Асылдың сынығы - Гүлнар (Гүлләр) Шәкәрімқызы (1917-1970)

Шәкәрімнің басына түскен ауыртпалық Ғафур өлімінен басталғаны хақ. Шәкәрім Ғафурға жоқтау арнап, қызы Гүлләрға хатпен жазып жібереді. Бұл жоқтау ұзақ болса керек, оны Гүлләр мен Ғафурдың қызы кезек-кезек дауыстап, сұңқылдап айтыпты, – дейді.
Ақындық қабілеті бар Гүлләр әкесі жазықсыз оққа ұшқанда да жоқтау өлеңін шығарған. Қазіргі таңда 46 шумағы сақталған.
Абзал Қарсартов еш жазығы жоқ, жапан түзде шығармашылықпен айналысып жүрген Шәкәрімді атқызып қана қоймай, Шыңғыстау ауданында, қазіргі Қарауыл төбесі мен қазіргі Медеу, бұрыңғы Молдағалиев атындағы кеңшар болған жерде лагерь ұйымдастырып, оған Шәкәрімнің балалары Қабыш, қызы Гүлләр, Абайдың қызы Гүлбадан тағы басқа балаларын қамап, күні-түні қинап жауап алған. Әке тағдыры жас жүрегіне қаяу түсіріп, әрі түрменің қиыншылықты азабын көрген, әбден жәбірленген Гүлләр у ішіп, жарық өмірмен қоштасуға бет бұрады. Бірақ оны дер кезінде байқаған Абайдың қызы Күлбадан жанталаса жүгіріп, бір қойшының үйіне барып, сүт әкеліп ішкізіп, Гүлләрды аман алып қалады. Гүлләр Абзал түрмесінен әзер босап, жасырын түрде Алматы жаққа өтіп кеткен.
Гүлләрдың баласы Фатих шешесі жайлы мынадай естелік айтады: “Менің анамда да мінез болған. Жасында өте ерке, тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын болыпты. Өмір бойы сол қайсар мінезінен танбаған ол ешқандай мақтауды сүймейтін еді”.
Гүлләр Шәкәрімқызы кейін қарапайым тіршілік етті. Кеңес үкіметінің репрессия машинасы оның дарынын тұмшалап, тағдырын таптап өтті. Алайда, Гүлләр қазақ қызына тән қайсарлықпен әкесінің зор мұратын құрметтей білді. Әке өсиетіне адал болды. Әкесінің халық үшін жаралған жан екенін және қасиетті ойларының терең тағдырлық маңызын бір өлеңмен ғана айтып кетті.
Гүлләр Алматы облысы, Калинин атындағы кеңшарында тұрып, 1970 жылы қайтыс болды. Күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Гүлләрдың балалары: ұлы Фатих, қазір кәсіпкер, оның жоғары білімді қыздары Гүлмира мен Роза тұрмыста. Жиендері, немерелері Алматыда тұрады.
Мұрат Рақымжан
Abai.kz