Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Билік 398 0 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 14:24

Тасқынға тас түйін дайынбыз ба?

Суреттер: primeminister.kz және qaz.ulysmedia.kz сайттарынан алынды.

2024 жылы көктемде елдің тең жартысын қызыл су басып, ауыр зардаптар әкелген еді. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға тасқынға дайындықты күшейтуді тапсырды.

«Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Еліміздің бірқатар өңірлерінде қар күрт ери бастады. Солтүстікте әлі боран соғып тұр. Сондықтан көктемгі су тасқынына дайын болуымыз керек. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер», - деді ол.

Үкімет басшысы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды екеніне де тоқталды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырсын», - деді Олжас Бектенов.

Алдағы ауа райының болжамы туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев толық мәлімет берді. Оның сөзінше, ел аумағының 71 пайызын қар жамылған.

«Бұл өткен аптаға салыстырғанда 15 процентке аз. Еліміздің оңтүстігіндегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, батысындағы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуімен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасып жатыр. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтілуде. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді. Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде. Сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады»,  деді министр. 

Ведомство басшысы бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал ететінін айтты.

Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар – Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Қауіптілігі орташа аймақтар – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары.

Тасқын қаупі төмен өңірлер – Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.

«Биыл «Қазгидромет» алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғарғы мәндері, ағын көлемі, сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елдімекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері күтіледі. Өткен аптадан бастап гидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады»,  деді Ерлан Нысанбаев.

Осыған дейін су тасқынының салдарын жою үшін 10 000-ға жуық әскери қызметші жұмылдырылуы мүмкін екені айтылды.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрі су тасқынына дайындықты жедел аяқтауды қолға алды.

Бүгінгі алдағы болуы ықтимал су тасқынына байланысты Үкіме отырысынан түйгеніміз қатысты органдар былтырғы елді дүрліктірген қарғын су апатынан сабақ алып, жіберген кемшіліктерді қортындылап, айтып келмейтін апатқа тас түйін дайын отырғаны байқалады. Деседе арқаны кеңге салмай. осы бастан қажетті шараларды қолға алу керек. Бұл мәселеде бюрократияға жол бермеу керек, тәз қимыл жасау керек.

Abai.kz

0 пікір