Сенбі, 1 Наурыз 2025
Шолу 201 2 пікір 1 Наурыз, 2025 сағат 17:10

Ақүйдегі айқас. Әлемдік БАҚ не дейді?

Сурет: golosameriki.com сайтынан алынды.

Күні кеше АҚШ астанасында өткен АҚШ пен Украина президенттері арасындағы кездесу Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылауға арналған еді. Өкінішке қарай тараптар келісімге келе алмай, саясаткерлер сөзге келіп қалды. Қазір осы мәселені әлемдік БАҚ жарыса жазып, жағдайды жіті бақылап отыр.

Айдың басында болған ауызша қақтығыстардан кейін көпшілік бұл саммит Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы қарым-қатынасты жақсартуы мүмкін деп үміттенген. Алайда Ақ үйдегі кездесу осындай шиеленіске ұласатынын ешкім болжай алмады.

Аталған кездесу туралы BBC былай жазды:

"Зеленский мен Трамптың алғашқы сөйлесуі жылы күйде басталды, АҚШ президенті Украина көшбасшысын қабылдау "құрмет" екенін айтты. Бірақ жағдай тез өзгерді. Зеленский АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстың "бейбітшілікке апаратын жол – дипломатия" деген сөзіне күмән келтірді. "Сіз қандай дипломатия туралы айтып отырсыз?" – деп сұрады ол, Ресейдің басқыншылығын меңзеп. Бұған жауап ретінде Вэнс Зеленскийді "құрметсіздік танытты" деп айыптап, "Сіз президентке алғыс айтуыңыз керек" деп қосты. Осы сәтте Трамп оның сөзін бөлді де, дауысы қаттырақ шығып: "Біз не сезінетінімізді сіз айтпаңыз. Бұл туралы шешім қабылдайтын сіз емессіз", – деді. Сондай-ақ, ол Зеленскийге сіздің бұл әрекетіңіз Үшінші дүниежүзілік соғысты бастауы мүмкін" деп айыптады. Осыдан кейін АҚШ президенті мәлімдеме жасап, Зеленский Вашингтонға "бейбітшілікке дайын болған кезде" ғана оралуы керек екенін айтты. Жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпеді, ал Зеленский Ақ үйден кетіп қалды.

Жұма күні бүкіл әлем таңданыспен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен президент Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийге журналистердің көз алдында, камералар жұмыс істеп тұрған кезде ескерту жасағанын бақылады. Ақүй кеңсесіндегі кездесу басталған сәттен-ақ, Трамп пен оның украиналық әріптесі арасындағы қарым-қатынас осы аптада Трамп басқа әлемдік көшбасшылармен өткізген екі баспасөз мәслихатынан айтарлықтай ерекшеленді.

Зеленскийге жақын дереккөздердің айтуынша, кездесу басталмай тұрып-ақ тараптар арасында шиеленіс басталған. Трамп әкімшілігі баспасөз жиынының алдында Украина президентіне "қазба байлықтар үшін қауіпсіздік" келісімін ұсынған. Алайда бұл келісім Украинаға Ресейдің кезекті басқыншылығынан қорғануға ешқандай қауіпсіздік кепілдіктерін қарастырмаған.

Зеленскийдің Вашингтонға сапарының алдында бірнеше рет Киевке мұндай минералдық келісімге қол қою үшін қауіпсіздік кепілдіктері қажет екенін ескерткен. Дегенмен, ол бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартып, Трамп пен Вэнсті ашуландырған", -дейді дереккөз.

Ал тағы бір әлемдік басылым FOX NEWS-тың не жазғанын оқиық:

АҚШ президенті Дональд Трамптың негізгі талабын орындаудан бас тартқан Украина президенті Владимир Зеленский Ақүйдегі тікелей эфир кезінде Ақүй басшысымен шиеленісті қақтығысына себеп болды.

Осыдан кейін, журналистер алғашқы сұрақтарын қойған сәттен бірнеше минут өткен соң, екі ел басшысы арасында өршіген дау басталды. Ал сахна сыртында шенеуніктер жағдайдың қалайша тез ушығып кеткенін түсінуге тырысты.

"Біз ешқандай нақты кепілдіксіз келісімге қол қоя алмаймыз", – деді Украина Қорғаныс министрлігінің бір кеңесшісі Fox News Digital-ға – "Бұл жұмыс істемейді. Бұл тек басқыншыны марапаттаумен бірдей болады".

"Еркін әлемге жаңа көшбасшы керек" деп жазған France 24 ақпараттық сайты да аталған кездесу туралы жарыса жазды. "Трамп пен Зеленский қақтығысынан кейін ЕО-ның жоғарғы дипломаты мәлімдеме жасады.
Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас:
"Бұл – біздің, еуропалықтардың, мойнымызға алған сын-тегеурін", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі жазбасында.

Abai.kz

2 пікір