Ұлытау облысының әкімі Президентке есеп берді

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті қабылдады.
Дастан Рыспековтің баяндамасынан:
- өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 пайызға және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 30 пайызға өскен;
- былтыр өңірге 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның 89 пайызы – жеке инвестиция;
- жалпы сомасы 940 миллиард теңге болатын инвестициялық пул жасақталған;
- биыл құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ:
Президентке қатерлі өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында бұған дейін берген тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Тиісті шараларды әкімдік Үкіметпен бірлесіп жүргізуде.
Дастан Рыспеков «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде таяуда болған апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Облыс әкіміне көлік-логистика әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы медициналық қызмет көрсету, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берілді.
Abai.kz