Ауылға санақ бара жатыр...

Осы жылдың тамыз – қазан айларында елімізде үлкен ауқымда Ауылшаруашылығы санағы өтеді. Мұндай санақтың бұрын болған болмағаны есте жоқ, тек қайбір жылы Гүлжан Қарақұсова деген апайдың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып тұрған кезінде «ауылдағылардың ауласында қыт-қыттап жүрген тауықтарды санап, салық салайық» дегені болмаса, бұл күнге шейін аграрлық сектордағы барды-жоқты түгендей қоймағанға ұқсаймыз.
Ал, енді санақ... Санағанда Үкімет нені санайды? Алдымен ауылшаруашылығына берілген жер мен егістік алқабын санайды, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың санын анықтайды, содан кейін санаққа ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары; мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары; өндірістік ғимараттар мен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға арналған үй-жайлар; ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ғимараттар мен құрылыстар кіреді.
Бұрыннан белгілі, біздің қазақ санаққа өте салақ қарайды. «Санағы құрысын, санақ – қолыңда барды сипап алатын пәле» деп түсінетіндер де жетіп-артылады. Сөйтеді де жоғын асырып, барын жасырып қалады. Егер сіз, осы шағын мақаланы уақыт бөліп, оқып шыға алсаңыз, онда ауылдағы ағайын-туысқа дұғай сәлем айтыңыз – ауылға санақ бара жатыр, ауыл санақтан қашпасын. Жалтармасын. Елдің қолындағы дүние-мүлікті Үкімет барып тартып алайын деп отырған жоқ, не бар, не жоқ – соның есебін ғана білейін деп отыр. Ол есеп не үшін керек? Ол есеп:
- ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы толық ақпарат алу үшін;
- өнімнің тиімділігін және ауылшаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу үшін;
- іріктемелі бақылаулар мен бір реттік жазбаларды жүргізу мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің жалпы санын жаңарту үшін керек болып тұр.
Қазақстан – жартылай аграрлы мемлекет. Мал бағамыз, егін егеміз, бақшалық дәнді-дақылдар өсіріп, жеміс-жидек аламыз. Құс ұстап, балық аулаймыз. Халқымыз – еңбекқор. Қазақты «жалқау» дейтіндер – қазақты білмейтіндер. Алайда қазақ еңбек ете білгенімен, пайда табуды білмейді. Ол рас. Өйткені Қазақстанның ауылшарушалық саласы ұсақ шаруашылықтарға бөлініп кеткен. 1990 жылдардың басындағы бөлініс еш нәтиже бермеді. Ауылшаруашылық өнімдері алдымен барынша құнсызданды. Малдың еті топыраққа айналды. Саудагер алаяқтар сыңар етікке қой, кейде сиыр айрбастып алып қырдағы елді талай сан соқтырды. Қала берді, жер құйқасын Кулагин, Терещенко, Мадимов сияқты алпауыттар басып қалды. Үкіметтен қайтарымсыз субсидияны да, банктерден жеңілдетілген несиелерді де солар алды. Лизингтік компаниялардың да қызметін алдымен солар көрді. Замануи техника атаулы да кулагиндердің игілігінде. Алайда олар ауылшаруашылығын дамытып кете алмады. Қыс жайлы, жаз жаңбырлы болған жылдары астық көбейіп, қырмандарымыз қызыл дәнге толғанымен, Қазақстан бәрібір аграрлық секторды алға сала алған жоқ.
Қазақстан халқы ТМД-дағы елдердің бірі беларусьтерден екі есе артық, жер көлемі орасан үлкен, сөйте тұра ауылшаруашылығы бойынша 5-6 есе аз өнім алады. Неге? Себебі, Қазақстанда жоғарыда айтқанымыздай, ұсақ шаруа қожалықтары ғана бар. Ал Беларуссияның агробазасына заманауи агротехнологияларды қолданатын, банктік ресурстары мол ірі агрохолдингтер шоғырланған. Соның нәтижесінде жер аумағы мен халқының саны жағынан Беларусь өзінен бірнеше есе үлкен Ресейге сүт өнімдері мен шұжықтарды экспорттап мол табыс табуда. Демек, табыстың көзі – істі ұйымдастыра білуде. Ендеше Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу – кімде қанша жер бар, кімде қанша мал бар, техника бар деп келетін санақтан бөлек қазақ үкіметіне: «Енді не істейміз? Ауылшаруашылығын басы бірікпейтін, азын-аулақ табысы шай-пұлынан артылмайтын ұсақ шаруақожалықтары түрінде қалдырамыз ба, әлде агрохолдингтерге біріктіреміз бе? Ол қазіргі уақытта мүмікін бе?» деген сауалдардың жауабын іздеуге жетелеуі керек.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz