БҰҰ қарары: Алматы - екінші Женева бола ма?..

БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру туралы қарарды қабылдады. Бұл хабарды Президенттің кеңесшісі һәм баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың аккаунтынан оқыдым да, бөлісе салғанмын. Енді бүгін астарына үңіліп отырмын.
Меніңше бастаманы БҰҰ-ға мүше 152 ел қолдағаны маңызды көрсеткіш болды-ау деймін. Дәлірек айтқанда осы елдердің барлығы құжатқа қосалқы автор болыпты. Сондықтан құжат дауысқа салынған жоқ. Ал баяғыда Қазақстан БҰҰ Қауісіздік кеңесіне екі жыл тұрақты емес мүше болуға ниет танытқанда 138 мемлекет жақтап дауыс берген. Демек осы жолғы бастаманы қолдау рекорд орнатқан сияқты. Әрі сыртқы саясатымыздағы тәуір жетістік шығар бәлкім. Өйткені қабылданған шешімнің бірнеше қыры бар.
Біріншіден, Алматы өңірдегі халықаралық саясаттың маңызды алаңына айналады. Енді Орталық Азия мен Ауғанстанға қатысты БҰҰ бағдарламалары дәл осы қалада талқыланады. Бұл Қазақстанға экономикадан бастап қауіпсіздікке дейінгі негізгі процестерге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, Қазақстан жаһандық институттар мен Орталық Азия арасындағы көпір ретіндегі орнын нығайтады. Нәтижесінде, Алматы өңірлік деңгейде Женева сияқты халықаралық шешімдер қабылданатын орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болады. Әрі тұтастай алғанда Орталық Азия периферия емес, жаһандық саясатта өз орны бар аймаққа айналуы мүмкін. «Орны бар» дегенде бұрынғыдай бізге қатысты шешімдер сырттай қабылданатын мекен емес, мәселе осы өңірде талқыға түсетін өңір болатын шығар деп үміттенемін. Қазақстанның сыртқы саясатында қандай да бір жаһандық оқиғаларға қатысты ұстанымды Орталық Азия елдерімен үйлестіріп, бір ауызды болуға ұмтылыс басым. Алматыда БҰҰ өңірлік орталығының құрылуы тұтас Орталық Азияның сыртқы саясаттағы ортақ ұстанымын нығайтуға оң ықпалын тигізетін шығар деп ойлаймын. Айталық, Ауғанстанға қатысты шешім қабылданар болса аймақ елдерінің сөзі өтуі мүмкін. Шаңырақ деген бар ғой, келгенде соған да қарайтын шығар.
Әрине, Алматының беделді өңірлік орталықтардың біріне айналуы үшін қалада белсенді жұмыс керек, халықаралық сарапшылар осында орнығып, маңызды келіссөздер жүріп, Қазақстанның өңірлік мәселелерді шешуге белсене қатысуы қажет. Имидж да, нақты жұмыс та қауырт болмағы керек.
Әрине БҰҰ әлсіреді, ықпалы азайды деп байбалам саламыз-ау. Дегенмен бұл ұйымның әлі де біраз мәселені шешуді үйлестіруге қауқары бар. Күні ертең ұйымда кешенді реформа жүріп, Қауіпсіздік кеңесі кеңейсе, аймақтық өкілдіктерінің құзіреті күшейсе, Алматының да бәсі өсетін шығар.
Амангелді Құрметұлы, саяси сарапшы
Abai.kz