Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Қылмыс 118 0 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 18:06

Прокуратура қылмысқа қарсы күресте инновацияларды белсенді енгізуде

Сурет: zhaikpress.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында құқық қорғау органдарына азаматтардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Президенттің тапсырмаларын орындау үшін, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдары қылмысқа қарсы күресте жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық шешімдерді қолдануға негізделген бірқатар тиімді жобаларды іске асыруда.

Мәселен, Астана қаласының прокуратурасы есірткі қылмысына қарсы күрестің бірнеше инновациялық әдістерін әзірлеп, оны қолданысқа енгізді.

Ағынды сулардан есірткіні анықтау. Кәріз ағынынан алынған сынамаларды талдау елорданың өнеркәсіптік аймағында есірткі өндіретін жасырын зертхананы анықтауға мүмкіндік берді. Тінту нәтижесінде 27 кг-нан астам «мефедрон» психоактивті заты және бір тонна түрлі прекурсорлар тәркіленген.

Ауа ағындары бойынша есірткі зертханаларын анықтау. GCMS-TQ8040 NX масс-спектрометрі бар газ хроматографының көмегімен бұрын есірткі зертханалары орналасқан үй-жайларда ауа бөлшектерін өлшеу жүргізілді. Ауаға жүргізілген талдау онда есірткі өндірісінде қолданылатын химиялық заттардың болуын анықтады.

Прокуратура қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, алаяқтыққа және киберқылмысқа қарсы белсенді күрес жүргізуде.

«WhatsApp» қосымшасында телефон нөмірінің алаяққа тиесілігін тексеруге мүмкіндік беретін арнайы «Алаяқтыққа қарсы» боты әзірленді. Бот екі деректер базасымен жұмыс істейді: «NumBuster» және СДТБТ деректер базасы.

Алматы қаласының прокуратурасы, «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» ұялы байланыс операторы және «Киберпол» полиция бөлімшесі арасында SIP-қоңырауларды бұғаттау және «SIM-бокс» машиналарын анықтау үшін Меморандум жасалған.

«WhatsApp» қосымшасында чат құрылған, оған кезекші прокурорлар мен «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметкерлері енген. «Антифрод» жүйесінің көмегімен интернет-алаяқтардың 600 мыңнан астам қоңырауы бұғатталған, 5 мекенжай анықталып, 10 «SIM-бокс» - машина және 1200-ден астам SIM-карта тәркіленген.

Прокуратура құқық бұзушылықтың профилактикасына және жастармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлуде.

Алматы қаласында жастармен жұмыс істеуге аса назар аудара отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған «Жастармен» жобасы іске асырылуда. Студенттер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді, құқық бұзушылықтарды анықтайды және оларды полицияға шара қолдану үшін жібереді.

Шымкент қаласында «Заң үйірмесі» жобасы басталған. Оның басты міндеті жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту болып табылады. Девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімдерге сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастырылған, кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсетілуде.

Abai.kz

0 пікір