20 пайыз тым жоғары: Президент Тоқаев ҚҚС туралы мәлімдеме жасады
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/MyCollages-2-4.jpg)
Соңғы кездері қоғамда жиі талқыға түскен мәселенің бірі – қосымша құн салығы екені анық. 28 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектенов бұл салықтың 12 пайыздан 20 пайызға дейін артуы мүмкін екенін айтқан болатын. Бірақ бұл шешімге сала мамандары, жұртшылық және кейбір депутаттар қарсы болды. Олардың айтуынша, қосымша құн салығының артуы олардың тұрмысына тікелей әсер етпек.
Осы мәселе бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтау жөнінде арнайы тапсырма берді.
«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Зерделеп көрсек, қосылған құн салығы тұтынушы тауарға немесе қызметке төлейтін соманың бір бөлігі. Әдетте оның көлемі түбіртекте көрсетіліп тұрады. Оны тауарды өндіруші, сатушы, қызмет көрсетуші мемлекетке төлемек. Осы мәселе туралы көрші елдерде қандай жүйе бар екенін де іздеп көрдік. Өзбекстан 2023 жылдан бастап аталған салық мөлшерін 15 пайыздан 12 пайызға төмендеткен. Ал бұл салықтың мөлшері Ресейде 20%, Қырғызстанда 12%, Қытайда 16%-ды көрсеткен.
Осы жағдайды назарда ұстаған Мемлекет басшысы өз ойын мәлімдемесінде айтты.
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс.
Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.
Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын.
Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек.
Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президентінің айтуынша, ҚР Үкіметі түпкілікті шешімді осы саланы жетік білетін білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, сонымен бірге депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны оңды болмақ.
Осы орайда біздің қоғамда бұл салық «Тауар бағасына қалай әсер етпек?» деген заңды сұрақ туындайды. ҚҚС көлемі артса, елдегі тауар мен қызметтер бағасы қымбаттап, тұтынушылардың қалтасына салмақ түсері анық. Ал одан кейін қымбатшылық та қосақталып жетуі әбден мүмкін.
Abai.kz