Қызыл диплом қызыл тумен түстес, Совет символы!
Құлаққағыс
Оқуды үздік бітіргендерге Совет Одағы тұсында қызыл диплом тапсырылатын болса, сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Сәкен Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда Алаш арысы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» – деген екен. Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді» («Абай-ақпарат» порталынан)
Қызыл диплом қызыл тумен түстес, Совет империясының символы. Қызыл аққан қанның түсі ретінде кешегі ашаршылық пен қанды қырғынды еске салады. Тәуелсіз қазақ елі бүгін көк туын желбіретіп отырғанда неге оның түсін көк қылмасқа?!
Дипломның қызыл немесе көк болуы көп кісіге онша маңызды да емес деген пікірлер бар. Алайда, қолына диплом алған жас маманның көкірегіндегі елі үшін мақтаныш сезімі мемлекеттік ту көтерген секілді патриоттық биікте болғаны орынды емес пе?
Көк қазақ ұғымында қастерлі түс. Аспан да көк, жаңа шыққан шалғын да көк. Біздің қазіргі төлқұжатымыздың да түсі көк.
Қазақта: «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген сөз бар. Жоғарғы оқу орнын бітірушілер жиі қолданатын, төбесі төрт бұрышты болып келетін бас киім қазіргі уақытта мода болып кеткен секілді. Кезінде монахтар мен шіркеу қызметшілері киген мантия енді оқу орындарына көшіп алыпты. Еліктеу-солықтаудан арыла алмағандар соны да таңсық көреді. Қазақта бұрын-соңды болмаған мұндай бас киімнің біздің ұлтқа не қажеті бар?
Осы туралы министрлік шенеуніктеріне құлаққағыс қылғымыз келеді.
Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры
Abai.kz