Қазақстандағы бұқаралық спорт туралы

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында «бұқаралық спортты дамытуға көбірек көңіл бөлетінін» айтып, «мұнсыз салауатты жастарды тәрбиелеу және бүкіл халықтың денсаулығын нығайту мақсатына қол жеткізу мүмкін емес» әрі «бұл саладағы заңнаманы жаңартудың өзекті қажеттілігі бар» екенін атап өткен болатын. Тиісті түзетулер бұқаралық және балалар спортын дамытуға қуатты серпін беріп, чемпиондардың жаңа буынын дайындауға негіз болады».
Дене шынықтыру және спорт саласы әртүрлі жастағы, жыныстағы, ұлттағы, нәсілдегі, діни сенімдегі, саяси нанымдағы және басқа да өлшемдердегі миллиондаған адамдарды біріктіреді. Мұндағы біріктіруші әрі қозғаушы күш немесе идея – достық және татулықпен бірге дененің, ерік күші мен ақыл-ойдың қадір-қасиетін, жарысу рухын, салауатты бәсекелестікті теңдестіруге бағытталған олимпиадалық мақсаттар болып табылады.
Жалпы, бұқаралық спорт – дені сау азаматтарды шынықтыру мен тәрбиелеуге, оларды зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға, ағзадағы денсаулықты сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға байланысты әртүрлі мәселелерді шешу үшін қажетті физикалық және психологиялық форманы беруге, сондай-ақ өмір сүру процесінде туындайтын басқа да мәселелерді шешуге бағытталған.
Қазақстанда «Бұқаралық спорт» ұғымының заңнамалық анықтамасы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚРЗ Заңының 1-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында берілген, мұнда оның мағынасы «халықтың дене шынықтыруды дамытуға жәрдемдесетін спорттық қозғалысы» деп көрсетілген.
Жалпы, республиканың Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен шамамен 8 миллион адам немесе халықтың 40 пайыздан сәл астамы айналысады. Тиісті ведомство бұл көрсеткішті 50 пайызға – 10 миллион адамға дейін жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, «бұл мақсатқа жетуге ең алдымен Қазақстан халқының өзі мүдделі болуы керек. Спорттағы жетістік – кез келген адам үшін жақсы әлеуметтік саты. Ең алдымен, бұқаралық спорт – әрбір адам үшін дене шынықтыру дайындығын жақсартуға, денсаулығын нығайтуға және өмірін ұзартуға тамаша мүмкіндік екенін ұмытпауымыз керек» (дереккөз: 24.kz, жарияланған күні - 14.10.2024 ж.).
Сондай-ақ БАҚ-та «Еліміздің көптеген өңірлерінде «Қолжетімді спорт» жобасы жүзеге асырылып жатыр» деген ақпарат бар. Бұл бағдарлама аясында спорт әуесқойлары скандинавиялық әдіс бойынша серуендеу, жүгіру, гимнастика, йога және фитнес, стрит-воркаут, үстел теннисі, шаңғы жарысы және конькимен сырғанау бойынша ашық ауадағы жаттығуларға мүлдем тегін қатыса алады. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы жұмыс істейді. Мемлекеттің бұл стратегиялық және маңызды әлеуметтік бастамасы қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие. Бүгінде 4 пен 17 жас аралығындағы 230 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін барады, оған еліміздің өңірлік бюджетінен 44,9 млрд теңге бөлінді. Республикада салауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде жыл сайын барлық жас санаттарына бағытталған, бір миллион адамды қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі» (дереккөз: inform.kz, жарияланған күні - 13.10.2024 ж.).
Еліміздің дене шынықтыру және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жағымды есептер мен жағымды мысалдарға қарамастан, Қазақстан құрамасының өткен Олимпиада ойындарында: 2020 жылы Токиода және 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарындағы айтарлықтай әлсіз көрсеткіштерін атап өтпеске болмайды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, қаралып жатқан салада басқа да заң бұзушылықтар бар. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Ол отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге кедергі келтіретін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті. Осы деректерге сүйенсек, тек соңғы 6 жылда спорт саласын қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгені құраған: 2018 жылы – 165 миллиард теңге; 2019 жылы – 204 млрд теңге; 2020 жылы – 177 млрд теңге; 2021 жылы – 223 млрд теңге; 2022 жылы – 296 млрд теңге; 2023 жылы – 340 млрд теңге. Сондай-ақ осы және алдағы екі жылға бюджеттен тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарлануда (дереккөз: informburo.kz, жарияланған күні - 10.07.2024 ж.). Атап айтқанда, хабарда «Қазақстанның жоғары нәтижелі спорт түріне қаржы құю көлемі Орталық Азия елдерінің және алыс шетелдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) осы мақсаттарға бөлінген бюджеттерінен бірнеше есе көп екені көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындарындағы медальдар мен әлемдік спорт рейтингінде төмен орындарды иеленуін жалғастыруда. Себептердің бірі – мемлекет қаражатын ұтымсыз жұмсауға және ұрлануға ықпал ететін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері».
Бұқаралық спортты дамытуға келетін болсақ, Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсайтын шығыны жоғары нәтижелі спорт түрлеріне қарағанда тоғыз есе аз екені атап өтіледі: 340 миллиард теңгенің 35 миллиард теңгесі ғана. Спортта жетістікке жеткен шет елдерде жоғары нәтижелі спорттың негізі болып табылатын бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі. Нидерландымен салыстырғанда Қазақстан жоғары нәтижелі спортқа үш есе көп, ал бұқаралық спортқа қаржыны жеті есе аз бөлетін болып шықты.
Қазақстанның дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында бекітілген бұқаралық спортты дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие, деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі. Мәселен, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуі керек, орта есеппен күніне үш іс-шара. Агенттік сарапшыларының пікірінше, бұл көрсеткіш асыра көрсетілген.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «заманауи спорт нысандарының жоқтығы спортшылардың сапалы дайындалу мүмкіндіктерін шектейді, бұл әсіресе өңірлерде байқалады. Бұл ретте дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында тұрақты жаяу жүргіншілердің жолдары мен веложолдардың болмауына баса назар аударылған. Елімізде жабық спорт нысандары мен жүзу бассейндері тапшы. Ең көп тапшылық Астана, Алматы, Түркістан және Алматы облыстарында байқалады.
Яғни, спорт нысандарының саны халықтың сұранысын қанағаттандырмайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сондай-ақ «спорттық ұйымдар спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына легионерлерді ұстауға қыруар қаржы жұмсалатынын атап өтті. Мысалы, ең қымбат саналатын «Астана» футбол клубының жеке футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. Алты жыл ішінде клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 миллиард теңге жұмсаған. Халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктемеу – жоғары нәтижелі спорт саласында процестерді цифрландыру мүлде жоқ. E-sport Ұлттық цифрлық платформаcын енгізуге арнап 2020 жылдың өзінде жоспарланған әзірлеу жұмыстары жүргізілмеді».
Соның салдарынан тиісті министрлікте қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректер жоқ және жүлдегерлер, спорт нысандары, спорт секциялары мен жаттықтырушылар туралы бірыңғай есеп жүргізілмейді. Цифрландырудың жоқтығы жалған спортшыларға спорттық атақтардың берілуіне, жарыстарға қатысу үшін спортшылардың ашық емес және субъективті іріктелуіне ықпал етеді. «Жоғарыда аталған факторлардың салдары ретінде бұл жағдай еншілес жеткізушілерді таңдауға, жалған оқу-жаттығу жиындарын өтті деп көрсету мен спорт нысандарын жалға беруге, легионерлер жалақысының көтерілуіне және қосарланған қаржыландыруға қоса, бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне әкеліп соқты», - деп қорытындылады ведомство.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау нәтижелері бойынша спортты дамытудың басым бағыттарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортының бюджетін ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өзіміздің инфрақұрылымды және балалар академияларын дамыту, цифрландыруды енгізу бойынша ұсыныстар берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің спорт саласының, оның ішінде бұқаралық спорттың дамуы туралы деректердің жеткілікті егжей-тегжейлі және мазмұнды талдауымен келіспеу қиын.
Анықталған жоғарыда аталған кемшіліктер қарастырылып отырған салада олқылықтардың бар екенін тағы бір рет растайды және тиісінше, дене шынықтыру және спорт саласына түбегейлі және кешенді түзетулер енгізуді, тиісті министрлік жүргізіп жатқан жұмыстарға қолданыстағы тәсілдемелерді өзгертуді және елімізде спортты дамытудың ағымдағы жай-күйін зерделеуді, соның ішінде Қазақстан Республикасында оны дамытудың қажетті тенденциясын, спорт саласындағы «тар аядағы» деп аталатын мамандарға (спорт дәрігерлеріне, спорт саласының психологтарына, спорттық нутрициологтарға және т.б.) деген сұранысты жан-жақты талдауды, сондай-ақ спортпен айналысу кезінде азаматтардың мотивациялық құрамдас бөлігін зерттеуді талап етеді.
Жасыратыны жоқ, кез келген қызмет түрінде мотивация үлкен рөл атқарады, ол адамды кемелдікке, оның ішінде физикалық кемелдікке жету жолында туындайтын кедергілерді жеңуге ұмтылдырады.
Халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуының негізгі мотивациялық себептерінің ішінде мыналарды бөліп көрсету керек:
- адамдардың өз денсаулығына қамқорлығы;
-қозғалыс аз өмір салтының қауіптілігі туралы әртүрлі көздерден алынған ақпарат;
- физикалық жаттығулардың болмауына байланысты өмір сүру ұзақтығының қысқаруы;
- әртүрлі аурулардың көп болуына байланысты иммунитеттің төмендеуі және оларды адам ағзасына теріс әсер ететін препараттармен емдеу.
Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары спорт жолындағы әртүрлі, соның ішінде психологиялық кедергілерді еңсеру тұрғысынан мотивациялық құрамды күшейте отырып, үлкен рөл атқара алады және атқаруға тиіс.
Мысалы, дене шынықтыру және бұқаралық спорт жеке тұлғаны өмірге дайындайды, ерік-жігерді, табандылықты, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуге көмектеседі, физикалық денсаулықты ғана емес, денсаулықты нығайтуға ықпал етеді деген тезисті әрбір ақпараттық агенттік пен интернет-ресурс күнделікті «ақпараттық арсеналға» енгізуі керек.
Бұл ақпараттық жұмыс әрбір қазақстандықтың денсаулығын нығайтуға жеке мүдделілігін сезінуге және дене шынықтырумен және спортпен айналысуға деген ынтасын арттыруға әкелуі тиіс.
Дене шынықтыру мен спортты ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерінің маңызы зор. Мысалы, АҚШ-та жыл сайын дене шынықтыру және спорт бойынша 1500-ден астам кітап, сондай-ақ 300-ден астам спорт журналдары шығады. «ABC», «NBC» және «CBS» ұлттық телеарналары спорттық хабарларға жылына шамамен 1500 сағат хабар таратады. «Intimenet және Sports Programming Network» спорттық телеарнасы тәулік бойы жұмыс істейді, ал спорттық хабарларға берілетін уақыи жылына шамамен 16 мың сағатты құрайды (Цыплаков В.А. Концепция развития массового спорта в США // дереккөз: vestnik-kafu.info, қаралған күні - 12.10.2024 ж).
Спорт индустриясын қамтамасыз етудің шетелдік тәжірибесінде ақпараттық және ғылыми ресурстар барған сайын маңызды және шешуші бола бастады. Бұл ресурстарды шартты түрде екі категорияға бөлуге болады: салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық жұмысты ақпараттық және ғылыми қамтамасыз ету. Бұл бөлініс дене шынықтыру және спорт индустриясының мәселелерін зерттейтін жетекші шетелдік спорттық ақпараттық және ғылыми ұйымдардың қызметінде көрініс табады.
Мысалы, Германияда түрлі мемлекеттік органдар, жүзеге асырылатын науқандар мен бағдарламалар арқылы елдің барлық азаматтары үшін спортты насихаттау ерекше орын алады. Атап айтқанда, Отбасы, қарттар, әйелдер және жастар министрлігі «Қарттар қызметінде қозғалыс, ойын және спорт» ұранымен жоба әзірлеген, оның мақсаты – барлығы үшін спортты одан әрі дамытуды ынталандыруға бағытталған бірқатар арнайы бастамаларды, әртүрлі іс-шараларды іріктеу және марапаттау және қарттар мен басқа да жас топтарында спортпен шұғылданатын адамдардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану. Бұл бастамалар қарт адамдардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде. Бұл ретте көптеген жобалар қомақты қаржылық қолдаумен қамтамасыз етіледі. Біз атап отырған Отбасы істері, қарттар, әйелдер және жастар министрлігі 40 000 неміс маркасын бөледі. Жобалардан басқа неміс спорт қауымдастығы өткізетін «Шыңдал», «Спорт баршаға», «Бірлестікте спортпен айналысқан дұрыс», жүгіру, жүзу, велоспортпен айналысу, шаңғы тебу және жаяу серуендеу бойынша бұқаралық жарыстар және т.б. іс-шаралар бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Нәтижесінде, кейбір зерттеушілердің мәліметтері бойынша (Вапнярская О.И., Золотов М.И. Зарубежный опыт управления массовым спортом // дереккөз: mevriz.ru, қаралған күні - 12.11.2024 ж.), Германияда клубтардың саны (40-тан 90 мыңға дейін) және айналысушылар саны 10 млн-нан 21 млн азаматқа дейін, дене жаттығуларымен ұдайы айналысатындар саны 21 млн-нан 36 млн адамға дейін) тез өсуде, яғни халықты бұқаралық спортпен қамту 60 пайыздан асты.
Финляндияда спорттық ғылыммен айналысатын ұйымдар мемлекеттік қаржыландыруды тікелей жүргізуге заңды түрде мойындалған құқыққа ие. Бұл ретте дене шынықтыру мен спорт қозғалысы саласындағы мамандарды даярлау уақытының кемінде 20%-ы ғылыми зерттеулерге арналған. Сонымен қатар, мемлекет спорт және дене шынықтыру саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізілетін кез келген меншік нысанындағы ұйымдарға қолдау көрсетеді. Бес жетекші француз телеарнасының жалпы спорттық бюджеті 1,3 млрд франкті құрайды (Вапнярская О.И., Золотов М.И. Зарубежный опыт управления массовым спортом // дереккөз: mevriz.ru, қаралған күні - 12.11.2024 ж.).
Яғни, шет мемлекеттерде бұқаралық спортты дамытуды ақпараттық және ғылыми қамтамасыз етуге үлкен мән беріледі. Осылайша, АҚШ-та баспасөздің, радио мен теледидардың арқасында бұқаралық спорт «мәртебелі іс» болып саналады. Көптеген бизнес мәселелері спорт алаңдарында, бассейндерде, теннис корттарында, гольф ойнау кезінде және т.б. шешіледі және талқыланады. Америка Құрама Штаттарында: «Компания менеджментінің мүшесі болудың жолы - спорт алаңы» деген нақыл сөз бар. Бұл эксклюзивті жеке спорт клубтары немесе сауықтыру орталықтары санының айтарлықтай артуына ықпал етті.
Мысалы, АҚШ азаматтары үшін құрылған сауықтыру және салауатты өмір салты орталықтары халықтың әртүрлі санаттары үшін күнделікті спорттық жаттығуларға бағытталған дене шынықтыру және сауықтыру бағдарламалары арқылы басқарылады. Мысалы, Анахайм қаласындағы (Американың Калифорния штатының оңтүстігінде) Odetic компаниясында «Денсаулық орталығы» құрылды, соның арқасында дене шынықтырумен айналысатындар саны 2 жылда екі есе өсіп, қызметкерлердің жалпы санының 40% -дан астамына жетті. Бұл қызметкерлерге медициналық көмек көрсетуге кететін шығындарды азайтуға, ауруға байланысты жұмыстан босау санын азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ кадрлардың тұрақтамауын азайтуға және жұмыс күшіндегі қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берді (Цыплаков В.А.Концепция развития массового спорта в США // дереккөз: vestnik-kafu.info, қаралған күні - 12.10.24 ж.)
Сонымен қатар, бұл дене шынықтыру және сауықтыру бағдарламалары, негізінен, әртүрлі аурулардың алдын алуға арналған дене жаттығуларын жүргізуге бағытталған. Бұл аурулардың санын және сәйкесінше оларды емдеуге кететін шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Ал ауруларға жүйелі түрде медициналық диагностика жүргізу және зардап шеккендерді тексеру олардың денсаулығы мен дене дайындығын бағалауды бақылауға мүмкіндік береді.
Америка Құрама Штаттарында дені сау азамат болу қажеттілік қана емес, қазірдің өзінде мемлекеттік шенеуніктердің мансаптық өсуі мен бизнесмендер мен «табысты» деп аталатын адамдардың іскерлік қасиеттерін дамытудың міндетті талабы болып табылады.
Осыған орай, ірі кәсіпорындар, фирмалар, ұйымдар басшыларының дене шынықтыру мен жаппай жұмысқа үлкен көңіл бөлуі, денсаулық сабағында барлық қызметтерді тегін көрсету, сонымен қатар жұмыс уақытында жеке дене жаттығуларына қажетті уақыт бөлуі кездейсоқ емес.
Мысалы, Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік шенеуніктері өздерінің сыртқы келбеті мен физикалық дайындығына қатты көңіл бөледі, өйткені бірқатар жағдайларда олардың мансаптық өсуі мен болашағы олардың іскерлік қабілеттеріне емес, сыртқы әсерге байланысты болады. Мұны Вашингтонда және АҚШ-тың бірқатар басқа қалаларында құрылған «Спорт және денсаулық» компаниясы да ескеріп отыр. Вашингтон компаниясының орталық клубында 12 жабық және 10 ашық теннис корты, жабық және 3 ашық 25 метрлік бассейн, жабық жүгіру жолы, баскетбол, волейбол және аэробика залдары, сондай-ақ спорт залдары бар (В.А. Цыплаков. Концепция развития массового спорта в США // дереккөз: vestnik-kafu, қаралған күні - 12.10.2024 ж.).
Айта кету керек, кең тараған американдық психологияның басқалардан ерекшеленуі және жақсы болуы бұқаралық спортпен айналысуға ықпал етеді. Индивидуализм американдық өмір салтының принциптерінің бірі ретінде спортпен айналысуға жеке көзқарасты, сондай-ақ айналысатындардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, ықпал етеді. АҚШ-та спорт тақырыптары мен жаттығу әдістері бойынша көптеген әдебиеттер бар, бұл бұқаралық спортпен нұсқаушысыз айналысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сарапшылар нақты мақсатқа ұмтылуды ұсынады, мысалы, салмақ жоғалту, фигураны жақсарту, денсаулықты нығайту және т.б. (1 - Орехов Л.И., Караваева Е.Л. Оздоровление нации по-американски // Вестник ФК. - 2007 - No 1, 2 - С.38-40).
Сондықтан американдық халықтың бұқаралық спортқа деген мұндай көзқарасы бала кезінен, ең алдымен отбасы мен мектептен қалыптасады. АҚШ-та әрбір штат және әрбір мектеп мұғалімдер ұжымының материалдық ресурстардан бастап, жағдайларға, дәстүрлерге байланысты сабаққа қызығушылықты айтарлықтай арттыратын бағдарламаға құқығы бар. Колледждер мен университеттер бұл үрдісті жалғастыруда. Білім беру ұйымдарында 6 жастан 21 жасқа дейінгі 30 миллионға жуық қыздар мен ұлдар, балалар мен жасөспірімдер әртүрлі спорттық бағдарламалармен қамтылған (Цыплаков В.А. Концепция развития массового спорта в США // дереккөз: vestnik-kafu, қаралған күні - 12.10.2024 ж.)
Сонымен, шетелде бұқаралық спорт халықтың денсаулығын жақсартудың, өзін-өзі жүзеге асыруға, өзін-өзі көрсетуге және дамытуға қол жеткізудің тетігі, сондай-ақ қоғамға жат құбылыстармен күресудің құралы ретінде әрекет етеді. Сондықтан мемлекеттер бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп, халықты бұқаралық спортқа белсене тартуға мүдделі. Бұқаралық спортты дамыту процестерінің негізгі сипаттамалары: мемлекеттің бұқаралық спортты қолдаудағы рөлін арттыру, сондай-ақ осы саладағы қызметті ұйымдастырудың барлық нысандары, профилактикалық және емдік іс-шараларда бұқаралық спортты пайдалану, теріс әлеуметтік құбылыстардың алдын алу, оның ішінде құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, спортты жастардың адамгершілік, эстетикалық және зияткерлік дамуына пайдалану.
Өз кезегінде, халықты бұқаралық спортқа тарту спорттық іс-шаралар мен спорттық қызмет көрсету секторынан түсетін түсімдердің ұлғаюына, спорттық телерадио хабарларын тарату көлемінің ұлғаюына, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, дене шынықтыру және сауықтыру инфрақұрылымының дамуына, бұқаралық спорт қызметтерін ұсынудың әртүрлі нысандары, әдістері мен құралдарының дамуына әкелді.
Жалпы, кейбір зерттеушілер (Орехов Л.И., Караваева Е.Л. Оздоровление нации по-американски // Вестник ФК. – 2007 – № 1, 2 – С.38–40) мынадай «бұқаралық спортты дамытудың жаһандық тенденцияларын» анықтайды:
- АҚШ-та, Германияда және басқа да Еуропа елдерінде, Жапонияда, Австралияда, Канадада өз халқының 60%-ға жуығына жеткен (Қазақстанда – 40%-дан сәл ғана астам) спортпен айналысатындар санының тұрақты өсуі;
- жоғары нәтижелі спортқа қарағанда баршаға арналған спортты озық дамыту. Бұл тенденция демократиясы дамыған, адам өмірі мен денсаулығының құндылығы жоғары экономикалық дамыған елдерде айқын байқалады. Кедей елдерде, әсіресе тоталитарлық жүйеде басым бағыт жоғары нәтижелі спорт болып қала береді, бұқаралық спорттың мақсаттары да соған бағынады;
- спортпен айналысу мотивтерінің өзгеруі: жетістікке жету және өзін-өзі растау мотиві барған сайын маңыздылығын жоғалтуда, сонымен бірге көңіл көтеру, денсаулықты жақсарту, әдемі фигураға ие болу сияқты мотивтер күшейе түсуде;
- баршаға арналған спорт пен қоршаған орта арасындағы байланысты нығайту. Денсаулық пен бос уақытты өткізуге арналған спорт табиғатқа деген құрметті көзқарасты қалыптастыратындықтан, адам ағзасы стресске неғұрлым тәжірибелі және дайын болса, оның иммунитеті соғұрлым жоғары болса, оның нақты, өкінішке орай, жақсармайтын экологиялық ортаға бейімделу қабілеті соғұрлым жоғары болады деп түсінеді. Осылайша, табиғатқа негізделген баршаға арналған спорт қоғамға экологиялық мәселелерді белсенді түрде шешу қажеттілігі туралы түсінікті сөзсіз әкеледі және әкеле де береді;
- жастардың дәстүрлі спрот түрлерімен қатар экстремалды спорт түрлерне де қызығушылығы. Мұның өзегінде қорқынышты жеңуге деген ұмтылыс пен уақытша болса да өмірдің бір сарындылығы жатыр;
- отбасында бірлескен дене шынықтыру іс-шаралары үшін жағдай жасау, өзара түсіністік пен денсаулықты нығайту мәселелерін шешу, сондай-ақ балаларды есірткіден, алкоголь ішімдігінен, темекі шегуден және қылмыстық әлемнің зиянды әсерінен қорғау тәсілі.
Ұсынылған тұжырымдармен келісуге әрі, біздің ойымызша, қарастырылып отырған салада Қазақстан үшін ең қолайлысы бұқаралық спортты дамытудың американдық тәжірибесі деп айтуға болады, тиісті министрлік оны еліміздің жағдайлары мен ахуалын ескере отырып мұқият әрі жан-жақты зерделеп барып қабылдау жағын ескеріу қажет деп пайымдаймыз.
Шет елдердің бұқаралық спортты дамыту тәжірибесін ескере отырып, келесі шарттар орындалған жағдайда оның дамуы Қазақстанда тиімдірек болады деп болжауға болатын сияқты:
1) жергілікті нақты жағдайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту саласына қатысты бұқаралық спортты дамытудың жоғарыда аталған жаһандық үрдістерін қабылдау;
2) ақпараттық (ең алдымен, салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту), ғылыми (дене шынықтыру мен спорт саласындағы бар проблемаларды зерттеу және ғылыми ұсыныстар әзірлеу), кадрлардың (спорт мамандарын, оның ішінде спорт дәрігерлерін, психологтарды, нутрициологтарды және т.б. даярлау) рөлін күшейту, ел халқының күнделікті өмірінде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуды қамтамасыз ету, соның ішінде тиісті дене шынықтыру мен сауықтыру және спроттық бағдарламалардың әзірлеу;
3) ең алдымен дене шынықтыру және спорт саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін уәкілетті мемлекеттік органның (Туризм және спорт министрлігі) және өзге де мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі қоғамдық ұйымдардың жұмысын түбегейлі қайта құру;
4) бұқаралық спортты дамыту үшін қажетті қаржылық және материалдық-техникалық база жасау;
5) мемлекеттік органдардың спорт саласын дамыту саласындағы қолданыстағы ұсынымдарын, атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізетін спортты қаржыландыру саласындағы жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдауды кешенді және сөзсіз орындау.
Айтылған ұсыныстардың бәрі бірдей күмәнсіз демесек те, мақалада ортаға салынған бұқаралық спортты дамытудың проблемаларын шешудің кейбір жолдары осы процестердің белсенділігін арттырып, жандандырады, Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спорт саласының одан әрі ілгерілеуі мен серпінді дами түсуі, сондай-ақ халқымыздың сауығуы мен физикалық дамуының артуы осыған байданысты деген ойдамыз.
Алмаз Ещанов,
заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, құрметті спорт қызметкері
Abai.kz