Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресейдің келіссөзі өтеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясына сапармен барды. 18 ақпанда онда Вашингтон мен Мәскеу арасында Украинадағы бейбітшілік туралы келіссөз өтеді деп жоспарланған.
Кремльдің баспасөз қызметі кездесуге Ресей тарапынан елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков қатысады деп хабарлады. Ресей делегациясы Сауд Арабиясына 17 ақпанда барды.
Associated Press агенттігі мен Axios басылымы аты-жөні аталмаған шенеунікке сілтеп, АҚШ тарапынан Эр-Риядтағы келіссөздерге ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтц пен арнайы елші Стив Уиткофф қатысады деп жазды.
Сауд Арабиясындағы бұл кездесуге Украина өкілдері қатыспайды. NBC News арнасының хабарлауынша, Вашингтон тараптармен жеке кездесу өткізгісі келеді. 17 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Киев келіссөздер туралы білмеді және оларды мойындамайды деп мәлімдеді.
16 ақпанда Рубио CBS арнасына берген сұхбатында соғысты тоқтату туралы кеңірек әңгімеге Украина мен АҚШ-тың бүкіл әлемдегі одақтастары қатыса алатын жағдай жасауға тырысатынын айтты. Рубио алдағы бірнеше апта мен бірер күнде Путиннің бұл мәселеге қаншалықты байыпты қарайтыны анық болады деді.
Мемлекеттік департамент басшысының айтуынша, Украинадағы соғысты бір ғана әңгімемен немесе телефон қоңырауы арқылы тоқтату мүмкін емес. Дегенмен Рубио Дональд Трамп әкімшілігі бұл мәселені шеше алатына сенімді.
Abai.kz