Жұма, 28 Ақпан 2025
Аласапыран 275 0 пікір 28 Ақпан, 2025 сағат 13:20

Жерге айырбастаған бейбітшіліктің баяны жоқ!

Сурет: EADaily сайтынан алынды.

Украина президенті Зеленскийдің Америка Құрама Штаттарына сапары қарсаңында АҚШ-тың стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) аға ғылыми қызметкері Бенджамин Йенсен «Тарихтағы үлкен мәмілелер: Трамптың Украинаны бәске тігіуі» (Grand Bargains in History: Trump’s Ukraine Gambit) атты мақаласын жариялап, жерге айырбастап алған бейбітшіліктің уақытша тыныштық әкелетінін, ұзақ мәрзімді бейбіт өмірге негіз бола алмайтынын тарихи фактілермен дәлелдеуге тырысты.

Бенджамин Йенсен Трамп командасы қазір Ресей мен Украина мәселесіне қатысты батыл және қауіпті бағытты ұстанып отыр деп санайды. Оның ойынша Трамптың Путинмен жеке әңгімесі және Эр-Риядтағы екі тараптың келіссөзі Украинадағы соғысты тоқтату мақсатында ғана емес. Өзара бітімнің өзегі – шыт жаңа үлкен мәміле жасау, бұл келісім геосаяси ықпал ету аймағы сондай-ақ табиғи ресурстарды бөліске салудан бастап 21-ші ғасырдағы қару-жарақты бақылауға дейінгі аймақ аралық мәселелерге қатысты, оның ішінде ядролық мәселелер ғана емес, сонымен қатар ғарышты игеру мен пен интернет кеңістігіндегі бәсекелестік те қамтылған.

Басқаша айтқанда, президент Трамптың сыртқы саясат командасы Украинаға қатысты келіссөздерді халықаралық жүйені қайта құру маақсатына пайдаланып отыр. Кремльді ымыраға көндіру арқылы Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Кореядан құралған авторитар одақты әлсіретіп, сонымен бірге АҚШ-тың экономикалық мүдделерін алға ілгерлетуді көздейді.

Дегенмен, үлкен тәуекелдер үлкен бодау беруді талап етеді, біз тарихта болған осыған ұқсас үлкен келіссөздердің салдарын зерттегеннен кейін осындай қорытындыға келіп тұрмыз. Соғысты тоқтатуға жасалған дипломатиялық қадамдарға қуанудан гөрі, аса сақтықпен қараған жөн.

Барлық жағдайларда, соғыс аяқталып, текетірестің алды алғанымен, көлеңкедегі билік үшін күрес баяғысынша сақталады. Ірі державалардың үлкен мүдделері бар және олар қақтығыс кезінде күйрей жеңілсе де, өз мүдделерін оңайлықпен құрбан ете қоймайды. Бұл Ресеймен кез келген ірі мәміленің қысқа мерзімді пайдасы болғанымен, қауіптің ұзақ мерзімге жалғасатынын білдіреді. Біз үлкен мәмілелердің неше ұрпаққа әсер ететінін болжай алмағанымызбен – (егер Киссинджер 1971 жылы Қытай Коммунистік партиясының 2025 жылы қандай болатынын білсе, Қытайға бармас еді) – қазіргі келісімді - беретін мүмкіндігі мен билік баланысына қарап шамалай аламыз.

1895 жылғы Қытай-Жапон соғысы аяқталғанда територия бөлісі «Шимоносэки келісіміне» енгізілді. Бұл өз кезегінде Азиядағы келесі соғыстар мен 20 ғасырда Жапонияның импералистік ниетінің қабынуына негіз қалады.

Украинаның территориядан бас тартуын талап ету – Мәскеудің тәбетін ашады, Балтық және Кавказ аймақтарындағы басқа аумақтық дауларды ушықтырады. Одан тыс, Ресей экономикасы қазір соғыс экономикасына бейімделіп алды, яғни соғыстың аяқталуы соғыс өндірісінің тоқтағанын білдірмейді. Мәскеу Украинаға Еуропаның бітімгерлік күштерін орналастыруға келіссе де, оның Еуропаға сыбайластары арқылы жасайтын гибридті шабуылдары, АҚШ мүддесіне қарсы жаһандық кибер операциялары толастамайды. Мәміле баянды болуы үшін Трамп сөзсіз Путиннен соғыс тоқтағанын пайдаланып, қайта қаруланбау туралы уәдесін алу керек. Ең қауіпті болжам: Путин Трамптың президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа соғыс бастауы, Қытайдың Тайваньға басып кіруімен тұспа-тұс келуі мүмкін.

Чемберлен Мюнхенде болғанда, Азияны да назанда ұстады. Жапония 1934 жылы «Вашингтон теңіз келісімінен» – 20 ғасырдағы теңіздегі қару-жарақты бақылау келісімінен шығатыны туралы мәлімдеме жасады. Бұл Британ империясы Ұлы Депрессия кезінде екі аймақтық державамен бетпе-бет келді деген сөз. Чемберлен Мюнхенде өзі делдал болған жайсыз келісім Ұлыбританияға жаһандық қақтығысқа дайындалуға уақыт береді деп бәс тікті.

Украина соғысын тоқтату мәмілесіне осы тұрғыдан қарасақ, қарыз арқылы жүгендеуді көздейтін жаһандық державалар тап болған тұрақты қиындықтарды көре аламыз. 1938 жылғы Британ империясы болсын, 2025 жылғы Америка Құрама Штаттары болсын, борыш арқылы бағыныштылыққа қол жеткізе алмайды. Стратегиялық басымдықтарды айқындау қиын таңдау жасауды талап етеді, ал уақыт аясынан қарағанда тіпті тұрақсыз болады.

Трамп командасы жаңа үлкен стратегияны қолға алғанымен, сыртқы саясатты тарихтағы халықаралық ауқымды келіссөздердің салдарымен салыстырып, түзетпесе бәстің қаупі артады, Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігімен ойнағандарын кеш сезінеді.

Қытайға барған Киссинджер де,  Мюнхенге барған Чемберлен де өзінің стратегиясына шектен тыс сенгендіктен, «қырғи-қабақ соғыс» – қазіргі қанды соғысқа ұласты.

Abai.kz

0 пікір