Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Экономика 133 0 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 17:38

Зейнетақы қоры минусқа кетті ме, жоқ па?

Сурет: kz.kursiv.media сайтынан алынды.

«Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, қай бір жылы ел билігі зейнетақы қаржысын Әзербайжан компаниясына аударамын деп опық жеп қалған еді. Қазір де зейнетақы ақшасының тиімсіз жұмсалып жатқаны ара-тұра айтылып қалады. Бұл рас па, әлде қате пікір ме?

Бұған таяуда Ұлттық банк баспасөз қызметінің басшысы Асан Қалиахмет пікір білдірген. Оның сөзінше, «минусқа» кеткен айлар болғанымен, тұтас жылдағы көрсеткіш ешқандай да теріс болмаған.

«2022 жыл тіпті оңай болған жоқ. Наурыз, сәуір, мамыр – үш ай қатарынан «минусқа» кеткен. Ең үлкен «шығын» мамыр айында – 290,5 млрд теңге. Ал маусым айында табысы бірден 506,6 млрд теңгеге ұлғайды. Кейін, қазан айында тағы да «минус» – 69,4 млрд теңге. Дегенмен жыл қорытындысы бойынша табыс +915 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылы инвестициялық кіріс «минусқа» тек қазан айында кеткен: - 145 млрд теңге. Бірақ жыл қорытындысы бойынша инвестициялық табыс +1,6 трлн теңге болды», дейді.

Былтыр сәуірде инвестициялық табыс «минусқа» кетіп, 51 млрд теңгені құрады. Ал одан кейінгі мамыр айында: + 116,7 млрд теңге. Яғни екі есе өскен.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ның жалпы инвестициялық табысы: + 3,3 трлн теңге. Қаржылық есепке қарасақ, бір ай табыс минусқа кетсе де, екі-үш ай табыс оң. Ал тұтас бір жылдың қорытындысы бойынша «минусқа» кеткен жыл жоқ. Былтырғы 3,3 трлн теңге – тіпті рекорд. Демек, зейнетке қалдырылған ақша ешқайда «жоғалған» жоқ. Керісінше соңғы жылдары инвестициялық табысы артып келеді. Мұның себебі – зейнетақы активтері акция нарығына көптеп құйыла бастады. Оның табысы жоғары, дегенмен, тәуекелі де аз емес», деп жазады маман.

Abai.kz

0 пікір