Қарашығанақ жобасында отандық өнімдерді сатып алу 2,5 есе өсті
Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен комитет отырысы өтті. Жиын барысында елішілік құндылықтарды дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елішілік құндылықтарды және отандық тауар өндірушілерді қолдау, яғни импортты оқшаулау бойынша әділетті қорғау шараларын іске асыруды тапсырғанын айтты. Осыған байланысты Қазақстандағы «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» ірі мұнай-газ жобаларында жұмыс істейтін трансұлттық мұнай-газ компанияларының сатып алуындағы отандық тауарлардың үлесін арттыру үшін 2023 жылғы маусымда Энергетика министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған.
– Бүгін біз «Өнімді бөлу туралы келісімдерді іске асыру» жөніндегі жұмыс тобының бір жылғы жұмысының қорытындысын қарастырамыз. Атап айтсақ, 2024 жылы 15 мамырда 23 отандық тауар өндірушімен: «Теңізшеврон» (13 контракт – $52 млн), «NСОС» (5 контракт – $79 млн) мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (5 контракт – $105 млн) компаниялары жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларына келісім шарттарға қол қойды. Отырысымыздың күн тәртібіндегі басты мәселе – «Қарашығанақ» жобасында қызмет етіп отырған «Қарашығанақ Петролеум Оперейтин» компаниясының 2024 жылғы отандық тауарларды сатып алу жөнінде және 2025 жылы осы бағыт бойынша жұмыс жоспарларын тыңдау, – деді Е.Жаңбыршин.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» ЖШС бас директоры Марко Марсили бұл бағытта депутаттармен және Үкіметпен бірлесіп жұмыс жүргізгеннен бері Қарашығанақ жобасындағы тауарлардың жергілікті қамту үлесі 2022 жылғы 7 пайыздан 2024 жылы 18 пайызға дейін өскенін хабарлады. Отандық тауар өндірушілермен өзара түсіністік туралы 23 меморандум жасалған. Оның төртеуі бойынша биыл наурыз-сәуір айларында тендер өткізу жоспарланып, тағы төртеуі бойынша алғашқы кезеңдегі ынтымақтастық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте кәсіпорын бірқатар өнім атаулары бойынша қажетті оқшаулау деңгейінен асып түскен. Мысалы, ұңғымаларды қосу бағдарламасы бойынша модульдерді локализациялау («Каспиан Контрактор Трест» ЖШҚ) 67 пайызды (қажет 55%), ұңғыманың басқару пульттері үшін («Green Spark Limited» ЖШС) 30,9 пайызды (қажет 14%) құрады.
Басты міндеттер қатарына сервистік келісімшарттар аясында қолданылатын тауарларды оқшаулау, жергілікті қамту үшін онлайн-платформа құру, барлық келісімшарт бойынша тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің міндетті пакетін енгізу кіреді. Сондай-ақ білікті қазақстандық өндірушілердің тізімін құру және тұрақты түрде жаңарту, тендерлерді бағалауда жергілікті қамту үлесін арттыру және басқалар.
Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбектің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 485,7 млрд теңгені, ішкі құнның үлесі 315 млрд теңгені (64,9%) құраған. Бұл ретте құны 6,3 млрд теңге болатын компрессорлар мен газ турбиналарының қосалқы бөлшектерін шығаратын өндірушілерді, сондай-ақ 3,9 млрд теңгеге түпнұсқалық жабдық өндірушілерінің тауарларын оқшаулау мүмкіндігі бар.
– Бірлескен жұмыс нәтижелері – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» 2024 жылдың мамыр айында отандық тауар өндірушілермен және жұмыстарды (қызметтерді) жеткізушілермен жалпы сомасы шамамен 105 миллион долларға қол қойған бес келісімшарт, қазан айында жалпы сомасы 88,3 миллион долларға жеті келісімшарт және желтоқсанда жалпы сомасы 5,6 миллион доллар болатын екі келісімшарт, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, биыл тауар өндірушілермен жасалған меморандумдарды жүзеге асыру және E-procurement электрондық сатып алу жүйесін енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ депутаттарға Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығының қызметі туралы ақпарат берілді. Оның бас директоры Дастан Әбішев орталықтың Үкімет пен мұнай-газ саласындағы үш ірі оператордың бастамасымен мұнай-газ машина жасау өнімдеріне қажеттілік туралы деректерді біріктіру және талдау, ішкі нарықты талдау және қазақстандық өндірушілердің әлеуетін дамыту, инвестиция тарту және технологиялар трансферті үшін құрылғанын хабарлады.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов қазір депутаттар тауардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеп жатқанын еске салды. Оның аясында қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізу жоспарланған. Осы орайда ол өндірушілер ұсынатын тауарлардың шынымен де қазақстандық өнім екеніне көз жеткізу үшін мұнай-газ компанияларына әлеуетті жеткізушілерді реестрден таңдау қажеттігін айтты.
Жиын барысында депутаттар өзге де мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, сатып алудың ашықтығын сақтау, шағын тауар өндірушілер үшін тендерге қатысудың қолжетімділігі. Снежанна Имашева мұнай-газ саласындағы сервистік компанияларға өз өнімдерін жеткізе бастаған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылармен ынтымақтастықтың әлеует зор екенін атап өтті. Бүгінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» серіктестері Батыс Қазақстан облысындағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен ай сайын 200 мың жұмыртқа, 500 келі сары май, 30 тонна картоп, 17 тонна пияз, 10 тонна сәбіз және қырыққабат сатып алады.
Отырыс cоңында комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жергілікті қамтуды дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты. Жыл сайын қазақстандық тауармен қамту үлесін ұлғайтып, еліміздегі мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар үшін тауарлар мен жабдықтар өндірісін ашып, кеңейту қажет. Өйткені бұл – қосымша жұмыс орындары, бюджет кірістері, жаңа инновациялық технологиялар, білікті кадрлардың көбеюі.
– Өздеріңізге белгілі, 2024 жылы 25 қарашада Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мұнай секторы кәсіпорындарындағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қазақстандық тауарлармен қамту үлесін 60 пайызға дейін ұлғайтуға қатысты ұсыным болған. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Осы мәселе біздің Комитеттің бағыты бойынша жұмыс істейтін мұнай-газ, энергетика, уран және төтенше жағдайлар салаларына қатысты үнемі бақылауда болады, – деп түйіндеді Еділ Жаңбыршин.
Abai.kz