Трамп Газада «жұмақ» орната ма?
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/thumbs_b_c_6e17072cfccead8e3e30869303d82fa8.jpg)
Саясаттанушылар жиі мысалға келтіретін еврей жазушының: «Құдай араб пен еврейді татуластыра алмай, құсадан өлді», - деген сөзі бар.
Трамптың ант беру мұрәсімінің алдында Израиль мен ХАМАС тобы соғысты тоқтатуға келісіп, өзара тұтқын алмаса бастап еді. Трамптың өткен аптаның сейсенбісінде жылан жылындағы алғашқы шетелдік қонағы Нетаньяхуды ескі құдасындай қарсы алып, Байден бекіткен «кей қару түрлерін Израильге сатуды шектеу» бұйрығының күшін жойып ғана қоймай, «Газаны АҚШ-тың басқаруына алу жоспарын» ұсынуы таяу шығыстағы араб елдерімен Израиль арасын одан ары ушықтырды.
Нетаньяху «тарихи шешім» деп атаған, Еврей басшысына майдай жаққан Ақ үйдің жаңа басшысының бастамасы - БҰҰ-ның «екі мемлекет» шешіміне мүлде қайшы екенін айтпаса да түсінікті. Оған араб елдері ғана емес, Қытай, Франция бастатқан елдердің де қарсы болуы заңды да.Трамптың баспасөз хатшысы «Газаны басқаруға алу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ» деп мәлімдесе де Нетаньяхудың желігі басылар емес. Трамптың қауіпсіздікті желеу етіп, газалықтарды өзге араб елдеріне көшіріп, жерін минадан тазалап, жұмақ орнату жаспарына алғашқы болып қарсы шыққан,Араб елдерінің азулысы - Сауд Арабиямен ашық қарсылыққа көшті. Қызды-қыздымен қасиетті жұма күні «палестиналықтарға шынайы жаны ашыса, жері кең ғой, өз ішінен мемлекет құрып берсін!» деп салды.
Араб және Ислам елдері бірлестігі ұйымы Еврей басшысының сөзін «нәсілдік кемсіту» деп бағалап, Сауд Арабияның егемендігімен ойнамауға шақырды.
Сауд тарабы Нетаньяхудың бұл әрекетін «өзінің палестиналықтарға жасаған қанды қылмысын ұмыттыру, әлем назарын басқа арнаға бұру амалы» деп атады. Палестиналық бауырларының құқына ешкім құл сұға алмайтынын, олардың ешқайда кетпейтінін, қанша уақыт керек болса да, «екі мемлекет» саясаты негізінде өз мемлекетін өз жерінде құратынын қадап айтты.
Сенімді ақпарат көздеріне қарағанда Израиль әскері газалықтарды күштеп көшіруге сақадай сай тұруға бұйрық алған.
Президенттігін бастамай жатып, Ливандық Хурситтерді, Газаны бөліп билеген ХАМАС тобын тәубеге келтірген мақтаулы Трамп орынсыз бастама көтеріп Орта шығыстың жағдайын қайта шиеленістірді. Мейлі Трамп айтқандай жұмақ болса да палестиндіктерсіз газаны жергілікті жұрт та, туысқан араб елдері де, әлемдік қауымдастықтар да қабылдамайтыны айдай ақиқат. Трамптың газаны АҚШ-тың басқаруына алу жоспары, жылжымайтын мүлік саудагерінен саясатқа келген Ақ үйдің жаңа басшысының таза экономикалық пайда тұрғысынан айтылған шикі жоспар екені анық.
Abai.kz