Жұма, 21 Ақпан 2025
Анық-қанығы 376 0 пікір 18 Ақпан, 2025 сағат 14:05

Ақылы жолдан түскен ақша қайда жұмсалды?

Сурет: qarmaqshy-tany.kz сайтынан алынды.

Елімізде жылдан жылға ақылы жолдардың саны артып жатыр. Алайда құн төлеп, қалтасы жұқарған жүргізушілер қаржысының қайда жұмсалып жатқанын білмейді. Көпшіліктің көкейіндегі бұл сауалға көлік министрлігінің өкілі жауап берді.

— Бізде «QazAvtoJol» ұлттық операторы бар. Жол пайдаланушыларынан түскен қаражаттың барлығы сол ұлттық компанияның арнайы есепшотына түседі. Жолдардың бәрі мемлекет меншігі. Одан түскен қаражат та 100% Үкіметке тиесілі. Ұлттық оператор ол қаржыны жолды күтіп ұстауға, қажетті техникаларды алуға немесе басқа да шығындарға жұмсап отырады. Одан басқа нәрсеге жаратылмайды, — дейді Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы.

Министрлік өкілі өткен жылы ақылы жолдан қазынаға 48 млрд теңге түскенін айтты.

— Бұл қаражаттың 70%-ы ақылы жолдарды нормативке сәйкес күтіп ұстауға жұмсалды. Ол жолдарды күтіп ұстауға қысты күні қар шығаратын, жазда жолдағы қоқысты тазалайтын техника қажет қой. Қалған 30%-ына қажеттілікке байланысты осындай техникалар сатып алынды. Биыл қосымша 4 мың шақырымға жуық ақылы жолдар енгіземіз. Олардың жалпы ұзындығын 7 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр, — дейді Ғабит Шымырбаев.

Көлік министрлігінің биылғы жоспарына сәйкес ақылы жолдан түсетін ақша 60 миллиардқа жетпек. Ал келер жылы 100 миллиард теңге жиналуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Ғабит Шымырбаев жиылған қаржы артылып қалса, қайда жаратылатынын да жасырмады.

— Әзірге ақылы жолдардан түскен қаржы тек жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына ғана жетіп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражат кезең-кезеңімен жұмсалады. 1-кезекте жолды күтіп ұстауға, 2- кезекте техника алуға, егер де осы екі шығыннан қаражат артылып жатса, жаңа жолдар салуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Abai.kz

0 пікір