияның Анкара университеті Коммуникация факультетінің арнайы шақыруымен «Республика және коммуникация» (CİSEM2025) атты маңызды халықаралық симпозиумға қатысып қайттық.

Алғаш рет 2023 жылы Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл симпозиум коммуникация саласындағы (журналистика, медиа және қоғаммен байланыс) білім берудің тарихи дамуын, қазіргі жай-күйін және болашақ бағытын сыни, еркін және кешенді тұрғыда талқылауды мақсат етеді.

Биыл үшінші рет өткізіліп отырған ғылыми жиынның тағы бір ерекшелігі – оның Анкара университетінің ғана емес, бүкіл Түркия, Таяу Шығыс және Еуропа кеңістігіндегі ең беделді әрі тамыры терең білім ордаларының бірі болып саналатын Коммуникация факультетінің (İLEF) 60 жылдық мерейтойына арналуы.

Бұл ғылыми басқосу коммуникация, журналистика, ақпарат және қоғаммен байланыс салаларындағы білім берудің өткені мен бүгініне талдау жасап, болашақ бағыттарын айқындауға арналған мазмұны терең, ауқымды жиын болды.

Симпозиумның ашылу рәсімін ұйымдастыру алқасының төрайымы, Анкара университеті Коммуникация факультетінің профессоры, ғылым докторы Чағла Құбылай Камилоғлу ханым ашып, Түркия журналистикасының бүгінгі өзекті мәселелеріне тоқталды.

Одан кейін Анкара университетінің ректоры, профессор доктор Неждет Үнүвар мырза және факультет деканының орынбасары, профессор доктор Аслы Иағмұрлу Дара ханым қатысушыларға арналған жүрекжарды құттықтау сөздерін жеткізді.

Алқалы жиынның алғашқы пленарлық мәжілісінде Түркияның беделді ғалымдарының мазмұны терең баяндамаларын тыңдадық.

Профессор доктор Ойа Токгөз ханым елдегі университеттерде журналистика бөлімдерінің ашылу тарихына кәсіби әрі нақты талдау жасаса, Ыстамбұлдан онлайн қосылған профессор доктор Айсел Азиз ханым жасанды интеллектінің коммуникация саласын оқыту үдерісіне тигізер ықпалы, мүмкіндіктері, тәуекелдері және құрылымдық өзгерістері жөнінде жан-жақты баяндады.

Айта кетерлігі, 1952 жылы бастауыш мектепке барып, 1964 жылы Анкара университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетін тәмамдап, 1969 жылы дәл осы университеттің Баспасөз жоғары мектебінде академиялық жолын бастаған профессор доктор Айсел Азиз ханымның бүгінде жасанды интеллект саласындағы ғылыми ізденістерге зор серпін беріп отырғаны ерекше құрметке лайық.

Біз Анкара университеті Коммуникация факультетінің CİSEM2025 симпозиумындағы жарыссөздерде Қазақстан мен Түркия университеттері арасындағы коммуникация саласындағы ғылыми әріптестіктің саяси, әлеуметтік және экономикалық маңыздылығына арналған баяндама жасадық.

Симпозиумға қатысушылар мен ұйымдастырушыларды «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясындағы «500 ғалым» жобасы бойынша 2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың тамызы аралығында Анкара қаласында жүргізілген бір жылдық ғылыми тағылымдамамыздың нәтижелерімен таныстырдық.

Біздің CİSEM2025 симпозиумындағы баяндамамызда жоғарыдағы ғылыми тағылымдама барысында атқарылған «Түркия Республикасында медиа саласында ғылыми зерттеу жүргізу тәжірибесі» тақырыбындағы кешенді зерттеу жұмыстарымыздың негізгі тұжырымдары ұсынылды.

Жалпы алғанда, Түркия университеттеріндегі коммуникация, журналистика, ақпарат және қоғаммен байланыс саласының дамуы Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін үлгі болатын тұстарға бай.

Әсіресе Түркия ғалымдарының ұйымшылдығы, академиялық қауымдастықтың бір-біріне деген жанашырлығы, заманауи жаңашылдықты жылдам қабылдауы, оқытушылар мен студенттерге жасалған кең көлемді жағдай – мұның бәрі бізде де жүзеге асса деген тілек тудырады.

Мысалға, Түркияда 208 университет бар (оның 129-ы мемлекеттік, 75-і жеке қор университеттері, ал 4-еуі жеке қорлардың жоғары кәсіптік мектептері). Соның ішінде 75 университетте толыққанды Коммуникация факультеттері жұмыс істейді. Бұл – коммуникация саласының институционалдық деңгейде жақсы дамығанының айқын дәлелі.

1989 жылы ЮНЕСКО бастамасымен Түркияда Коммуникация зерттеулері қауымдастығы (İLAD) құрылып, коммуникация саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың және сапаны арттырудың маңызды орталығына айналды.

2016 жылы Коммуникация білімін бағалау және аккредиттеу кеңесі (İLEDAK) құрылып, білім беру бағдарламаларының сапасын кәсіби деңгейде бағалау және аккредиттеу ісін жүйеге келтірді.

İLEDAK-тың негізгі мақсаты – коммуникация саласының өз ішінде және оған жақын өзге де ғылыми салалардағы коммуникация білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, бағалау және ақпараттық-әдістемелік жұмыстар жүргізу.

Яғни Түркия университеттеріндегі коммуникация, журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының жұмысына осы саланың кәсіби мамандары баға беріп, аккредиттеуден өткізеді.

2000 жылдан бері Түркиядағы Коммуникация факультеттері декандарының кеңесі (İLDEK) үздіксіз жұмыс істеп, оқу бағдарламаларын жаңартып, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеп, түлектердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етіп келеді.

Бұл кеңес Түркиядағы коммуникация факультеттерінің қазіргі жағдайына сараптама жүргізіп, ұсыныстар береді, оқу бағдарламаларын жаңартып отырады, түлектердің еңбек нарығында шетелдік әріптестерімен бәсекелесе алуын қамтамасыз етеді.

Анкара университетінің халықаралық рейтингтердегі орны да оның беделін айқындай түседі: QS World University Rankings – 697, QS WUR Ranking By Subject – 51–120, QS Sustainability Ranking – 486, ал Europe University Rankings – Western Asia тізімінде 10-орында тұр.

Анкара университетінің Коммуникация факультеті бүгінде Түркия ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс пен Еуропаның бірқатар елдері үшін журналистика және ақпарат саласындағы білікті мамандар даярлайтын жетекші орталық саналады.

2025 жылғы 27 тамызда Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Анкара университеті арасында академиялық ынтымақтастық туралы маңызды хаттамаға қол қойылғанын да атап өткен жөн.

Бұл келісім алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларға, академиялық ұтқырлыққа және журналистика мен коммуникация саласындағы ортақ бастамаларға жол ашады.

Қорыта айтқанда, Түркия университеттерінен үйренеріміз мол екенін айқын аңғардық.

Түркияға жасаған кезекті ғылыми-академиялық сапарымыздан: «Шіркін, Қазақстанда да профессор-оқытушылар мен ғалымдар үшін дәл осындай қолайлы, жан-жақты жағдай жасалса ғой!» деген оймен оралдық.

Мырзантай Қожабайұлы Жақып,

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессоры

Abai.kz

0 пікір