Алматыдағы БҰҰ-ның ОА бойынша орталығы - Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістігі!

Кеше БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарары консенсус негізінде қабылдады.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі және Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлап айтты.

Сурет: inform.kz сайтынан алынды.
«Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктесімізге ризашылық білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады», - деп жазды Руслан Желдібай.
Біз осы шешім туралы саясаттанушыларға хабарласып, олардың көзқарасын білдік.

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
– Әрине, Қазақстанда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығының ашылуы – елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтып, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық дамуға ықпал ететін маңызды бастама деп оайламын. Және негізгі үш бағытта алдағы уақыттары позитивті ықпалын көреміз.
Біріншіден, бұл қадам меніңше, ұзақмерзімді алғанда Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақты дамуға серпін береді. Аймақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды үйлестіруге серпін береді деп ойлаймын.
Екіншіден, БҰҰ тарапынан Алматыда бұл БҰҰ құрылымының орналасуы, Қазақстаныд «Орта держава» статусындағы ел ретінде дипломатиялық әлеуетін қалыптастырғандығын көрсетеді.
Үшіншіден, болашақта Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арртыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Мысалы, ізін ала өзге де халықаралық ұйымдар орталықтары мен мүдделі ұйымдар құрылымы ашылып, тек Орталық Азияда ғана емес, тұтас Шығыста жаһандық дипломатияның орталығына айналуға төте жол деп ойлаймын.

Сурет: inform.kz сайтынан алынды.
Жанат Момынқұлов, шығыстанушы, философия ғылым кандидаты, ЕҰУ саясаттану кафедрасы аға оқытушысы:
– БҰҰ-ның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Өңірлік орталығын құру қарары қазақ дипломатиясының соңғы кездегі елеулі, ірі жетістіктерінің бірі болмақ. Өйткені күрделі халықаралық жағдайда аймақтық маңызы күрт артқан Орталық Азияның бірлескен аймақтық саясаты БҰҰ-ның бағдарламаларымен етене байланысты болмақ.
Қазақстанның халықаралық институттармен байланысын бекемдеп әлемнен оқшауланудан сақтап, одан әрі жаһандық кеңістікке интеграциялануына негіз болады. Алматы Орталық Азиядағы маңызды дипломатиялық орталық болады. Бұл аймақтың бірлігі мен ынтымақтастығын да нығайтып, өзара келісілген үйлесімді саясат жүргізуге серпін беруі мүмкін. Ауғанстанды Орталық Азияға қауіп емес, керісінше көршілес, мүдделі ел ретінде ортақ экономикалық жобаларға тартуға болатынын көрсетеді. Орталық БҰҰ ролін жандандырып, аймақтың халықаралық институттармен бірге орнықты дамуына қызмет етпек.
Abai.kz