Тоқаев бай-бағландардың басын қосты
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/MyCollages-2-4-1.jpg)
Мемлекет басшысы елдегі ең бай кәсіпкерлермен кездесіп, салық саясатын қайта қарау туралы тапсырма берді. Бұл туралы Мың Теңге телеграм арнасы жазды.
Бизнес элитаның алдыңғы қатарында Kaspi.kz акционері Вячеслав Ким (5,8 млрд доллар), Halyk Bank-тің қожайындары Тимур және Динара Құлыбаевтар (5 млрд доллар), ForteBank-тің мажоритарлық акционері Болат Өтемұратов (2,7 млрд доллар) және Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова болды.
Ақша мен активтердің иісі шыққан жерде Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов (3,3 млрд доллар), Astana Group иесі Нұрлан Смағұлов (980 млн доллар), BI Group басшысы Айдын Рахымбаев (886 млн доллар), Банк ЦентрКредит акционері Бахытбек Байсейітов (376 млн доллар) секілді миллиардерлер де жайғасты.
Кездесуде “Атамекен” ҰКП басшысы Райымбек Баталов, бұрынғы сенатор Юрий Цхай, “Олимп” зертханаларының негізін қалаушы Ерлан Сүлейменов, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры Сергей Барон сияқты есімдер де болды.
Мемлекеттік биліктің “халықшыл” өкілдері де тыс қалмады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, “Самұрық-Қазына” қорының басшысы Нұрлан Жақыпов, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Марат Омаров және тағы басқалар шақырылды.
Күн тәртібінде – салық саясатын қайта қарау, экономикалық даму және бизнесті қолдау мәселелері. Бизнесмендер үшін бұл “инвестициялық ахуалды жақсарту” болса, қарапайым халық үшін – жаңа реформалар мен өзгерістер. Қандай өзгерістер екенін уақыт көрсетеді.
Abai.kz