Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Әдебиет 106 0 пікір 4 Наурыз, 2025 сағат 13:40

Сауалнама: Шығармашылық алып теңізге ұқсайды...

Коллаж: Abai.kz

Дүниежүзілік жазушылар күні жыл сайын 3 наурызда атап өтіледі. Бұл мереке 1986 жылы Лондонда өткен Халықаралық PEN клубының 48-конгресінде ресми түрде бекітілген.

PEN клубының атауы ағылшын тіліндегі Poets, Essayists, Novelists (ақындар, эссеистер, роман жазушылар) сөздерінің алғашқы әріптерінен құралған. Ұйым 1921 жылы құрылған және жазушылардың сөз бостандығын қорғауға, қуғынға ұшыраған авторларды қолдауға және әдебиеттің дамуын ілгерілетуге бағытталған. Бүгінде бұл клубтың әлемнің 130-дан астам елінде бөлімшелері бар. Бұл күнді жазушылар, редакторлар, журналистер мен әдебиетке қатысы бар адамдар атап өтеді. Олар сөз құдіретін еске алып, әдебиеттің қоғамдағы рөлін талқылайды. Жазушылар күнін атап өтудің бірнеше жолы бар: жаңа кітаптар оқу, әдеби орындарға бару, жазу шеберлігіңді жетілдіру немесе қаламгерлердің еңбектерін талқылау шараларына қатысу. Біз осы атаулы күнде үш қаламгермен пікірлесіп, олардың ойын оқырманға жеткізуді мақсат еттік.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Малайзиялық ақын Мұхаммед Хадж Салих бұл күннің маңызы мен мағынасы зор екенін алға тартты. «Әдебиет көшінде жүрген әрбір қаламгер үшін бұл күннің мағынасы терең, мәні зор. Бірақ жазушылар мен ақындар әр сәт, әр күні тоқтамай жазады. Үнемі ойланады, соның нәтижесінде ұшан-теңіз рухани байлықты қоғамға, оқырманға сыйлайды. Мен шығармашылықты теңізге ұқсатамын, сол теңізде үлкен толқындар да, кішкенесі де, тіпті асауы да бар. Ал әрі қарай қалай қалам тербеу жазушының өз деңгейіне байланысты. Бүкіл әлемдегі жазушыларға сәт сапар тілеймін. Шығармашылық күш қуатымыз таусылмасын», - деді.

Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Жазушы Қуандық Түменбайға хабарласқанымызда, өз пікірін былай жеткізді: «1984 жылдан Жазушылар одағына мүшемін. Жиырмашақты кітабым бар. Негізі прозалық дүниелер, арасында публицистикалық кітаптар да бар. Тұңғыш жинағым «Қайың сапты кетпен» өзіме ыстық.  Былтыр шыққан «Қырмандағы қара торғай» деген хикаяттар мен әңгімелер жинағымның арасында «Төрт амал тіршілік», «Қобыздың мұңы», «Сотталған домбыра» атты кітаптарым жарық көрді. «Бекеттегі бейкүналар» деген жалғыз романым бар. Әңгіме жанры жаныма жақын. Қолдан келсе, жақсы әңгіме жазғым кеп тұрады. «Көзбояуы жоқ көріністер» деген этюдтік сипаттағы циклім бар еді, оқырман кездескен жерде осыны көп сұрайды.

Сурет: qazradio.fm сайтынан алынды.

Ал ақын, аудармашы, әдеби агент Саят Қамшыгер мынадай пікір айтты:

«Биылғы ең басты жаңалықтарымның бірі – «Қарабақ» атты көлемді поэмам әзербайжан тіліне аударылып, Баку қаласынан кітап болып шыққаны. Бұл поэманы екі жыл ізденіп, екі айда жазып едім. Қарабақтың күллі түркі дүниесі үшін қастерлі жер екенін поэмамда дүйім жұртшылыққа жеткізу үшін жиыны үш рет Әзербайжанға сапарға шықтым. Осы сапарлардың барысында көп мәлімет жинадым, бірінші, екінші Қарабақ соғысына қатысқан әскерилермен кездестім, шейіт болған сарбаздардың отбасымен сөйлестім, көп кітап оқыдым. Әзербайжан тіліне поэмамды аударған ақын – Елшән Әзим. Үйлестіруші – Әкбар Қошалы, редакторы – Интикам Яшар, Етибар Мурадханлы, сондай-ақ Рәсмиә Сабыр мен Нилуфәр Ләтифтің, Тариел Әхмәдовтың кітаптың шығуына үлестері мол. Алдағы айлардың бірінде «Қарабақ» атты поэмамның тұсаукесерін Астана, Алматы, Баку, Шуша қалаларында өткізу жоспарымызда бар.

Тағы бір жаңалықтарымыздың бірі – Гүлбақыт Қасен, Бауыржан Әліқожа үшеуіміздің жырларымыз ағылшын тіліне аударылып, Үндістанның Одиша штатынан кітап болып шығуы. Бұл жинаққа Орта Азия елдері ақындарының жырлары енген. Бұл жыр жинағының тұсаукесері де алдағы уақытта Үндістанның Дели, Одиша қалаларында өтеді деп күтіп отырмыз.

Мен кейінгі жылдары әдеби агент ретінде де жұмыстар атқарып келемін. 2024 жылдың аяғында қазақтың 33 ақынының өлеңдері татар тіліне аударылып, Қазан қаласынан «Қазақ ақындарының антологиясы» кітап болып оқырманға жол тартты. Ал татардың қазіргі заманғы ең таңдаулы отыз жазушысының әңгімелері «Жаныңның бір бөлшегі» деген атпен жинақ болып жарық көрді. Екі кітаптың тұсаукесері Қазанда, Алматыда өтті.

Бүгінде қырғыз жазушыларының әңгімелер жинағын аударып бітірдік. Қырғыздың қазіргі кездегі танымал жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне Дәулетбек Байтұрсынұлы, Нұрлан Қами, Әбділдабек Салықбай, Саят Қамшыгер, Гүлбақыт Қасен, Нұрбек Нұржан аударды. Қазақ жазушыларының әңгімелерін қырғыздар да өз тіліне аударып шықты. Енді кітап болып жарық көруі ғана қалды. Екі жақ та әңгімелерді редакциялап болған соң қос кітап жарық көреді. Шығаратын баспалар дайын тұр. Қырғыз тіліне әңгімелері аударылған жазушыларымыздың ішінде Айгүл Кемелбаева, Жабал Ерғалиев, Мира Шүйіншәлиева, Серік Нұғыман, Нұрлыбек Саматұлы, Жәди Шәкенұлы, Қайым-Мұнар Табеев, Сәкен Сыбанбай, Төкен Әлжантегі, Ұларбек Дәлейұлы, Нұржан Қуантайұлы, Асылбек Ихсан, Нұрлан Қами, Сәуле Досжан, Ділдар Мамырбаева, Әбділдабек Салықбай, Әлібек Байбол, Гүлзат Шойбекова, Нұрлан Қами, Есболат Айдабосын, Ерболат Әбікенұлы сияқты тағы басқа қаламгерлер бар.

Әдеби агент ретіндегі тағы бір жұмысым – қазақтың бес жазушысының бір-бір хикаятын әзербайжан тіліне аудартуым. Сәуле Досжан, Әділбек Ыбырайымұлы, Заря Жұманова, Нұрлан Қами, Фархат Тамендаровтың хикаяттары «Қазақ хикаяттары» деген атпен кітап болып Әзербайжаннан басылуға дайын тұр. Жоспарымыз бойынша сәуір айында кітап шығып қалар.

Осылайша түрлі халықтармен әдеби байланыстарды дамыту – басты мақсатым. Осы орайда 2024 жылдың соңында АҚШ-қа барып қайттым. Нью-Йорк, Бостон, Нью-Джерсидің баспалары мен кітап дүкендерін аралап, байланыс орнаттым. Шығармашылық ұйымдардың жұмыстарымен таныстым. Сол жақта ең көп оқылған кітаптардың нарығын зерттедім. Бұл енді бөлек тақырыпқа арқау».

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір