Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Айбын 183 0 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 18:09

Қорғаныс саласын дамыту: Өзекті мәселелер талқыланды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Алматыда өткен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының III конференциясында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың басымдықтарын айқындады.

Конференцияға қатысушылар қорғаныс саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кәсіпкерлердің пікірінше, келісімшарттың бір жылдық мерзімі күрделі жұмыстарды, жоғары технологиялық тапсырыстарды орындау үшін жеткіліксіз. Іс жүзінде олар көптеген компоненттерді жеткізуді талап етеді, ал қазіргі кезде логистикаға қатысты мәселелер келісімшарт талаптарының бұзылуына әкеледі.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Қорғаныс министрі жасалатын келісімшарттардың мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды, сонымен қатар ол мемлекеттік орган мен қорғаныс-өнәркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының отандық өндірісті дамыту және жалған кәсіпкерлік, жасырын импорт пен бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауға күш-жігерді біріктіруге шақырды.

– Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп саласында 120-дан аса компания бар, дегенмен олардың барлығы нақты өндірушілер емес. Олардың біразы өнім шығармай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қаржы алуды көздейтіндер, – деді ол.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Қорғаныс министрінің пікірінше, бұл мәселені құрамында Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері бар комиссия құру арқылы шешуге болады. Бұл комиссия өзін әскери мақсаттағы өнім өндірушілер ретінде көрсететін кәсіпорындарды тексереді. Одан өзге министр, шетелден технологияларды сатып алу кезінде де өндірісті одан әрі оқшаулау Қазақстанда болуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының басшысы Семей танк жөндеу зауытының базасында кластер құру қажеттігін мәлімдеді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

– Өндіріс орны бронды танк техникасын ғана емес, қару-жарақты, артиллериялық жүйелерін, трансмиссиялардың күштік қондырғыларын жөндеуге де мамандануы тиіс. Мұның бәрі орындалуы керек, – деді министр.

Конференция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының қауымдастығы отандық қорғаныс саласын дамытудың бірыңғай стратегиялық тұғырнамасын әзірлеу үшін бірлескен комиссия құруға шешім қабылдады.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Қорғаныс министрі қауымдастық мүшелері көтерген барлық мәселелер өзекті болып табылатынын атап өтіп, бағаны реттеу мен келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту жөнінде бірқатар тапсырмалар беретінін алға тартты. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері кіретін жұмыс тобы шеңберінде барлық проблемаларды шешуге болатынына сенім білдірді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді.

Abai.kz

0 пікір