Жұма, 21 Ақпан 2025
Аласапыран 2841 11 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 13:57

Бұл жылы кім жеңіп, кім жеңілген болады?

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Шамамен 2012 жылы Алматыда, Ұлттық кітапханада «Саясаттануға кіріспе» деген кітапты оқып отырғанымда, Абай атындағы ҚазҰПУ-да жұмыс жасайтын, жасы 70-тен асқан ғалым ағайымыз (аты-жөнін ұмыттым) қасымдағы орындыққа отырып, кітабымды қарап: «Қандай кітап оқып отырсың, бала? Саясаттың не екенін білесің бе, өзі?» – деген еді.

«Ммм, бұл ежелгі грек тілінде «қоғамдық іс» деген сөзден шыққан» деп бастап жатқанымда: «Таста, дұрыс емес. Саясат – ол жеке мүдде жолында жасалған барлық сатқындықты ақтап алатын әрекет», – деген. Сол сөзі есімде қалып қойыпты.

Апта басынан бастап Германияда әйгілі Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өтті. Бірақ, бұл жолғы қауіпсіздік конференциясында Ақ Үй өкілдері, барлық қатысушыларга тренинг өткізіп кеткендей әскер қалдырды. Сағаттап, лекция оқып, осыған дейін демократттардың айтатын аргументтеріне қарама-қайшы пікірлер айтып шықты.

Соғысты бір күнде тоқтатамын дейтін Д. Трамп Мәскеуге өзі бірінші қоңырау шалып, бір сағаттан аса сөйлескен. Кейін В. Зеленскиймен сөйлесіп: «Жалпы, Ресей де, Украина да бейбітшілікті қалайды. Мен В. В. Путинмен Украина бойынша Сауд Арабиясында кездесуім мүмкін», – дейді.

Тек В. Зеленский ғана емес, тұтас Еуропа мен Таяу Шығыс елдері Д. Трамптың әрекетін «Украинаның ту сыртынан оқ атып, сатып кетті», – деп айыптап жатыр. Украинаға шабуыл жасалып, соғыс басталғанына келесі аптада үш жыл толады. Егер Ақ Үй тарапы айтқандай («Украина НАТО-ға біржола кірмей, қауіпсіздік кепілдігі берілмей, 20% территориясы Ресей құрамында қалады») келісім жасалса, бұл жылы кім ЖЕҢІП, кім ЖЕҢІЛГЕН болады?

Біріншіден, Украина соңғы мың күн бойы өзінің бірнеше есе үлкен, ядролық қаруы бар елге қарсы күресіп қана қойған жоқ, 80% территориясын сақтап қалды. Соңғы екі жылда Украина бюджеті жыл сайын 4,4% өсім көрсетті. Жалпы, Батыстың көмегі ЖІӨ-нің 20%-ын құрап отыр. Соғыста қолданылып жатқан әскери техникалардың 40%-ы – отандық өнім. Соғыс басталған тұста бұл көрсеткіш 2% ғана болған.

Жалпы, Украинадағы соғыс тек 2022 жылы басталды десек, қателесеміз. Соғыстың басы 2014 жылы басталып, нақты шешімін таппай жалғасып келеді. 2014 жылы Ресей 1 млн-нан аса Украина халқын және 7% территориясын өзіне қосып алған. 2022 жылдан бастап 20% территория Ресей құрамына өтті, 6 млн-нан аса азамат басып алынған аймақтарда қалды. Бұл аймақтарда қалғандармен қалай жұмыс жасалатыны туралы жеке бірнеше мақала жазуға болады. Киевтегі халықаралық әлеуметтану институтының қараша-желтоқсан айларында жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, бейбітшілікке келу үшін шығыстағы кейбір аймақтарды Ресей құрамында қалдыруды қолдаушылар саны 32%-дан 38%-ға өскен. Бірақ территориялық тұтастықты саудаға салуға болмайды дейтіндер 51%.

Екіншіден, АҚШ пен ЕО елдерінің ұстанымдары жыл басынан бері бірнеше мәселеде қарама-қайшы болып отыр. Әсіресе, Дания бойынша, енді Украина және Германия (AfD ұлтшыл партиясын жаппай қолдау мәселесі) арасында келіспеушіліктер өршіп тұр. Сондықтан, АҚШ-тың Украина бойынша кері шегініп, Ресеймен жақындасуының құны стратегиялық тұрғыда өте қымбатқа түспек. Қысқаша айтқанда, бұл Украина емес, алдымен АҚШ-тың жеңілісі болады.

Үшіншіден, барлық жағдайды сырттан бақылап, асықпай әрекет етіп отырған Қытайдың ықпалы тек экономикалық қана емес, енді идеологиялық және саяси тұрғыда да арта бермек. Қытай бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланатыны анық.

Жалпы, Орталық Азия елдері үшін аймаққа ешбір алып державаның қатты жақындап кетпеуі қажеттігін түсінгендей. Керісінше, аймақта ықпалды, тіпті бір-біріне қарама-қайшы мүдделі топтардың ықпалын арттыра беру керек. Түркілік бағыт, АСЕАН аймағы, Ислам әлемі, ЕО – барлық тараппен байланысты нығайту қажет. Мұны хеджинг деп атайды.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы

Abai.kz

11 пікір