Тыйымға бой алдырған дін қызметкерінің тағдыры темір торға тірелді
Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотында психотроптық заттың аналогын өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз иемденіп, сақтады деп айыпталған В.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі).
Тергеу барысында В. тұратын тұрғын үйде санкцияланған тінту жүргізу кезінде психотроптық зат – меткатинонның аналогы (3-CMC) табылғаны анықталды.
Табылған заттың жалпы салмағы – 2,44 грамм, бұл аса ірі мөлшерге сәйкес келеді.
2026 жылғы 13 ақпандағы №6465 медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, В.-ның каннабиноидтарды қолданғаны анықталған.
Сондай-ақ сот В.-ның бұған дейін каннабиноидтарды медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ түріндегі әкімшілік жаза тағайындалғанын анықтады.
Сотталушының кінәсі тінту хаттамасымен, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен расталады.
Аталған баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Сот үкімімен:
Сот үкімімен В. ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жаза үштен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Abai.kz