Жұма, 21 Ақпан 2025
«Соқыр» Фемида 1426 11 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 13:42

АҚШ пен Еуропа араздығы Қытайға тиімді

Сурет: rbc.ua сайтынан алынды.

Трамптың сауда теңсіздігін желеу етіп әріптес елдеріне соғыс ашуына Еуропа басшылары да наразылық білдірді. Еуропа мен АҚШ арасындағы араздық Германиядағы "Мюнхен қауіпсіздік жиналысы" кезінде шарықтау шегіне жетті. Жиналысқа арнайы келген Америка орынбасар президенті Ванс Еуропаны босқындар жайлап алғанын, солшылдық көзқарас негізгі бағытқа айналғанын алға тартып, Еуропаның сыртқы шапқыншылықсыз-ақ өз ішінен іріп жатқанын беттеріне басты.

Оның алдында өткен НАТО Қорғаныс министрлерінің басқосуында АҚШ әскерінің қолбасшысы Хегсес онсызда бюджет тапшылығын көріп отырған Еуропа елдеріне қорғаныс шығынын ІЖӨ-нің 5 пайызына жеткізуді тағы қайталады. Әсіресе оның "НАТО-ға мүше болу украинаның қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды", "Украинаға 2014-жылғы шекараға қайту мүмкін емес" деген мәлімдемелері кәрі құрлықтағы әріптестерінің дерлік наразылығын тудырды. Трамп шүйіншілеген Ресей басшысы Путинмен алда жасалатын бейбітшілік келісіміне күмәнмен қарай бастады. Келісімге өздерін де қатыстыруды талап ете бастады. Кеше Трамптың Украина мәселесі жөніндегі арнаулы өкілі Кит Келлог Сауд Арабиясында өтетін келіссөзге украина тараптың қатысатынын, бірақ Еуропа өкілдерінің шақырылмайтынын ашық айтты.

Франция басшысы Макронның бастамасымен бүгін Парижде Англия, Германия, Италия, Испания, Дания, Голландия, Польша жетекшілері сонымен бірге Еуроодақ, НАТО басшыларының қатысуымен Украина тағдыры, Еуропаның қауіпсіздігі туралы кеңес өтетін болды.

Францияның әйгілі "Жаһан" басылымы "Америка Еуропаға идеологиялық соғыс ашты" деп дабыл қақса, "Германия дауысы" Еуропа мен Америка саясаткерлерінің өзара қақтығысына бір қуанған адам болса ол - жиналыста екі тараптың сөз сайысын көзбе көз бақылап отырған Қытай Сыртқы істер министрі Ван И шығар" деп жазады.

Ол сөзінде Еуропаны бәсекелес емес, әріптес ретінде қараймыз. Ресей мен Украинаны татуластыруға араағайындық жасай аламыз деп мәлімдеген.Германиялық әріптесінің: "Онда Қытай не үшін сауда-саттық формасымен ресейге көмектесіп отыр?!" деген сұрағына, "Ресей болмаса өндіріске керек энегияны қайдан аламыз?" деп жауап берген.

Жиынға қатысқан Литваның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ландсберг Егер Еуропа мен АҚШ араздасып украинаға көмек пен Путинды ауыздықтауда бір байламға келмесе, Қытай Украинаның құтқарушы жұлдызы болып шыға келуі мүмкін. Зеленскийге Трамп айтқаннан да жоғары ивестиция қаржысын ұсынуы мүмкін. Украинаны қайта құруға қыруар қаржы салуы мүмкін. Украинаға керегі де сол" дейді.

Трампқа тіс-тырнағымен қарсы Нью-Йорк таймс газеті болса, "Трамптың Халықаралық даму агентін жабуынан қазірдің өзінде аш балалар көмексіз қалып, өліп жатқан болуы мүмкін" деп жазады. Илон Масктың Америка мемлекеттік демократияны дамыту қорының қаржы көзін бұғаттауы Коммунистік биліктен басқаша ойлайтындарға, ұлттық азшылықтарға қырғидай тиетін Қытайға майдай жақты, көктен тілегенін жерден берді, Трамп Американы жыртқыш қасқырға айналдырды" деп жазады.

Abai.kz

 

11 пікір