Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
46 - сөз 334 0 пікір 5 Наурыз, 2025 сағат 11:43

Ісләм Жарылғапов туындатқан сөздер

Сурет: Әдебиет порталынан алынды

Ісләм Жарылғапов (1918–1993) - 4 тамызда Жезқазған облысының Жаңарқа ауданындағы Бірлік ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы педагогикалық училищесін бітірген (1942). Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, аударма кеңесінің төрағасы секілді қызметтер атқарған. Көркем әдебиет саласында М.Горький, М.Шолохов, А.Герцен, Л.Толстой, А.Пушкин, Ф.Ниязи, Ә.Несин, У – Ян, К.Цеткин, В.Бердаль, И – Р. Бехер, т.б. жазушылардың әр жанрдағы шығармаларын қазақшалаған. Ұлттық терминология жасау ісіне араласып, қазақ тілі қорын 500ден астам жаңа терминдермен байытты.

Аялдама – остановка. Азагүл – траурный венок. Асадал – буфет.

Асадал бұрын қазақ тілінде бар сөз. Бірақ Ісләм оны жаңа мағынада қолданып отыр.

Аққайнар – шампанское. Әуескер – любитель. Әуегер – аэронавт. Алжұмыр – помидор.

Ісләм бұл сөзді – жаужұмыр – картоп – деген сөзден шығарған. «Ал» – парсы тілінен кірген сөз. Қызыл мағынасында. Алқызыл – қызылдың қызылы немесе қанқызыл. Бұл жерде ескерер бір жайт – көркем әдебиетте помидорды – қызан – деп көбірек қолданып жүргеніміз. Менің ойымша, қызан – тілімізге кірігіп келе жатқан сөз.

Балмұздақ – мороженое. Бөртегүл – сирень. Бейдауа – рак (болезнь). Бағахат – отзыв. Балшарап – сухое вино. Басылым – издание. Баспагер – издатель. Басжалбыр – капуста. Бияла – пузырь.

Солтүстік жақтың қазақтары пузырьді – бұзыр дейді. Мәселен, шамның бұзыры.

Гүлгүл – букет цветов. Ғарышкер – космонавт. Ғарыш – космос.

Әдеби тілімізде кірігіп келе жатқан сөз.

Ғаламшар – планета. Дүниетаным – мировозрение.

«Дүниетанымды» Мұхтар Әуезовтің қатты ұнатып, табылған сөз деп бағалағанын өз құлағыммен естігенім бар.

Дауажай – курорт. Дамылжай – дом отдыха. Дәрігер – фармаколог. Дәрішілік – фармакология.

Ісләм бұл жерде – фармакологияның арғы тегі – жетесіне сүйеніп отыр. Рһаrmаkоn – грек тілінде – дәрі.

Logos – ілім.

Дәушия – бутыль. Думан – фестиваль. Еңбеккер – труженик. Емгер – врач. Емші – лекарь. Жазбайшы – писун. Жазақ – писака. Жазғақ – графоман. Жазбалақ – писание. Жазбай – писанина. Жазылыс – подписка. Жергін – землянин. Жағажай – пляж. Жайлаужай – дача. Жемсін – овощ.

Ісләм қазіргі тілімізге кіріп бара жатқан – көкөніске қарсы.

Фрукты-овощи – жеміс-жемсін. Қандай үйлесімді.

Жаннатжай – вилла.

Ісләмнің ұғымында жаннат – жердің астында емес, үстінде.

Жанжай – больничная палата. Зымыран – ракетоноситель. Көргілік – зрелище. Көрілім – представление. Көрермен – зритель. Кәрлен – фарфор. Кәрсен фаянс. Керсен – чаша. Көкшін – зелень. Кеніш – рудник. Қойылым – постановка. Қаламгер – мастер пера. Құлтемір – робот. Қайыр – брат милосердия. Медбрат. Хайрия – сестра милосердия. Медсестра. Нәһан шарап – коньяк. Намыскер – болелыцик.

Меніңше, табылған балама. Жыртып отырғаның кімнің намысы? Немесе – кімнің намысын жыртып отырсың демей ме қазақ?! «Жанкүйер» деген асыл сөзді қайдағы жоқ – болельщикке қор етуіміз – ана тілімізді қастерлемеушілік.

Отырғы – стул. Орынтах – кресло. Ойналым – спектакль. Оқырман – читатель. Өнержай – дом творчества.

Өнержай! Осындай тамаша балама тұрғанда – Әл-Фараби атындағы творчество үйі, – деп жарнама қағуымыз қандай жарасымсыз.

Өркениет – цивилизация. Бұл енді айтары жоқ сөз. Суреткер – художник пера. Сахнапаз – мастер сцены. Сайран – гастроль. Сарап – смотр. Саулықжай – здравница. Сақтықжай – профилакторий. Сәуленке – отражение. Тілүн – речь. Тілбілім – языкознание. Тілтаным – языковедение. Тариғат – историография. Тұғыртах – табурет. Тұғырық – скамья. Тағамат – меню. Шарай – орбита. Шиша – бутылка. Шөлмек – склянка. Шұжықан – сарделька. Шүжікен – сосиска. Шыжғырық – шашлық. Шипажай – санаторий. Үнүлгі – стиль.

Жеке бір сөз айшықтары: жаныңыз жадырасын – с легким паром. Таң талайлы – доброе утро. Күн шырайлы – добрый день. Кеш арайлы – добрый вечер.

Бұл жерде «кеш жарық» деген әдемі сөзіміздің барын ескергеніміз жөн.

Түн тынымды – спокойной ночи.

Құлтөлеу Мұқаш

Abai.kz

0 пікір