Тарихи саясат: «Орта державаға» қалай айналамыз?

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда жүргізілген идеологиялық жұмыстардың ішіндегі тарихи саясат мемлекеттік идеологияның басты бағытына айналып үлгерді.
Мұндай қадам түсінікті де, кеңестік сіңіру саясатына мықтап маталған, құндылықтар жүйесі зақымданған елдің ортақ тарихи белгілерді жаңғыртып, азаматтардың отанға қатыстылық көңіл-күйін ояту, ұлттық нышандар арқылы ұқсастықты, тағдырластықты ту етуі қисында. Модернизация процестерімен бірге жүргізілген ұлттық саясат елдегі демократизация үрдістеріне өзіндік реңк үстеп, оны жергілікті етуге көп үлес қосты. Мәселен, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы мемлекеттік комиссиясы», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлттық құрылтай» кеңесін шақыру, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы мемлекеттік комиссиясы. 2.0» бағдарламалары тарихымызды қайта пайымдауға, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталды. Бұның барлығы ұлттық мемлекеттіліктің құрылысындағы қисынды ниет пен іс-әрекеттің туындысы.
Сондықтан да, мемлекеттік тарихи саясатты қолдаушылық жоғары. Өйткені, барша азаматтар тарихымызды «қайтару» миссиясымен толықтай келіседі және ол әділеттіліктің қайта орнауының символындай көрінеді. Бірақ, осы қолға алынған жұмыстарды сын тұрғысынан пайымдап көрдік пе деген сауал туындайды. Есімде, Ақтөбе қаласында «Қаңтар оқиғасының» алғашқы күнінде әкімдік алдындағы алаңға жиналған топты қала жұртшылығы бір шеттен бақылап тұрды. Топтың ішінен біреудің митингке қатысушыларға қарата айқайлаған дауысы анық естіліп тұрды. Ол «батыр бабалардың әруағын шақырып, ешкімнің тарқамауын ескертумен болды». Сонда қазақ бір болып тұрғанда қай батыр бабамыз өзінің ханына қарсы жорық бастап еді деген ой келді. Қазақ тек сыртқы жауларға қарсы бірікпеп пе еді. Махамбет пен Исатай, Сырым Датұлы және басқалары десеңіз, олар бастаған көтерілістер патша әкімшілігімен бірлескен хандардың күшіне қарсы бағытталды. Жоғарыдағы қоғамдық «сананы жаңғырту» бағдарламаларында бір сәйкессіздіктің бар екені айқын.
Сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламалардың біріктіруші күші қайда?
Тағдырымыз талайлы болған ұлтпыз. Көптеген тарихи трансформациялардан өтіп, тарихи әділеттілікке қол жеткіздік. Бірақ біздің рулық, жүздік санамыз әбден бальзамдалып қалған екен. Неше жыл отаршылық көрсекте, ол сана түкпірінде сақталған. Мақтаулы кеңес үкіметінің идеологиялық машинасыда қанша «кеңес азаматын» жасауға талпынсада осы ерекшелігіміз тәуелсіздік алғаннан кейін көктемгі бәйшешектей қаулап шыға келді. Қызық жалпы. Өзіміздей түрік ұрпақтары анау анадолы түріктері, мынау өзбектер, қандас башқұр, татар тіпті қырғызың кезіндегі рулық санасын тарих қойнауына қалдырып, бүгінде рулық белгілерінен арылған, ұлттық нышандары төңірегіне ғана топтасқан халықтар. Оның сыртында, кез-келген ұлтты алып қараңызшы, барлығы да ұсақ бөлшектерден құралып, мемлекеттілік деңгейге жетіп отыр. Негізінен, руға бөліну адамзат баласының тарихындағы алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіне тән бірлесу жолындағы алғашқы сатысы. ХХІ ғасырда қазақтар ғана осы дәстүрден айнымай отыр. Тарихта осы қылығымыз үшін аз «таяқ» жемедік те. Басымызға түскен отаршылық бұғауыда ру мен жүзге бөлінудің салдары. Енді бүгін тәуелсіздік алғанда ескі сорапқа қайта түскеніміз қалай. Тарих тағылым алмағандар үшін қайталанады демеуші еді.
Бүгінде әрбір әңгімелескен үшінші ия төртінші қазақ өз тегінен асыл текті ақсүйекті, қаны таза бекзаданы шығарып алуға даяр. Сол себептіде, батыр, би, шешен, ақын бабаларына көше аты, ескерткіш тақта орнатуға кезекте, таласта көп. Ауыл, аудан «алынған» соң «облысты» жаулауға кіріседі. Бүгінде ұлт болып ұйысу жолындағы ұлы тарихымызды оқып, одан тәлім алудың орнына, жеке-жеке жетістіктерді айтып марқайғанды ұнатамыз. Қазақ тарихының темірқазығы болғымыз келеді. Сол үшін тарихты жан-жағынан жұлмалаймыз, тартқылаймыз. Қазіргі тәуір деген тарихшыларымыздың өзі қазақтың ұлттық, ұлыстық болмысына емес, әр рудың генеологиясын, арғы тегін анықтайтын еңбектерін шығарумен айналысып кетті де, жарықшақтарға сына қаға түсуде. Мұндай жарықшақтар сілкініс кезінде ұлғайып, тұтастығымызға төндіретін қатерінің қашан болатындығын ешкім болжай алмайды. Сондықтан, аталған еңбектер ұлттық ұйысуға емес, рулық-тайпалық намысты ғана шыңдай түсетіні анық. Қазір кейбір рулардың ата-бабаларына ас беріп, ат шаптыру іс-қимылдары жиілеп, дәстүрге айналу қауіпі жоқ емес. Мемлекет мұндай жобаларды қолдамауы тиіс және мемлекеттілік тарихымызды жазуға берілетін тапсырыстар рулық атаулармен байланысты түсіндірілмей, географиялық, мекендер, танымал тұлғалардың есімдері арқылы сипатталуы тиіс.
Мұндай пайымға қарсы шығып, рулық тарих қазақтықтың бір бөлшегі деп уәж айтатындар кезігетініне күмән жоқ. Айтарымыз, рулық, тайпалық сана кейбір ескірген дәстүрлеріміз секілді архаикаға айналуы, мәдениетіміздің өткеніне сіңіп кетуі тиіс. Оның орнын жаһаннан ойып тұрып орнын иеленуге ұмтылған ұлыстық сана, орта державалық ұстаным керек.
Біздер бүгінгідей ұлт болып ұйысу жолында оған ұлттық сипат берген, шығармашылығында «қазақ», «қазақ елі» сөз тіркестерін жиі қолданған Абайға, одан кейін алғашқы ұлттық негіздегі мемлекеттілікті қалыптастырған Алаш қайраткерлеріне қарыздармыз.
Тарихи жадының саясилануы
Тарихи саясат мемлекеттік идеологияның басты құралына айналған соң, тарихты тарқатумен бірге оны дұрыс басқару да өзекті. Әйтпесе, тарих бізді біріктіруші емес бірліктен айырушы күшке айналады. ХХ ғасырдағы орыс отаршылдығына қарсы ұран ретінде қолданыс тапқан «Оян қазақ!» ұраны бүгінде кез-келген мемлекетке қарсы қозғалысты білдіретін саяси лозунгке айналды. Ал Қазақстанды ұлттық кадр басқару қажеттігін көтерген сексен алтыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін, жыл сайын осы уақытта делебеміз қозып, аламандық жасағымыз келеді де тұрады. Шынтуайтында, желтоқсаншылар бүгінгідей ұлттық кадрлардың билікке келуі үшін қан төкпеді ме. Бұл бір жағынан тарихтың шынайы мақсатты сипаты өзгеріп, түрлі саяси дау-дамайдың қозғаушы күшіне айналу тәуекелін көрсетеді.
Не істеу керек?
Бүгінде мемлекеттік идеология тарихи саясатқа өзгерістер енгізу үстінде. Қазақстанды Жошы ханның ұлысы, «Алтын орданың» мұрагері етудің жолдарын іздестіруде. Хош, құптарлық қадам, біздің қазаққа рулық санадан биік, тіпті ұлттықтан жоғары биік мақсат, мәртебе керек. Әйтпесе, біздер тарихта шынайы орнымызды, миссиямызды айқындап алмай рулық ойлау жүйесіне қамалып қала беретін боламыз. Қазақстан территориялық масштабта алатын болсақ, көптеген түрік империялары патшалық құрған аймақ. Қалалар салып, жан-жақпен сауда-саттық орнатқан, тұрақты әскер ұстап, білім мен ғылым өркендеп гүлденген шағы Түрік қағанаттарының құрылу кезеңімен сәйкес келетін шығар. Енді сол жұрттың орнында қалған бүгінгі Қазақстан түгел түріктің қарашаңырағында отырып, биік амбицияларға толы идеологиясын жандандырса онымен ешкім таласа қоймайтыны анық.
Мысал үшін, бүгінгі Түркия түріктерін алатын болсақ, ұлттық амбицияларына қарап таң қаласың. Мемлекеттік саясаттан бөлек, халықаралық ұйымдар құрып алып, Африкаға көмек, Палестинаны қолдау, Түрік дүниясын бір тудың астына жинау секілді ұлттық миссиясы жалпыадамзаттықпен бірлесіп кеткен. Мәселен, Американың жалпы адамзатты «құтқару», «еркін әлем» үшін мега жобалары атасы басқа барлық нәсілдерді бір американдық ұлтқа біріктіріп отыр. Қазақтың мығым ұлттық санасы рулық санадан өсіп шығуы үшін де бізге рулық тарихты насихаттайтын емес, ұлыстық деңгейімізді айшықтайтын тарихты жазу керек. Бізде оған тарихи негізде жетерлік. Ұлыстық миссия «алты алаш», «Түркістан» идеялары аясында мәдени бағытта жүзеге асырылуы керек. Мәселен, тілі мен түрі, діні, мәдениеті ұқсас башқұрт, ноғай, қарашай ұлттарымен көп тарихымыз ортақ. Оларды бауырымызға тартып, ұмытылып бара жатқан тілі мен мәдениетінің қайта жаңғыруына жәрдем беріп, олардың жастарына білім бағдарламалары аясында қазақ тілін оқытуға біздің күшіміз жетеді. Тіпті, қазақ даласында мешіт-медресе салып, ағартушылықпен айналысқан татар зиялыларының еңбегіне есе қайтаруды, бүгінде өз қолымыз өз аузымызға жеткенде қалайша ұмыт қалдырамыз. Аз ғана халық қырғызбен қырғи-қабақтықты қойып, бір туғандай аралас-құраластықты жолға қоюға өзіміз мүдделілік танытуымыз керек емес пе. «Алты алаш», «Түркістан республикасына» мәдени жан бітіру, сайып келгенде, Президент Қ.Тоқаевтың «орта державаға» айналу идеясымен астасып жатыр. Орта держава алдымен жан-жағыңдағы жұртқа ықпалды болып, олармен арада татулық пен бауырластық рухын орнатудан басталу керек деп пайымдаймыз.
Бабалар сөзіндегі дүниені топан су басқаннан кейін Нұх пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына тоқтағандығы туралы аңыздың өзі тіршіліктің бастауы, өркениеттің таралуы бүгінгі Қазақстан жерінен басталады деген идеяны алдыға тартып отыр емес пе. Бұл біздің арғы бабаларымыздың қандай биік мәртебеге, қалай дүниядағы орнын айқындап алуға ұмтылғандығының дәлелі. Сол себептіде, бүгінгі Қазақстан ежелгі түркілердің заңды мұрагері ретінде орта державаға айналу мүмкіндігі жоғары. Тек оған рух пен жариялылық жетіспей тұр.
Кушеров Нұрғиса Жылқыбайұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-нің 1 курс докторанты, саясаттану бойынша PhD кандидат
Abai.kz